Қойылым екі эскимос Айнан мен Емронның тағдыры арқылы өрбиді. Янракыннат мекеніне қарай жолға шыққан жолаушылар сапар барысында бағытынан адасып, дүлей боранның құрсауында қалады. Адам мен табиғат бетпе-бет келген осы бір сәтте тіршілік үшін күрестің шынайы салмағы сезіледі. Олардың шанасын сүйреген иттердің жетекшісі Ақ ит суық пен ауыр жолға шыдамай мерт болады. Осы оқиға қос кейіпкердің өмірге, өлімге, мейірімге және адамдық қасиетке деген көзқарасын айқындайтын басты түйінге айналады.
Емрон үшін ең маңыздысы – тірі қалу. Ол қалған иттерді аман алып қалу үшін өлген Ақ итті азық ету керек деп есептейді. Ал Айнан мұны адамгершілікке сыймайтын қатыгездік деп қабылдайды. Оның ұғымында Ақ ит – жай ғана жануар емес, жол серік, сенім артқан тіршілік иесі, құрметке лайық рухани бейне. Сондықтан ол Ақ итті құрметпен жерлемейінше немесе ағаш басына байламайынша, бұл мекеннен кетуден бас тартады. Осы тұста сахнадағы тартыс жай ғана екі адамның дауына емес, адамзатқа ортақ мәңгілік сауалға ұласады: тірі қалу үшін адам өз арынан аттай ала ма? Аштық, суық, қауіп пен үрей қысқан шақта адам бойындағы мейірім, жанашырлық, ұят, жауапкершілік секілді құндылықтар қай деңгейде сақталады? Қойылымның негізгі салмағы да осы сұрақтар төңірегінде шоғырланған.

Рахымжан Отарбаев шығармаларына тән терең психологиялық иірім, астарлы ой, адам табиғатын жалаң үгітсіз-ақ танытатын көркемдік қуат «Ақ мұнарда» сахналық шешім арқылы жаңаша тыныс алады. Мұнда сыртқы боран мен ішкі боран қатар жүреді. Бірі табиғаттың ызғары болса, екіншісі – адамның өз ішіндегі ар мен амалдың, мейірім мен мұқтаждықтың, рух пен тәннің тартысы.
Спектакль көрерменді дайын жауапқа жетелемейді. Керісінше, әркімнің өз ішіне үңілуіне мүмкіндік береді. Адамды жануардан ерекшелейтін сана мен ақыл десек, сол сана қиын сәтте қандай таңдау жасайды? Адам баласы тіршіліктің қатал сынағында өзінің адамдық болмысын жоғалтпай қала ала ма? «Ақ мұнар» осы сауалдарды сахна тілімен сөйлетіп, көрермен жүрегіне салмақты ой қалдырады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
