Жол жөндеу аясында 4 көпір және 23 су өткізу құбыры салынып, жолға толықтай тиісті жабын төселді.
Рахман қайнарына апаратын жол жаңарды
106
оқылды

Шығыс Қазақстан облысында Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары тас жолының 437-450 шақырым аралығындағы 13 шақырымдық учаскесін жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңартылған жолдың ашылуы еліміздегі туристік әлеуеті жоғары аумақтардың біріне көлікпен жетуді айтарлықтай жеңілдетеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ұзындығы 13 шақырым болатын жол учаскесіндегі жөндеу жұмыстарын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүргізді. Бұған дейін таулы әрі күрделі жер бедері көлік қозғалысын едәуір қиындатып, жолдың жекелеген бөліктерінен өтуге 2,5-3 сағатқа дейін уақыт кететін. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жол жүру анағұрлым жайлы әрі қауіпсіз бола түсті. Бұл, әсіресе, өңірдегі табиғи және сауықтыру туризмін дамыту үшін маңызды.

Жол жөндеу аясында 4 көпір және 23 су өткізу құбыры салынып, жолға толықтай тиісті жабын төселді. Құрылыс жұмыстары биік таулы және күрделі жер бедері жағдайында жүргізілді. Жол учаскесі ұлттық парк аумағында орналасқандықтан, табиғи ортаға барынша ұқыпты қарауға басымдық беріліп, жарылыс жұмыстары қолданылған жоқ. Оның орнына тау жыныстары арнайы техникамен ұсақталып, алынған материал жолдың негізін төсеуге пайдаланылды.

Туристердің қолайлылығы үшін жол бойында аялдайтын арнайы орындар мен тау ландшафттарын тамашалауға арналған бақылау алаңдары да қарастырылған. Бұл жерлерден Мұзтау (Белуха) шыңына шолу алаңдары ашылады.

Рахман қайнары – Шығыс Қазақстандағы табиғи және сауықтыру бағытындағы танымал туристік орындардың бірі. Көлік қатынасының жақсаруы туристер ағынын арттырумен қатар, ілеспе инфрақұрылымды дамытуға, туристік қызмет түрлерін көбейтуге және жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Рахман қайнарында әлемдік деңгейдегі жаңа санаторий салу жоспары да өңірдің туристік әлеуетін арттыра түспек. Ал заманауи жол инфрақұрылымының қалыптасуы осындай ауқымды жобаларды жүзеге асырудың маңызды алғышарты саналады. Бұл өз кезегінде Рахман қайнары мен Катонқарағай өңірін толыққанды туристік бағыт ретінде дамытуға жол ашады.

Айта кетейік, 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысына шамамен 446 мың турист келген. Бұл ретте Катонқарағай ауданының табиғи аумақтары туристік ағынды одан әрі арттыру үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Мәселен, 2025 жылы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне шамамен 26 мың адам барған.