«Әділет» партиясының Жастар қанаты жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Оқырман ұрпақ» жобасын іске қосты. Жоба аясында жастар кітап клубтарына бірігеді. Солай «Бір ай – бір кітап – бір кездесу» қағидаты бойынша ай сайын бір шығарманы оқып, бірге талқылайды.
«Оқырман ұрпақ» – ойды дамытатын жоба
106
оқылды

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастама­сымен үндеседі. Негізгі мақсаты – гаджет пен ақпарат ағыны басым заманда жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып, сыни ойлау қабілетін дамыту және өз пікірін еркін білдіретін тұрақты әдеби орта құру. Бастамаға 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қа­ла­дағы шамамен 1500 жас қатысып отыр.

– Қазіргі ақпараттың көптігі мен технологиялардың қарқынды дамуына байланысты күнделікті смартфон, гаджетті пайдаланған жас­тардың кітап оқуға қызығушылығы болмауы мүмкін. Сондықтан біздер осы жеңіл тех­нологияларды пайдалана отырып, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға өзі­міздің септігімізді тигіземіз деген ойдамыз, – деді «Әділет» партиясы Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Ерлік Шамғали.

Облыста жобаның алғашқы кездесуі Ма­хам­бет атындағы Батыс Қазақстан универ­си­тетінде өтті. Ал Түркістан облысында «Оқыр­ман ұрпақ» қозғалысының тұсаукесері Altynsarin облыстық балалар кітапханасында ұйым­дастырылды. Жиынға түрлі әдеби клуб мү­шелері қатысып, жастар арасында оқу мә­де­ниетін дамытудың маңызын талқылады.

Түркістандағы бастаманың ерекшелігі – кітап оқуды бір форматпен шектемей, жас­тардың қызығушылығына қарай түрлі іс-шарамен толықтыру. Алдағы уақытта кі­тап талқылауларымен қатар Quiz, пікірсайыс және интеллектуалды ойындар өткізу жос­парла­нып отыр.

– Оқырман клубының жұмысын алдағы уа­қытта түрлі форматта жалғастырғымыз ке­леді. Тек дөңгелек үстелде бас қосып, кітап бойын­ша 2-3 сұрақ қойып, әркімнің жауабын тың­даумен шектелмей, куиздер, пікірсайыс­тар өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір ин­тел­лектуалды ойындар үлкен тенденцияға ай­налып келе жатыр, – деді «Әділет» партия­сы Жастар қанаты Түркістан облыстық филиа­лы­ның төрағасы Еркебұлан Мадиярұлы.

«Оқырман ұрпақ» жобасы аясында бұ­ған дейін шымкенттік жастар Жандарбек Бұл­ғақовтың «Сөз менеджменті» кітабын тал­­­қылап, Quiz ойынына қатысқан. Мұндай кез­десулер кітапты жай ғана оқып шығумен шек­телмей, жастардың пікір алмасуына және оқы­ған шығармасы бойынша жеке көзқара­сын қалыптастыруына мүмкіндік береді. Жоба аясында жыл соңына дейін тұрақты оқырман қауымдастығын құру, ай сайынғы кітап оқу жос­парын әзірлеу, өңірлік кітап қорын дамыту және белсенді жастар арасынан жаңа мо­дераторлар мен спикерлерді дайындау жос­парланған.

«Әділет» партиясы үшін «Оқырман ұрпақ» – жастарды кітап оқуға шақыратын бірреттік акция емес, оқуды күнделікті әдетке айналдырып, білімге ұмтылатын, ойлана алатын және өз пікірін ашық жеткізетін жас буын тәрбиелеуге бағытталған тұрақты жоба.

 

Бекбол Амангелді