Семинарға еліміздің 20 өңірінен онлайн және офлайн форматта 1 506 маман қатысып жатыр.
Қазақстанда кітапханаларға жасанды интеллект енгізіліп жатыр
244
оқылды

2026 жылғы 1-2 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: цифрлық трансформация және жаңа мүмкіндіктер» екі күндік семинар-тренинг өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын, сондай-ақ цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы бастамаларды іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Семинарға еліміздің 20 өңірінен онлайн және офлайн форматта 1 506 маман қатысып жатыр. Оның ішінде 1 261 қатысушы онлайн, 245 маман офлайн форматта іс-шара жұмысына қосылды.

Семинар барысында кітапхана залындағы цифрлық трансформация, жасанды интеллект технологияларын қолдану, халықаралық тәжірибе және заманауи кітапханалық қызметтерді дамыту мәселелері қарастырылды.

Іс-шараның негізгі бағыттары қатарында ИФЛА-ның кітапхана ісін дамытудағы рөлі, халықаралық ынтымақтастық, кітапханалық технологиялар мен электронды кітапханалар, жаңа стандарттар, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, электронды дерекқорларды пайдалану, кітапхана қорын цифрландыру және авторлық құқықты сақтау мәселелері қамтылды.

Семинар аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының цифрлық жобалары мен технологиялық шешімдері таныстырылды. Атап айтқанда, кітапхана статистикасы мен аналитикалық деректерін ұсынатын LABA платформасы, кітапхана деректерін контентке айналдыратын DILIGEN платформасы, LibRAG жүйесі және Ұлттық кітапхананың www.nlrk.kz веб-сайтындағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейтін NurAI чат-ботының мүмкіндіктері көрсетілді.

Сонымен қатар қолжазбалардың цифрлық платформаларын құрудың халықаралық үлгілері, электронды кітапхана жүйелерінің ақылды қызметтерге дайындығы, кітапхана қорын цифрландыру мен сақтау, сондай-ақ құнды мұраны превентивті консервациялау бағыттары бойынша тәжірибе алмасу жүргізілді.

Екі күндік семинар-тренинг кітапхана мамандары, ІТ индустрия сарапшылары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, академиялық және кәсіби қауымдастық өкілдерінің басын қосып, тәжірибе алмасуға және кітапхана саласының цифрлық даму перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.

Іс-шара қорытындысында кітапхана қызметіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, халықаралық тәжірибені пайдалану және заманауи кітапханалық қызметтерді дамыту бағыттары бойынша пікір алмасу өтті.