Елімізде қалалық және ауылдық аймақтардағы медициналық қызметтің алшақтығы – көптен бері қозғалып келген өзек­ті мәселенің бірі. Осы түйткілді шешу мақ­сатында Мемлекет бас­шысының тапсырмасы ая­сында 2022 жылы «Ауыл­дық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» пи­лоттық ұлттық жобасы бекітілді.
Ауыл медицинасы: ұлттық жоба үмітті ақтады
150
оқылды

Бастапқыда жоба 2023-2025 жылдарға жоспарланған, кейін іске асыру мерзімі 2026 жылға дейін ұзартылды. Сонымен, бұл жобаның ауыл жұртына қандай пайдасы тиіп үлгерді? Бұ­дан өзге қандай жобалар атқарылып жатыр?

Ұлттық жоба инфра­құрылым­ды кешенді дамыту мен жаңар­туды, сондай-ақ ауылдағы кадр­лық әлеуетті нығайтуды қамтитын бірнеше негізгі міндетті шешуге бағытталған екен. Кейінгі үш жылда еліміз бойынша 813 ден­саулық сақтау нысаны салынды, ал 655 медициналық-сани­тариялық алғашқы көмек ұйымы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске қосылған. Оның ішінде 260 медициналық пунк­т­тің, 235 фельдшерлік-акушерлік пункттің және 160 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталды. Жаңа меди­циналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын іске қосу арқылы 1 миллионға жуық ауыл тұрғыны сапалы медициналық қызметке қол жеткізді. Жыл соңына дейін тағы 50 меди­циналық орталық қолданысқа берілуге тиіс көрінеді.

Айта кетерлігі, нысандардың 427-сі тозған және апатты ғи­мараттардың орнына тұрғызыл­ған. Ал 208 нысан бұрын тұрғын­дардың үйіне барып медициналық қызмет көрсетілген елді мекен­дерде бой көтерген, тағы 20 ны­сан бұрын медицина қызмет­керлері мен инфрақұрылымы мүлдем болмаған ауылдарда салынған екен. Сонымен қатар бүгінде 32 аудандық медициналық орталық күрделі жөндеу және жоғары технологиялық меди­циналық құралдармен жабдық­талып, заманауи көпбейінді орта­лық аудандық ауруханаға ай­налды. Ауруханаларға КТ, МРТ аппараттары, ангиографтар, реанимациялық және хирур­гиялық техникалар да орнатылды. 

Атқарылған шаралар 4 мил­лион­нан аса ауыл тұрғынына жо­ғары технологиялық меди­циналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік бере алады. Жалпы, жобаны іске асырудың басты мақсаты – ауылдық ай­мақтардағы жүрек-қан тамыр­лары ауруларының алдын алу, жүрек-қан тамырлары ауру­ларынан болатын өлімнің 20 пайызға дейін төмендету. Өкі­нішке қарай, шалғай елді мекен­дерде инсулть пен инфаркт кезінде шұғыл көмек көрсету мүмкін бола бермейді. Әсіресе адам өмірін сақтап қалу мен ауыр мүгедектіктің алдын алу үшін алғашқы 60 минут – ең жауапты кезең. Бұл уақытта ми мен жүрек жасушалары тез өле бастайды, сол себепті шұғыл көмек көрсетудің алғашқы 60 минутын «алтын сағат» деп те атайды. Бұл орайда ауыл-аймақтардағы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын жетілдіру, медициналық құрал­дармен жабдықтау ерекше маңыз­ға ие болып отыр.

Жоба медициналық ұйымдар мен инфрақұрылымды жаңғыр­тумен қатар медицина маман­дарын даярлауға да үлес қосты. Мәселен, ауылда денсаулық сақтау саласын кадрлармен қам­тамасыз ету аясында жаңа және жаңғыртылған нысандарда жұ­мыс істеу үшін 1 100 медицина ма­маны даярланып шыққан.

Жас дәрігерлер ауылға ағыла бастады

Кейінгі жылдары «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге жұмысқа тұр­ған жас мамандардың қатары да артып келеді. Мәселен, былтыр медициналық жоғары оқу орын­дарының 10,5 мың түлегінің 34 пайызы ауылдық медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасқан екен. Бұл көрсеткіш 2024 жылға қарағанда, екі есеге өскен. Жас дәрігерлердің ауылға ағылуына басты себептің бірі – мемлекет тарапынан ынталандыру мен қолдаудың артуы. Бағдарлама тұрғын үй, қаржылық, білім беру және әлеуметтік бағыт бойынша жастарды қолдап келеді және шалғай өңірлерде аса тапшы бағыттар бойынша мамандарды ынталандыруға бағытталып отыр. Соның нәтижесінде дәрігерлерге 20 пайызға, орта медициналық қызметкерлерге 7 пайызға, ауылдық жерлердегі дәрігерлерге 16 пайызға тапшылық азайған көрінеді. Ауылдық аймақта жұ­мыс істеуге жіберілген маман­дарға көтерме жәрдемақы, ең төменгі пайыздық мөлшер­лемемен тұрғын үй несиесі, жалақыға қосымша төлемдер, өзге де қолдау шаралары ұсы­нылады. 

