Оқиғадан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тексеру жүргізіп, көпбейінді облыстық балалар ауруханасында бірқатар заңбұзушылықты анықтады.
13 жастағы баланың өлімі: Ақтауда хирург күдікті ретінде ұсталды
317
оқылды

Ақтауда облыстық балалар ауруханасының хирургі кәсіби міндеттерін тиісінше орындамады деген күдікпен ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

2026 жылдың сәуірінде Ақтау тұрғыны дәрігерлердің әрекетіне шағымданған. Оның 13 жастағы ұлының жағдайы ауырлап, санитариялық авиациямен Алматыға жеткізілген. Кейін бала қайтыс болды.

Оқиғадан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тексеру жүргізіп, көпбейінді облыстық балалар ауруханасында бірқатар заңбұзушылықты анықтады.

Полиция мәліметінше, қылмыстық іс аясында медицина қызметкерлерінен жауап алынып, комиссиялық сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.

– Комиссиялық сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету кезінде асқынудың дамуына ықпал етуі мүмкін кемшіліктер анықталды, – деп хабарлады полиция.

Тергеу барысында ауруханада балаға медициналық көмек көрсету кезінде ұйымдастырушылық-тактикалық және емдеу-диагностикалық сипаттағы кемшіліктерге жол берілгені де анықталған.

Осыған байланысты 1 қазанда облыстық балалар ауруханасының хирургі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.