Жетісу өңіріндегі ірі өндіріс орынының бірі – «Қайнар АКБ» зауытында «Әділет» партиясының бастауыш партия ұйымы ашылды. Сонымен қатар кәсіпорынның бірқатар қызметкері партия қатарына қабылданды.
Жетісулық ұжым партияға қосылды
112
оқылды

Әділет» партиясы үшін ірі өндіріс орындарымен және еңбек ұжымдарымен тікелей жұмыс жүргізу – маңызды бағыттың бірі. Партияның мақсаты – еңбек адамда­рының ұсыныстары мен мәселелерін назарға алып, оларды шешуге ықпал ету. 

– Өндіріс орындарының тұрақты жұ­мыс істеуі өңір экономикасына ғана емес, мың­даған отбасының әл-ауқатына әсер етеді. Сондықтан партия еңбек ұжымда­рымен ашық диалог орнатып, олардың ұсыныстарын тыңдауға және көтерілген мәселелерді тиісті деңгейде шешуге ықпал етуге дайын, – деді партияның Талдықорған қалалық филиа­лының төрағасы Нұрбек Құдайберген.

Кәсіпорын бас директоры Ербол Әж­ма­ғанбетов бастауыш партия ұйы­мының ашылуы ұжымның қоғамдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік бе­ре­тінін жеткізді.

– Біздің кәсіпорын үшін өндірістің тұрақты дамуы ғана емес, ұжым мүшелерінің қоғамдық бастамаларға араласуы да маңызды. Бастауыш партия ұйымының құрылуы қызметкерлердің ұсыныстары мен бастамаларын ортақ алаңда талқылауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Айта кетейік, «Қайнар АКБ» – жарты­ғасырлық тарихы бар, Жетісу өңіріндегі ірі өнеркәсіп кәсіпорынының бірі. Бүгінде зауытта 1 200-ден астам адам еңбек етеді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 3,6 млн дана аккумулятор шығаруға жеткілікті. Зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар шетелге де экспортталады.

Бекбол АМАНГЕЛДІ