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан жастарға тұрғын үйге қол жеткізуге және жалақыға 25 пайыздық үстемеақы алуға мүмкіндік қарастырылған. Мысалы, жас маманға бірреттік 100 АЕК(432 500 теңге) көлемінде көтерме жәрдемақы беріледі, бұл – үй жабықтауға арналған қолдау. Ал тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін Отбасы банк арқылы жеңілдетілген несие алуға болады. Аудан орталық­тарын­да – 2500 АЕК-ке дейін, ал ауылдық жерлерде 2000 АЕК көлемінде 15 жыл мерзімге 0,01 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға болады. Ол үшін жас дәрігер бағдарлама шартына сәйкес ауылдық аймақта 3 жыл жұмыс істеуі керек. Жас мамандар әлеу­меттік қолдаудың игілігін көру­мен шектелмей, одан әрі де ауыл­да жұмыс істеуге ынталы көрінеді. Мұны біз Threads әлеуметтік желісіндегі жастардың жазбасы мен қызу талқыларынан аңғар­дық. Мысалы, Жансая есім­ді желі қолданушысы жақында ғана Қостанай облысы Қарабалық ауданына отбасымен қоныс ау­дар­ғанын айтады. 

– Жолдасым екеуіміз де фельдшер болып жұмыс істейміз. Отау құрғанымызға 5 жылдай болды, 2 баламыз бар. Қалада жалдамалы пәтерде тұрдық, арпалысып 2-3 жұмыс та істеп көрдік, бірақ шығындарымыз азаймады. Ойлана келе қаладан 3 сағаттық жердегі ауылдан жұмыс таптық. Осылайша, құрылысы аяқталған жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктке жұмысқа орналастық, тіпті жұмысымызға жаңа көлік те берді. Бұл ісімізге үлкен құлшыныс сыйлады. Біл­мегенімізді аудандық ауруханаға барып жүріп үйрендік. Бас дәрігер білмегенімізді үйретуден жалық­пайды. Балабақша тегін, үй де алдық, көтерме жәрдемақымызды алдық. Ауылда да мүмкіндік көп, – дейді ол. 

Скрининг жобасы іске қосылды

Кейінгі жылдары  шалғайдағы барлық ауыл халқын скринингпен қамту, ауылдағы медициналық ұйымдар базасында дәріхана пунк­ттерін ашу, ауылдағы медициналық көмекті дамытуға бағытталған басқа да мәселелерді шешу қолға алынды. Оның ішіне қуана айтарлығы – ауыл халқын уақытылы скринингтен өткізу. Қазір 18 жастан бастап жаңа нысаналы топтарды анықтау ар­қылы ауыл халқын скринингпен қамту қайта қаралған. Бұрын ауыл жастарынан бөлек, 30 бен 70 арасындағы адамдар скринингтік тексеруден тыс қалатын еді. Ен­дігі кезекте медициналық тексеру төрт түрлі топ бойынша жоспар­ланады. «Жастар» тобына – 18-ден 29 жасқа дейінгі, «Еңбек-1» тобына – 30-дан 44 жасқа дейінгі, «Еңбек-2» тобына – 45-тен 65 жасқа дейінгі және «Зейнеткер» тобына 66 жастан асқан адамдар енеді. 

Сонымен қатар телемедицина жүйесі пациенттердің ірі орта­лықтарға бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік беріп жатыр. Қазір еліміздегі телемедициналық желі 2 491 медициналық пунктті, 784 фельдшерлік-акушерлік пунктті, 1 165 дәрігерлік амбу­латорияны және 844 мобильді бригаданы қамтып отыр. Былтыр 3,87 млн телемедициналық қыз­мет көрсетілді, бұл алдыңғы жыл­мен салыстырғанда, 19%-ға жоғары. Бүгінде пациенттерге қашықтан медициналық қыз­меттің 118 түрі қолжетімді.

Ауылдық жерлердегі тұрғын­дарға сапалы қызмет біртіндеп қолжетімді болып келеді. Жоба­лардың оң ықпалы да бар, деген­мен алда да инфрақұрылыммен қатар жалпы медициналық қыз­меттің сапасы, мамандарды тұрақтандыру мәселесі маңызды болып қала бермек. 

Айсұлу СЪЕЗХАН