Фракция құқық қорғау органдары мен қаржы, цифрландыру, еңбек және білім салаларының тұрақты ведомствоаралық үйлестіру тетігін күшейтуді ұсынды.
«Биыл есірткі қылмысы бойынша 59 жасөспірім сотталды»: депутат жастарды есірткі тасымалы мен дропперліктен қорғауды ұсынды
332
оқылды

Елде жастардың синтетикалық есірткі тасымалына және дропперлікке тартылуы өзекті мәселеге айналып отыр. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек осы мәселені Құрылтай отырысында көтерді. Депутат осы ретте Бас прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановқа жастарды синтетикалық есірткі тасымалынан, заңсыз қаржы айналымынан арашалауға қатысты депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылы елімізде 8 280 есірткі қылмысы тіркеліп, 4 684 адам қылмыстық жауапқа тартылған. 67 жасөспірім сотталған. Ал 2026 жылдың тоғыз айында 7 464 есірткі қылмысы тіркеліп, 3 282 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылып, 59 жасөспірім сотталған.

Яғни, биылғы тоғыз айда сотталған кәмелетке толмағандардың саны былтырғы толық көрсеткішінің 88 пайызына жеткен.

«Бұл деректер профилактикалық жұмысты күшейтіп, балалар мен жасөспірімдерді есірткінің заңсыз айналымына тартудан қорғау қажеттігін көрсетеді», – деді Дидарбек Ділдәбек.

Депутат жастардың заңсыз айналымға тартылуы тек есірткімен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, дропперлікке қатысты істерде де жастардың үлесі жоғары.

Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2026 жылғы маусымның басына дейін дропперлікке қатысты өндірісі аяқталған істерде күдікті ретінде өткен 214 адамның 159-ы 18-29 жас аралығындағы азаматтар болған. Оның 140-ы құқықбұзушылық жасалған кезде жұмыссыз болған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылған. Олардың банктік шоттары арқылы 112 миллиард теңгеден астам заңсыз қаржылық операция жүргізілген.

Дидарбек Ділдәбек мәселені тек қылмыстық қудалау арқылы шешу мүмкін емес екенін айтты. Оның пікірінше, жастарды қылмыстық схемаларға тартудың алдын алу үшін құқық қорғау органдарының жұмысы қаржылық бақылау және әлеуметтік қолдау шараларымен қатар жүруі керек.

«Қаржылық бақылау, қылмысқа қарсы іс-қимыл және жастарды әлеуметтік қолдау шаралары өзара үйлесуі тиіс. Алайда ведомствоаралық үйлестіру жеткіліксіз», – деді депутат.

Жастарды «жеңіл табыс» уәдесінен қорғау қажет

Депутат оқу жылы басталған кезде студенттерді ақшалай сыйақыға қызықтырып, банк шоттарын ашуға немесе қолданыстағы шоттарын басқа адамдардың пайдалануына беруге тарту қаупіне назар аударды.

Мұндай жағдайда жастар өз шоттарының заңсыз қаржы операцияларына пайдаланылуы мүмкін екенін және оның құқықтық салдарын толық түсінбеуі ықтимал.

Осыған байланысты фракция оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне есірткі қылмыстары мен банк шоттарын бөгде адамдарға берудің қаупі туралы арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

Сонымен қатар құқық қорғау органдарының оқу орындарындағы тәрбие жұмысына жауапты қызметкерлермен және психологтермен тұрақты байланысын жолға қою, профилактика жүргізетін мамандарды жастармен жұмыс істеуге арнайы даярлау қажеттігі айтылды.

Депутат қазіргі профилактикалық тәсілдерді де қайта қарау керек деп есептейді. Себебі есірткінің таралу арналары өзгеріп, мессенджерлер мен QR-кодтар арқылы жастарды тарту тәсілдері қолданылып жатыр.

«Есірткі мессенджерлер мен QR-кодтар арқылы таралып жатқанда, профилактиканы граффити өшірумен шектеу жеткіліксіз», – деді ол.

Фракция мүшелері күмәнді аударымдарды ерте анықтауды ұсынды

Фракция жастардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдаланудан қорғауға қатысты нақты ұсыныс та енгізді. Атап айтқанда, 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын тұлғааралық аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Бұдан бөлек, банктер, құқық қорғау органдары және оқу орындары арасында жедел ақпарат алмасу тетігін қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл студенттердің шоттарын сыйақы үшін пайдалануға тарту және күмәнді операцияларды ерте анықтау үшін қажет.

Сауалда жастардың әлеуметтік жағдайына да назар аударылған. «Отбасының цифрлық картасы» арқылы әлеуметтік осал жастарды анықтап, оларға атаулы көмек көрсету ұсынылды. Оның ішінде мұқтаж колледж студенттерін тегін тамақпен қамтып, киімге арналған ваучерлермен қамтамасыз ету және коммуналдық кәсіпорындар базасында заң талаптарына сәйкес қысқамерзімді жұмыс орындарын ұйымдастыру мәселесі көтерілді.

Дидарбек Ділдәбек жастарды қылмыстық ортадан қорғауда әлеуметтік қолдаудың маңызына тоқталды.

«Жастарға заңды табыс табуға мүмкіндік беру және уақытылы әлеуметтік қолдау көрсету – оларды қылмыстық ортадан қорғаудың маңызды шарты», – деді ол.

Сондай-ақ фракция құқық қорғау органдары мен қаржы, цифрландыру, еңбек және білім салаларының тұрақты ведомствоаралық үйлестіру тетігін күшейтуді ұсынды. Бұл ретте әр органның міндеті, ақпарат алмасу тәртібі, орындау мерзімі мен ортақ нәтиже көрсеткіштері нақты белгіленуі керек.