Қазіргі кезде әлем бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен жедел өзгеруде. Жасанды интеллект мектеп саласына белсенді еніп, цифрлық платформалар сабақтың үйреншікті бөлігіне айналуда, білім қолжетімділігі күннен күнге артып, білім беру жүйелері өз нәтижелерін халықаралық деңгейдегі нәтижелермен белсенді салыстыра алады.
Жаһандық білім – ұлттық дамудың  жаңа көкжиегі
148
оқылды

 Технологиялық трансформация аясында маңызды бір заңдылық барған сайын айқын көрініс табуда: технологиялардың мүмкіндіктері кеңейген сайын мұғалімнің кәсіби біліктілігіне, жауапкершілігіне және адамгершілік рөліне қойылатын талап та жоғарылай түсуде. 

Заман талабына сай мектеп салып, оны зертханалармен және цифрлық кабинеттермен жабдықтауға, жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеп, әлем­дік ақпараттық ресурстардың қол­жетімділігін қамтамасыз етуге болады. Бірақ осы мүмкіндіктерді білімге, құзыреттілікке, құндылықтарға және адами капиталға айналдыруға қабілетті тұлға – мұғалім. Мұғалім мемлекеттік білім беру саясатын нақты оқушымен және нақты нәтижемен байланыстыра отырып жүзеге асырады. 

UNESCO зерттеуіне сәйкес, 2030 жылға қарай жалпыға бірдей бастауыш және орта білім беру мақсаттарына қол жеткізу үшін әлем бойынша әлі де 44 млн мұғалім қажет болады. Қазіргі кезде халықаралық деңгейдегі талқылаулар кадр тапшылығы мәселесі туралы ғана емес, сонымен қатар мамандықтың тартымдылығы, педагогтер даярлау сапасы, олардың еңбек ету жағдайлары, кәсіби дербестігі мен білім беру жүйе­лерінің білікті мамандарды тұрақ­тандыруға қабілеттілігі туралы мәсе­лелерге қатысты жүргізілуде.

Білім беру нәтижелері тұрақты елдердің тәжірибесі табысты мектептің барлығына ортақ бірыңғай моделі жоқ екенін көрсетеді, дегенмен алуан түрлі мектептердің барлығындағы негізгі тірек – білікті мұғалім. Сингапурда – кәсіби мәдениетке және тәлімгерлікке, Жапонияда – сабақты бірлесіп зерт­теуге, Эстонияда – педагогтердің дер­бестігіне және оларға сенім білдіруге, Финляндияда педагогтің жоғары білік­тілігі мен кәсіби жауапкершілігіне ерекше мән беріледі. Қызмет тетіктері әртүрлі болғанымен, ортақ принцип бірдей: білім беру жүйесінің сапасы көп жағдайда оқушылармен күнделікті жұмыс жүргізетін педагог маманға бай­ланысты.

Қазақстанда соңғы жылдарда педагог мамандығына қатысты көзқараста елеулі өзгерістер болды. Педагогтердің ерекше құқықтық мәртебесін, құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін, педагогтерді қызметтік міндеттерден тыс жұмыстарға тартуға шектеулерді бекіткен Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңының қабылдануы маңызды кезең болды.

Мемлекеттік саясат мұғалімнің қо­ғамдағы орнын нығайтуды жүзеге асырмай, мектепті дамыту мүмкін емес деген ұстанымды дәйекті түрде басшылыққа алады. Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұстанымды барынша айқын тұжырымдады: «Бізде үздік оқу бағдарламалары, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық». Басым бағыттар қатарында педагогтің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, оның құқықтарын қорғау, қабілетті жастарды мамандыққа тарту, әкімшілік жүктемені азайту, мұғалімге өзінің негізгі жұмысына – балаларды оқыту мен тәрбиелеуге баса назар аударуына мүмкіндік беретін жағдайлар жасау белгіленген. Мұғалімнің мәртебесі ұлттық даму мәселесіне ай­налып отыр: болашақ инженерлер мен дәрігерлердің, кәсіпкерлер мен зерт­теушілердің, мемлекеттік қызметкер­лердің, яғни еліміздің адами капиталының сапасы мұғалімнің кәсіби қызметінің сапасына тікелей байланысты.

Соңғы жылдарда Қазақстан білім беру инфрақұрылымына ауқымды ин­­­вес­тициялар салуда. Тамыз кон­ференциясында Қазақстан Президенті жеті жыл ішінде білім беру саласын қаржыландыру үш есе артып, 6,4 трлн теңгеге жеткенін айтты. Бес жылда бір миллионнан астам оқушыға арналған 1 120 мектеп салынды, бес мыңнан астам ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, жеті мыңнан астам заманауи пән кабинеттері жабдықталды. «Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды.

Бұл өзгерістер түбегейлі жаңа мүм­кіндіктерге жол ашуда. Алайда заманауи ғимараттың өзі ғана заманауи мектепті білдірмейді. Заманауи жаңа мектепті ғимараттың жаңа кабинеттері мен жабдықтары ғана емес, қарым-қатынас мәдениеті, оқушыдан күтілетін нәтижелер, сабақтың сапасы, педагогтің өз оқушысының күшті қырларын байқай білуі және оның өз қабілетін табысты жүзеге асыруына қолдау көрсете білуі айқындайды.

Қазақстан Республикасында мек­тепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы жүйенің дамуын педагог мамандардың сапасымен, білім маз­мұнын жетілдірумен, мектептердің арасындағы алшақтықты қысқартумен және тиімді білім беру тәжірибесін таратумен тығыз байланыста қарас­тырады. Осы тұрғыдан алғанда мұғалім реформалардың объектісі емес, оларды іске асыратын негізгі қатысушылардың бірі ретінде қарастырылады.

Қазақстанның білім беру кеңістігінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің (NIS) тәжірибесі ерекше орын алады. NIS түлектерінің нәтижелері білім беру жетістіктерінің жоғары деңгейін көрсетеді. 26 475 түлектің 91%-ы Қазақ­стандағы және шетелдік білім гранттарына ие болды. 2026 жылы 2 636 түлектің 99%-ы жоғары оқу орындарында білімін жалғастырды [6]. 2025-2026 оқу жылында NIS оқу­шылары IBO, IPhO, IChO, IOI, iGeo, IOL, IEO және IOAI халықаралық олим­пиадаларында 18 медаль – 6 алтын, 5 күміс және 7 қола медальды жеңіп алды.

Жеңімпаздардың тәлімгерлері де мемлекеттік деңгейде құрметтеліп, марапаттарға ие болуда. Әрбір медаль­дің артында шәкіртінің қабілетін байқай білген, оның қызығушылығын қолдап, мектеп бағдарламасының шең­берінен асып, жетістіктерге же­туіне көмектескен педагогтің көп жыл­дық еңбегі тұрады. 2026 жылы Ас­тана қаласындағы Назарбаев Зият­керлік мектебінің физика пәні мұға­лімі Мейрамгүл Кенжеханова «Құрмет» орденімен, ал Қарағанды қаласындағы NIS биология пәні мұ­ғалімі Қарлығаш Жолдыбаева «Ерен еңбегі үшін» ме­далімен марапатталды. Бұл марапаттар тәлімгерлердің өз оқу­шыларының жетіс­тігіне қосқан үлесін айқындайды.

NIS жүйесі шеңберінен тыс жерлерде де педагогикалық шеберліктің озық үлгілері жоғары құрметке ие болуда. 2025 жылы еліміздің әртүрлі өңірлері мен білім беру ұйымдарының 64 педагогі «Үздік педагог» атағына ие болды [9]. Қазақстандық мұғалімдер халықаралық деңгейде де танымал болуда: Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова Global Teacher Prize 2025-2026 сыйлығының топ-50 тізіміне енді.

