Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен салтанатты ашылу рәсімі «Оқитын ұлт – зерделі қадам» тақырыбына арналды.
Іс-шара барысында кітап оқуды өмір салтына айналдырған үздік оқырмандар марапатталды. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, педагогтер, кәсіпкерлер, зейнеткерлер, ерекше қажеттіліктері бар оқырмандар және кітап оқуды отбасылық дәстүрге айналдырған жанұялар бар.
– Биыл марафонның мазмұны кеңейіп, «Оқитын зияткер» атты жаңа бағытпен толықты. Жобаға әртүрлі мамандық иелері, қоғам белсенділері, жастар және кітап оқуға қызығушылық танытқан барлық тұрғындар қатыса алады. Марафон 6 ай бойы жалғасып, қатысушылар 7 бағыт бойынша 15 кітап оқып, шығармаларды талқылап, пікір алмасып, түрлі әдеби-танымдық іс-шараларға қатысады, – деп атап өтті Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы.
Сонымен қатар «Әділет» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков жобаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кету керек, 2025 жылдың қыркүйек айында «Кітап оқитын ұлт» жобасы пилоттық түрде Қостанай, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында бастау алған болатын. Бұл жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың III отырысында айтылған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылды және Қазақстанды әлемдегі ең көп оқитын он елдің қатарына шығаруды мақсат етті.
Осы жоба аясында халықтың әртүрлі топтарын кітап оқу мәдениетіне тартуға бағытталған байқау бастау алды. Байқау «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» деген алты бағыт бойынша өткізілді.
Әрбір бағыт үшін сарапшылар мен тиісті сала өкілдерінің ұсыныстары бойынша әр бағытқа сәйкес 15 кітаптан тұратын тізім әзірленді. Жалпы тізімге «100 кітап» Жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде таңдалған шығармалар енді. Әр санаттағы кітаптар тізімі қатысушылардың жас ерекшелігіне сәйкес бейімделіп әзірленді.
Былтыр пилоттық форматта Қарағанды облысында бастау алып, кейін оған Қостанай облысы мен Шымкент қаласы қосылған болатын. Соның ішінде ең жоғары қамтуды дәл Қарағанды облысы көрсетті, мұнда 67 824 адам қатысты.
Жеңімпаздарды марапаттау 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай өткен еді.

Жоба барысында қатысушылар жас ерекшелігі мен мақсаттарына сай сарапшылар іріктеген 15 кітаптан оқыды. Тізімде отандық және шетелдік авторлардың шығармалары, оның ішінде Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов және Бауыржан Момышұлының еңбектері бар.
Қатысушылар электронды оқырман күнделіктерін жүргізіп, кейін тестілеуден өтіп, облыстық зияткерлік квизге қатысты.
– Бұл жоба кітапқа деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін көрсетті. Демек, саналы түрде даму жолын таңдайтын қоғам қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде өңіріміздің болашағы кемел әрі тұрақты болатынын білдіреді. Бүгінгі күн көптеген игі бастамалар мен дәстүрлердің негізін қалады, олар өзгелерге үлгі бола алады. Осындай бастамалардан интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған стратегиялық міндеттердің жүзеге асуы басталады деп сенемін, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Байқауда Қарағандыдан Балғабек пен Жұмағұловтар отбасылары жеңімпаз деп танылып, олар Астанада марапатталды.
Балқаш қаласынан Құрал отбасы облыс бойынша үшінші орын иеленді. Отбасының ұйытқысы Назым Құралдың айтуынша, жоба балалардың кітапқа деген көзқарасын өзгерткен.
– Байқауға қатысушылар көп болды, біз тіпті жүлдегер атанамыз деп ойлаған жоқпыз. Балалар жай ғана оқығысы келді, біз оларды қолдадық. Әр оқылған кітаптың өзіндік мәні бар, әрқайсысы ерекше әсер қалдырады, – дейді Назым Құрал.
Ең жасы үлкен қатысушылардың бірі – 80 жастағы Бағзат Оралбай. Бұрынғы ұстаз кітапсыз өмірін елестете алмайтынын айтады.
– Біздің отбасымызда бәрі оқиды. Мен бала кезден кітапты жақсы көремін және әлі күнге дейін оқимын. Маған Мұқағали Мақатаев пен Шерхан Мұртазаның шығармалары ұнайды. Жастарға айтарым, көбірек оқыңдар, кітап адамға көп нәрсе береді, – деп өскелең ұрпаққа ақ тілегін білдірді Бағзат апа.
Ең ауқымды санат «Кітап оқитын мектеп» атанып, оған 30 мыңнан астам адам қатысты.
Бұл номинацияда Приозерск қаласынан 8-сынып оқушылары Айнара Сабық, Перизат Файзуллаева және Лаура Жарылғапова жеңіске жетті.
– Кітапқа деген сүйіспеншілік бірден келген жоқ – шамамен 9-10 жаста, мектепте бес минуттық оқу енгізілген кезде басталды. Бұл жоба жаңа авторларды ашуға мүмкіндік беріп, жақсы мотивация болды, – дейді оқушылар.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы
