Арман Жансеңгіров қолданыстағы құжатта медициналық көмекті күту мерзіміне қатысты нақты шек белгіленбегенін атап өтті.
Халық салалық дәрігерге жазылу үшін әбігерге түседі – Арман Жансеңгіров
274
оқылды

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Арман Жансеңгіров Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға консультативтік-диагностикалық көмекті күту мерзімдеріне қатысты депутаттық сауал жолдады. Құрылтай депутаты медициналық көмекті күту мерзімдерін нақты реттеуді ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Депутаттың айтуынша, бұл мәселе партияның сайлауалды бағдарламасы аясында халықпен кездесулер кезінде жиі көтерілген. 2026 жылы № ҚР ДСМ-37 бұйрығына енгізілген өзгерістерде бірқатар жаңашылдық қарастырылған. Атап айтқанда, бейінді маман пациентті тексерулерге және басқа дәрігерлерге жіберуге құқылы, қабылдау кестелері 60 күнге жарияланады, сондай-ақ қызмет көрсетуге уақыт нормативтері белгіленген.

Алайда бұл өзгерістерге қарамастан, бейінді мамандардың қолжетімділігі азаматтардың негізгі шағымдарының бірі болып отыр. Депутат келтірген мәліметке сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында осы мәселеге қатысты 2 925 шағым түскен. Шағымдардың басым бөлігі Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарында және Астана қаласында тіркелген.

Арман Жансеңгіров қолданыстағы құжатта медициналық көмекті күту мерзіміне қатысты нақты шек белгіленбегенін атап өтті.

«Бірыңғай шекті күту мерзімі нормативтік тұрғыда бекітілмеген. Қордың мониторинг ережелерінде 10 күн, Қордың түсіндірмелерінде 15 жұмыс күні көрсетілген, ал бұйрықтың өзінде нақты мерзім белгіленбеген. Мұндай жағдай азаматтың бейінді дәрігерге немесе диагностикалық зерттеуге нақты қашан жазыла алатынын түсінуін қиындатады. Сондықтан жоспарлы медициналық көмекті күтудің бірыңғай шекті мерзімін нормативтік деңгейде бекіту қажет», – деді депутат.

Сондай-ақ депутат қабылдау кестесін 60 күн бұрын жариялау талабы да мәселені толық шешпейтінін айтты. Оның пікірінше, бұл талап бастапқы жоспарлы өтініштердің басымдығымен қатар жүрмеген жағдайда, азаматтарға бір айдан кейін немесе одан да кеш мерзімге талон берілуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігерінің қабылдау мерзімі нақты регламенттелмеген. Бұл пациенттің медициналық ұйымға жүгінген сәтінен бастап бейінді маманға дейінгі жалпы күту уақытын шектемейді.

«Мамандар саны бұрынғы деңгейде қалғанда жаңа уақыт нормативтерінің енгізілуі бір дәрігердің қабылдайтын пациенттерінің санын азайтуы мүмкін. Бұл өз кезегінде бейінді мамандарға жазылу мүмкіндігін одан әрі шектеуі ықтимал. Сондықтан уақыт нормативтерімен бірге штаттық нормативтер мен тарифтерді де қайта есептеу қажет. Әйтпесе талаптың өзгеруі азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттырудың орнына күту мерзімін ұлғайтуы мүмкін», – деді Арман Жансеңгіров.

Депутат сондай-ақ «үштен аспайтын» жолдама шектеуі бірнеше патологиясы бар пациенттердің қажеттіліктерін толық ескермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, жолдамалар санын қатаң шектеудің орнына олардың көлемін клиникалық хаттамалар негізінде айқындау қажет.

Бұдан бөлек, маманның пациентті қайта қабылдауға жазу құқығы «ауру жалғасуда» деген нәтижеге байланыстырылған. Депутат мұндай талап нәтижені формалды түрде көрсету қаупін туғызуы мүмкін деп санайды.

«Пациентке қайта қабылдауға жазылу мүмкіндігін емдеу нәтижесінің бір ғана формалды көрсеткішіне байланыстыру дұрыс емес. Аурудың барысы мен пациенттің жағдайына қарай қайта консультация қажет болатын жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан қайта жазылуды емдеу нәтижесіне байланыстырмай, клиникалық қажеттілікке негіздеу керек. Бұл ретте жолдамалар көлемін де клиникалық хаттамалармен айқындау қажет», – деді ол.

Депутат диспансерлік есепте тұрған азаматтардың бейінді дәрігерге тікелей жазылуы тек мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді екеніне де назар аударды. Оның пікірінше, бұл әсіресе егде жастағы және ауыл тұрғындары үшін қосымша қиындық туғызады.

Осыған байланысты Арман Жансеңгіров бейінді дәрігерге тікелей жазылу мүмкіндігін тіркеу орындарымен қатар, колл-орталық арқылы да қамтамасыз етуді ұсынды.

Сондай-ақ өңірлер бөлінісіндегі нақты күту мерзімін жариялау және мерзімдерді автоматты бақылау тетігін енгізу ұсынылды. Депутат қосымша орындаушыға қайта бағыттау мүмкіндігімен бірге жария мониторинг жүргізуді де ұсынды.

Өз сауалында Арман Жансеңгіров жоспарлы көмекті күтудің бірыңғай шекті мерзімін, онкологиялық ауруға күдік болған кезде және балалар үшін қысқартылған мерзімдерді бекітуді, сондай-ақ медициналық ұйымдардың штаттық нормативтері мен тарифтерін қайта қарауды сұрады.