Мұндай мысалдар мақтаныш етуге негіз ретінде маңызды болуымен қатар, Қазақстанда елеулі педагогикалық әлеует қалыптасқанын көрсетеді. Жүйенің міндеті – мұғалімнің жоғары кәсіби бі­лік­тілігі же­келеген ерекшелік емес, тұрғылықты мекені мен мектеп түріне қарамастан, барлық балалар үшін қолжетімді қалыпты жағдайға айналатын ортаны қалыптастыру.

Елдегі білім беру саласы қол жет­кізген білім жетістіктерін халықаралық контексте де қарастыру қажет. PISA зерттеуі он бес жастағы оқушылардың білімді қолдана білу, пайымдау, ақ­паратты интерпретациялау және оқу материалын еске түсіріп жаңғырту шең­берінен тыс міндеттерді шеше білу қабілеттерін бағалайды.

PISA-2025 зерттеуінің нәтижелері бойынша шекті деңгейден жоғары дайындық деңгейін көрсеткен қазақ­стандық оқушылардың көрсеткіштері: математика бойынша – 44% (орташа балл – 414), ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткіші – 65%; оқу сауаттылығы бойынша – 36% (орташа балл – 385), ЭЫДҰ бойынша – 69%; жаратылыстану ғылымдары бойынша – 52% (орташа балл – 420), ЭЫДҰ бойынша – 74%. «Есептеу арқылы шешу» бағыты бойын­ша үшінші немесе одан жоғары деңгейге оқушылардың 41%-ы жетті, ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш – 64%.

Сонымен қатар NIS оқушылары ЭЫДҰ орташа көрсеткіштерінен жоғары нәтиже көрсетті. PISA-2025 зерттеуі шеңберінде олардың математика бойынша орташа нәтижесі – 581 балл, ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш – 463 балл; оқу сауаттылығы бойынша – 493 және 461 балл; жаратылыстану ғылымдары бойынша 559 және 482 балды құрады.

Бұл нәтижелерді салыстыру білім беру жүйесінің алдына келесі маңызды сұрақты қояды: NIS табысты тәжірибесінің қандай элементтерін басқа мектептерге бейімдеуге болады? Сонымен қатар мектептердің қол жеткен жетістіктеріндегі айырмашылықтарды тек оқыту сапасымен түсіндіруге бол­майды: оқушыларды іріктеу тәртібін, ресурстар мен оқыту жағдайларын да ескеру қажет. Білім беруді дамыту тұжырымдамасында зияткерлік мек­тептердің тәжірибесін тірек мектептер арқылы және басқа да тәжірибе алмасу тетіктері арқылы тарату көзделген. Мұн­дай тәжірибе алмасудың құндылығы – тиімді оқыту тәсілдерінің балалар мен педагогтерге барынша қолжетімді бо­луында.

Сонымен қатар PISA нәтижелерін тек мұғалім жұмысын бағалауға айнал­дыру қате болар еді. Баланың жетістікке қол жеткізуіне отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, тұрғылықты аумағы, мектептің ресурстары, оқыту тілі, оқып-үйренуге ынтасы, білім беру ортасы және басқа да көптеген факторлар әсер етеді. Дегенмен әртүрлі оқу жағдайларын нақты оқу процесімен күнделікті байланыстыруды жүзеге асыратын – мұғалім. Сондықтан мұғалімнің беделін қолдау және сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасау білім беру саясатының анағұрлым пәрменді құралдарының бірі болып табылады.

TALIS-2024 халықаралық зерттеуі­нің нәтижелері педагогтердің қоғамдағы өзінің орнына көзқарасын көруге мүм­кіндік береді. Қазақстандық мұға­лімдердің 82%-ы мұғалім мамандығы қоғамда лайықты бағаланады деп есептейді, зерттеуге қатысқан ЭЫДҰ елдері мен аумақтары бойынша орташа көрсеткіш 22%-ды құрайды.

Тағы бір маңызды көрсеткіш – қазақстандық педагогтердің 58%-ы білім беру саясатын әзірлеушілер өзінің пікірін лайықты бағалайды деп санайды; ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 16%-ды құрайды. Бұл деректер ерекше маңызды, өйткені мықты білім беру жүйесі мұғалімге қойылатын талаптарды ғана емес, оның кәсіби пікіріне сенімді көзқарасты да қамтиды. 

TALIS зерттеуі мамандықтың тех­нологиялық бейіні де жедел өз­ге­ріп келе жатқанын көрсетеді: қазақ­стандық педагогтердің 59%-ы өз жұ­мы­сында жасанды интеллектіні қол­данатынын көрсеткен, ЭЫДҰ бо­йын­ша орташа көрсеткіш – 36%. ЖИ қолданатындардың 79%-ы оны сабақ жоспарлары мен тапсырмаларды әзірлеуде, 87%-ы ақпаратты зерделеу және жинақтау үшін қолданатынын көрсеткен.

Бірнеше жыл бұрын мұғалім ци­фрлық технологияларды қолдануы керек пе деген мәселе талқыланатын. Қазіргі кезде сұрақ басқаша қойылады: жасанды интеллект білім беру мүмкін­діктерін кеңейтіп, бірақ баланың ой­лауын және педагогтің кәсіби жауап­кер­шілігін алмастырмайтындай оны қалай қолдануға болады? 2026 жылғы мамырда Президент «Қазақстан Рес­публикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатта цифрлық инфрақұрылымды дамыту, дербестендірілген оқыту, пе­дагогтерді даярлау, ЖИ-ді қауіпсіз және тиімді қолдану құзыреттерін қа­лыптастыру қарастырылады. Жасан­ды интеллект педагогтің кәсіби қыз­метіне нұқсан келтірмейтін және оны алмастырмайтын қосымша құрал ретінде қарастырылуы аса маңызды саналады.

Соңғы жылдарда Қазақстанда педа­гогтің құқықтық және қоғамдық мәртебесі нығайтылып, білім беруді қаржыландыру арттырылды, жаңа мек­тептер салынып, инфрақұрылым жаң­ғыртылды. Цифрлық білім беру ортасын дамыту және жа­санды интеллектіні енгізу жұмыстары жалғастырылуда. Елімізде озық мектептер, оқушылардың халықаралық жетістіктері, ұлттық және әлемдік деңгейде кәсіби шеберлігі мойындалып жүрген педагогтер бар. Дегенмен білім беру саясатында табысты болудың басты критерийі осы өзгерістердің әрбір балаға дейін жетуі болып табылады. 

Оқушы халықаралық деңгейде қол жеткізген әрбір медальдің, бітіруші түлектің жоғары нәтижелерінің, табысты ғылыми жобаның немесе баланың алғаш рет өзі ашқан жаңалығының артында сандармен ғана өлшеуге келмейтін мұ­ғалімнің еңбегі тұрады. Нағыз мұғалім баланың қабілет-дарынын байқай біледі, оның сенімін нығайтады, ой­лануға, күмәндануға, дәлелдер іздеуге және күрделі міндеттерден қорықпауға дағдыландырады.

Сондықтан Қазақстанның басты білім беру ресурсы жаңа ғимараттар, технологиялар мен бағдарламалар ғана емес. Бұл ресурс күн сайын мұғаліммен бірге сыныпқа кіреді. Еліміздің халықаралық рейтингтердегі орны ғана емес, болашақ Қазақстанның адами капиталының сапасы мемлекет пен қоғамның мұғалім еңбегін қаншалықты бағалайтынына, кәсіби мәртебесін қалай қорғайтынына және сапалы жұ­мыс істеуіне қандай жағдайлар жасай­тынына байланысты болады.

Шолпан Қаринова, 

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі