Астанадағы Президенттік орталықта Ұстаздар күніне орай «Ұстаздықтың ұлы жолы» атты ауқымды мерекелік концерт өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Салтанатты іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтер, саланың еңбек ардагерлері, тәлімгерлер мен жас мамандар қатысты, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік кешке 1500-ге жуық мұғалім қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік наградаларға ие болған еліміздің үздік педагогтері де болды.
Салтанатты бөлім ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың құттықтауымен басталды. Ол педагогтер қауымын кәсіби мерекемен құттықтады. Іс-шара аясында білім беру саласының қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстау рәсімі де өтті. Елордалық педагогтерге де ерекше көңіл бөлінді.

Астана әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтап, марапаттарын табыстады. «Астана қаласының құрметті педагогы» медалі иегерлерінің бірі №73 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Алима Бөлебаева болды.
«Еңбек жолымдағы бұл – үшінші марапатым. Осындай құрметке ие болғаныма өте қуаныштымын. Жалпы еңбек өтілім 34 жыл. Осы жолды таңдағаныма бір де бір рет өкінген емеспін», – деп педагог өз қуанышын жеткізді.
Ресми бөлімнен кейін қонақтарды ауқымды концерттік бағдарлама күтіп тұрды. Сахнада танымал қазақстандық әншілер Светлана Айтбаева мен оның шәкірттері, Дастан Оразбеков, AMRE, Сәкен Майғазиев, Бауыржан Исаев, Astana Musical театрының әртістері, сондай-ақ елорданың қосымша білім беру ұйымдарының шығармашылық ұжымдары, жас вокалистер, музыканттар мен бишілер өнер көрсетті.
Педагогтерге ерекше сыйлық ретінде Светлана Айтбаеваның орындауындағы «Ұстаздарға» әнінің премьерасы ұсынылды. Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі Сәкен Майғазиев пен №66 мектеп-лицейінің балалар хорының «Ұстазым» музыкалық композициясын бірге орындауы болды.
Концерттің көркемдік тұжырымдамасына ұстаздың ұлы жолы туралы идея арқау болды. Сахнада музыка, хореография және театрландырылған қойылымдар арқылы ұстаз еңбегінің шынайы ауқымы мамандыққа арнаған жылдар санымен ғана емес, ең алдымен шәкірттерінің тағдыры, жетістіктері және ел болашағына қосқан үлесімен өлшенетіні көрініс тапты.
Бағдарламада ұрпақтар сабақтастығы тақырыбына да ерекше орын берілді. Ұстаз тек білім беруші ғана емес, оқушының өмірден өз жолын табуына көмектесетін, оның құндылықтарын қалыптастырып, өз елінің лайықты азаматы болуына бағыт беретін тәлімгер ретінде көрсетілді. Сахнадан айтылған ойлар «Адал азамат» жалпыұлттық идеясымен үндесті. Адалдық, жауапкершілік, жасампаздық және адамды құрметтеу сияқты құндылықтар, ең алдымен, педагогтың күнделікті еңбегі арқылы қалыптасады.
«Ұстаздықтың ұлы жолы» мерекелік концерті өмірін білім беруге және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арнаған жандарға деген құрметтің белгісі болды. Бұл кеште кәсібилігі, өз ісіне адалдығы және адамға деген жылулығы Қазақстанның болашағын қалыптастыруға ықпал етіп жүрген ұстаздарға құрмет көрсетілді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
