Қыркүйекте басталған «Кітап оқитын ұлт» марафонына 17 облыс, республикалық маңызы бар үш қала түгел қосылды. Сайтқа тіркелгендер саны 1,4 млн-ға таяды. Алдағы сәуірге дейін созылатын жобаның екпіні жойқын, ережесі айқын. Науқан аяқталған соң нәтиже қалай өлшенеді? Ұлт сапасын жақсартуға қызмет ететін бастама не береді? Астарына үңілдік.
Бүгінгі оқырман кім?
Әлеуметтік сауалнамаларға сүйенсек, халықтың 30-35 пайызы өзін тұрақты оқырман санайды, яғни аптасына кемінде бір рет кітап оқиды немесе айына бір-екеуін бітіреді. 40 пайызға жуығы жылына 1-3 кітаппен шектеледі, оның өзінде баспа өнімдерін жұмыс бабымен ғана парақтайды. Тағы 25-30 пайызы негізгі ақпаратты әлемжеліден алады. Бұл цифрларға жай статистика деп бейжай қарау қиын. Өйткені тұрақты оқырман үлесі 30-35 пайыз болса, тұрғындардың 65-70 пайызы мәтінді үстірт қабылдайды деген сөз. Мұны қоғамның зияткерлік әлеуетіне әсер ететін көрсеткіш деуіміз керек. Салыстырсақ, Скандинавия мемлекеттерінде, Германияда, Жапонияда халықтың 55-65 пайызы жүйелі түрде кітапқа жүгінеді. Осы айырмашылықтың өзі ойландыруға тиіс.
Оқу дағдысы жасқа да байланысты. 50-ден асқан аға буын дәстүрлі қағаз басылымды көбірек ұнатса, 18-29 жастағылар электронды ридер, аудиокітап, подкаст сияқты цифрлық құралдарға құмар. Сондықтан «жастар кітап оқымайды» дейтін жаттанды гөй-гөй ескіріп барады. Иә, бүгінгі буын кітапты бұрынғыдай оқымайтын шығар, бірақ оны басқа форматта тұтынады. Айтпақшы, жанр таңдауы да жаңарған. Жастар арасында көркем әдебиетпен қатар тұлғалық даму, бизнес, психология, ғылыми-көпшілік нон-фикшн бағыттарына қызығушылық басым. Қазіргі оқырман кітаптан оқиға қуаламай, өз өмірінде қолдануға татитын нақты білім іздейді.
Алайда функционалдық сауаттылық жағы көңіл көншітпейді. PISA халықаралық зерттеуі бойынша қазақ балаларының мәтінді түсіну, талдау, сыни бағалау қабілеті ЭЫДҰ-ның орташа деңгейінен едәуір төмен екен. Әрине, мәселе әріп танымауда емес, мәселе мәтінді оқығаннан кейін оның ішкі мағынасын түсінуде. Жазушы не айтқысы келді? Оқиға неге дәл өстіп өрбіген? Бір ой екінші оймен қалай сабақтасады? Автордың пайымы анық ақиқат па? Міне, осындай сұрақтарға жан-жақты жауап табылса, әлгі «терең оқу» деген терминнің мәнісі ашылады. Терең оқымайтын, терең ойланбайтын қоғам әлемдік бәсекеде ұтылысқа ұшырайды десек, қателеспейтін шығармыз.
Мамандардың пікірінше, кітап оқу дағдысының өзгеруіне бірінші себеп – жаппай цифрлану. TikTok, Reels, Telegram тәрізді платформалар ақпаратты қысқа, жылдам, үзік-үзік күйде береді. Клиптік сана дәуірінде бастан-аяқ қаралатын контент кемде-кем. Бір хабарламаны оқып отырып, басқа терезеге секіру оп-оңай. Ал бірнеше жүз беттік кітап саусақпен сырғыта салуға көнбейді. Екінші фактор – экономика. Қағаз тапшылығы, полиграфиялық қызметтердің қымбаттауы кітап бағасын шарықтатып жіберді. Сапалы әдебиетті ай сайын сатып алу қалтаға салмақ түсіреді. Үшіншісі – отандық кітап нарығының жандануы. Кейінгі кезде жекеменшік баспалардың арқасында қазақша нон-фикшн, әлемдік бестселлер көбейіп, қазақтілді аудиторияның ауқымы артты. Сондықтан бүгінгі жағдайды бір түспен бояуға болмайды.
Жоба жөнінде
Осы өзгерістер «Кітап оқитын ұлт» марафонын бастауға түрткі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы Түркістанда, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырыстарында жариялап, оны «Адал азамат» концепциясын жүзеге асырудың, озық ұлт қалыптастырудың бір шарты деп атады. Бастамаға мемлекеттік органдар, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, қоғамдық ұйымдар, баспагерлер атсалысып жатыр.
Мұндағы мақсат үш бағыттан байқалады. Біріншісі – экономика. Шикізатқа сүйенген үлгіден білімге негізделген экономикаға ауысарда адам капиталы орасан рөл ойнайды. Сауатты ойлайтын, жаңа білімді тез меңгеретін азаматтар көбейсе ғана өнімді инновацияға жол ашылады. Осы тұрғыдан қарағанда, кітап оқу дегеніміз – ақпаратты өңдеу, аналитикалық шешім қабылдау, жаңадан идея табу қасиетін жақсартатын бірден-бір амал. Екіншісі – әлеуметтік-психологиялық бағыт. Ұйымдастырушылар қоғамда зияткерлік еңбектің беделін көтеріп, кітап оқу мәдениетін жастар арасында сәнге айналдыруды көздейді. Үшіншісі – кітап индустриясын дамыту. Әсіресе баспа ісін қолдау, аударманы жетілдіру, қала мен ауыл инфрақұрылымындағы алшақтықты азайту, дәстүрлі кітапханалардан заманауи коворкинг орталықтарын жасау маңызды. Демек, жобаның мақсаты «халыққа көбірек кітап оқытайық» деген ұранға сыймайды. Оның ар жағында білім, мәдениет, экономика, адам капиталы мәселелері андағайлап тұр.
Марафонға 330 кітаптың тізімі кездейсоқ түзілмеген. Онда оқырманның жасы, кәсібі, тілі, қазіргі заман талабы ескерілген. Тізімнің тең жартысы қазақ тіліндегі, тең жартысы орыс тіліндегі 165 кітаптан тұрады. Отандық және шетелдік әдебиеттің арақатынасы да белгілі бір жүйеге құрылған. Қордың шамамен 60 пайызын қазақ классикасы, тарихи проза, поэзия, жергілікті нон-фикшн құрайды. Қалған 40 пайызына әлемдік классика, аударма шығармалар, Нобель сыйлығы лауреаттарының еңбектері, психология мен менеджмент саласындағы халықаралық бестселлерлер енген. Тізімде көне фольклордан бастап ХІХ-ХХ ғасырлардағы проза, Алаш арыстарының мұрасы, қазіргі ғылыми-көпшілік әдебиетке дейін қамтылған.
Кітаптарды іріктеу жұмысын «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, әдебиеттанушы, әлеуметтанушы, педагогика сарапшыларынан құралған арнаулы комиссия жүргізді. Мамандар іріктеу кезінде бірнеше талапқа ден қойған. Біріншіден, «Адал азамат» идеясына сәйкес келетін, отаншылдыққа, отбасы құндылықтарына, еңбекқорлыққа, білімге баулитын шығармалар таңдалған. Екіншіден, оқырманның сыни пайымын, талдау қабілетін, эмоциялық интеллектісін дамытуға көмектесетін мәтіндерге мән берілген. Үшіншіден, кітаптың күрделілігі оқырманның жасына, кәсіби деңгейіне сай болуы қарастырылған. Мәселен, «Кітап оқитын мектеп және колледж» секциясында балалар мен жасөспірімдер әдебиеті, фольклор, Бердібек Соқпақбаев, Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезовтің туындылары, әлем әдебиетінен Антуан де Сент-Экзюпери, Марк Твен, Джек Лондон сияқты классиктері бар. «Кітап оқитын университет және зияткер» бағытына Орхан Памук, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Ғабит Мүсіреповтің философиялық-әлеуметтік романдары мен Нобель сыйлығы лауреаттарының еңбектері енгізілген. «Кітап оқитын педагог және мемлекеттік қызметші» бағытында мемлекеттік басқару, психология, стратегиялық келіссөздер, әскери-тарихи мемуарлар кірген. Өз кезегінде «Кітап оқитын әулет» бағыты ұрпақтар сабақтастығына негізделген. Бұл қатарда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғаныс», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармалары ерекше өтімді.
Саннан сапаға дейін
Әлбетте, кітап оқу бір күндік челлендж емес. Адамға бір ай кітап оқыту оңай шығар, бірақ өмір бойы оқыту үшін марафоннан да маңызды мәселелер шешілуі керек. Әр үйде кітап тізіліп тұруы керек. Кітапханада оқырманға қолайлы орта болуы керек. Ауыл тұрғыны мен қала тұрғынының кітапқа қолжетімділігі шамалас болуы керек. Қазақша жақсы кітаптар тұрақты шығуы керек. Электронды және аудиокітап нарығы да дамуы керек. Осы керектердің орны толса ғана марафонның мақсаты толық орындады.
Ендеше «Кітап оқитын ұлт» жобасына тек жарыс деп қарау аздық етеді. Басты міндет – марафон арқылы аса қажет дағдыларды қоғамға қайтадан үйрету. Ұзақ мәтін оқу. Асықпай оқу. Оқығанды түсіну. Біреудің ойын соңына дейін тыңдау. Себеп пен салдарды ажырату. Өзінше тұжырым түю. Ақпарат тасқыны заманында бұл қасиеттер бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Оқырман кітаптың соңғы бетін жауып: «Мен бұл кітаптан не түсіндім?» – деп өзіне сұрақ қойса және сол сұрағына жауап бере алса, науқанның ең үлкен нәтижесі сол болар еді. Өйткені кітап оқитын ұлт дегеніміз – кітапты көп оқитын ұлт қана емес, оқығанын түсінетін, түсінгенін талдайтын, талдағанына сүйеніп өз ойын қалыптастыратын қоғам. Мұндай қоғам бір марафонмен құрылмайды десек те, үлкен өзгерістердің кішкентай бір қадамнан басталатынын ұмытпау керек.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ
