600 гектар аумақты қамтитын арнайы экономикалық аймақ өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, 14 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Экономикалық өсімнің жаңа өрісі
118
оқылды

Абай облысының экономикалық дамуында жаңа кезеңнің бастауы болғалы тұр. Өңірде «Семей» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылады. Бұл – жай ғана жаңа өндіріс орындарын ашу немесе инвестиция тарту жобасы емес, тұтас аймақтың индустриялық келбетін өзгертуге бағытталған стратегиялық бастама. Жоба жүзеге асқан жағдайда Семей мен оның айналасындағы елді мекендердің эконо­микалық тынысына тың серпін беріліп, өңірдің инвестициялық тартымдылығы арта түспек.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жаңа арнайы экономикалық аймақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестициялық ахуалды жақсарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және ел экономикасының жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары аясында құрылып отыр.

Бұл бастаманың мәні мен маңызын бір ғана көрсеткішпен өлшеу мүмкін емес. Өйткені жаңа өндіріс орындары, инвести­циялық жобалар мен мыңдаған жұмыс орны – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін өзара сабақтас тетіктер.

Инвестиция – индустриялық дамудың қозғаушы күші

Жаңа АЭА Жаңасемей ауданында орналасады. Жалпы аумағы 600 гектардан тұратын өндірістік алаңда заманауи жоғары технологиялық өнеркәсіптік-өндірістік кешен қалыптастыру көзделіп отыр. Оның құрамында экспортқа бағдарланған кәсіпорындар да болады.

Жобаның ауқымына назар аударсақ, көзделген міндеттердің салмағын аңғаруға болады. Арнайы экономикалық аймақ аумағындағы жобаларға тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 1,4 триллион теңге деңгейінде болжанған. Бұл – Абай облысының экономикасына құйылатын қомақты қаржы. Ең бастысы, инвестиция нақты өндірістік қуаттарды қалыптастыруға, жаңа кәсіпорындарды іске қосуға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталмақ.

Әлемдік тәжірибеде арнайы эконо­микалық аймақтар өндірістік капиталды тартудың, технология трансферін жедел­детудің және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтудің маңызды құралы саналады. Мұндай аумақтарда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып, кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым қалыптастырылады.

«Семей» АЭА-ның да негізгі мақсаты – инвесторларға қолайлы орта қалыптас­тырумен қатар, өндірістік кәсіпорындардың өзара байланысын дамыту. Яғни бір кәсіпорынның қызметі екіншісіне шикізат, бөлшек, материал немесе қызмет жеткізу арқылы ұштасатын өндірістік тізбек құру көзделеді. Бұл – экономиканы әртараптан­дырудың маңызды шарты. Себебі өңір экономикасының тұрақтылығы тек жекелеген ірі кәсіпорын­дардың жұмысына емес, солардың төңірегінде қалыптасатын шағын және орта бизнес желісінің дамуына да байланысты.

14 мың жұмыс орны – 14 мың отбасының үміті

Жаңа экономикалық аймақтың әлеуметтік маңызын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі – жұмыспен қамту мәселесі. Болжам бойынша, жаңа кәсіпорындарды іске қосу нәтижесінде 14 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл санның ар жағында мыңдаған адамның кәсіби мүмкіндігі, отбасылардың әл-ауқаты және жастардың туған жерінде тұрақтап қалуына жол ашатын жаңа перспективалар тұр. Әсіресе еңбек нары­ғында сұранысқа ие техникалық мамандық­тарды дамыту мәселесі өзекті. Заманауи өндіріс орындарына инженерлер, технолог­тер, энергетиктер, автоматтандыру маман­дары, логистер, механиктер мен білікті жұмысшылар қажет болады. Демек, арнайы экономикалық аймақтың құрылуы кәсіп­тік-техникалық білім беру жүйесіне де жаңа міндеттер жүктейді. Осы ретте өңір­дегі колледждер мен жоғары оқу орында­рының өндіріс орындарымен байланысын нығайту маңызды. Болашақ мамандарды жұмыс берушілердің нақты сұранысына сәйкес даярлау, дуальді білім беру жүйесін кеңейту, өндірістік тәжірибені жетілдіру – алдағы кезеңнің өзекті бағыттары. Жастардың өз өңірінде сапалы білім алып, тұрақты жұмысқа орналасып, кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік жасалса, бұл демографиялық және әлеуметтік тұрақты­лыққа да оң ықпал етеді.

Өндіріс дамыса, өңір экономикасы да нығаяды

Арнайы экономикалық аймақтың ықпалы оның аумағымен ғана шектелмейді. Керісінше, мұндай ірі жобалардың экономикалық әсері айналасындағы салаларға таралуымен ерекшеленеді. Мәселен, жаңа кәсіпорындар іске қосылған кезде құрылыс, көлік, логистика, сауда, тамақтандыру, жөндеу және сервистік қызметтерге сұраныс артады. Өндіріс орын­дарына қажетті тауарлар мен қызметтерді жергілікті кәсіпкерлер ұсынса, қаржының едәуір бөлігі өңір эконо­ми­касының ішінде айналымға түседі. Бұл – мультипликативті әсердің нақты көрінісі. Сондықтан «Семей» АЭА төңірегінде жергілікті шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылуы қажет. Ірі инвесторлармен қатар, қосалқы бөлшектер, құрылыс материалдары, арнайы жабдықтар мен өндірістік қызметтер ұсынатын жергілікті кәсіпорындардың да мүмкіндігі кеңеюге тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе – логистика­лық инфрақұрылым. Өндірілген өнімді ішкі нарыққа жеткізу және экспортқа шы­ғару үшін тиімді көлік жүйесі қажет. Осы себепті өндірістік алаң мен көлік-логисти­ка­лық инфрақұрылымның өзара үйлесімді дамуы жобаның табыстылығына тікелей әсер етеді. Семейдің географиялық орналасуы мен тарихи қалыптасқан өндір­істік әлеуетін ескерсек, жаңа экономикалық аймақ өңірдің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге де мүмкіндік бере алады.

Мүмкіндікпен бірге жауапкершілік те артады

Әрине, арнайы экономикалық аймақ құру – үлкен жұмыстың бастауы ғана. Ендігі мәселе – жоспарланған инвести­цияны нақты іске айналдыру, жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асыру және құрылған өндіріс орындарының ұзақмер­зімді тиімділігін қамтамасыз ету.

Бұл ретте бірнеше бағыттың маңызы ерекше.

Біріншіден, инвесторларға ұсынылатын инфрақұрылым сапалы әрі қолжетімді болуы керек. Электр энергиясы, су, жол, инженерлік желілер мен өндірістік коммуникациялар уақытылы дайындалмаса, инвестициялық жобалардың іске асу қарқынына әсер етуі мүмкін.

Екіншіден, жергілікті кадрларды даярлау мәселесі өндірістік жобалармен қатар жүруі қажет. Жаңа жұмыс орындарына өңір тұрғындары, әсіресе жастар мен техникалық мамандық иелері орналасуына жағдай жасалуы маңызды.

Үшіншіден, экологиялық талаптар назардан тыс қалмауға тиіс. Заманауи өндіріс тек экономикалық тиімділігімен емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауымен де бағаланады. Абай облысының табиғи әлеуетін сақтау, өндірістік қалдық­тарды басқару және ресурстарды үнемдеу мәселелері жобалаудың бастапқы кезеңінен ескерілуі қажет.

Төртіншіден, жергілікті кәсіпкерлердің жаңа өндірістік тізбектерге қатысуына мүмкіндік берілуі керек. Өйткені ірі инвестициялық жобалардың өңір үшін шынайы қайтарымы жергілікті эконо­ми­каның қаншалықты қамтылатынына да байланысты.

Семей – жаңа экономикалық өсім нүктесі

«Семей» арнайы экономикалық аймағының құрылуы елдегі индустриялық саясаттың өңірлік деңгейде жалғасып жатқанын көрсетеді. Жаңа АЭА іске қосылғаннан кейін Қазақстанда 15 өңірді қамтитын 19 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейтін болады. Олардың негізгі міндеті – инвестиция тарту, жаңа өндірістерді дамыту және өнеркәсіп өнімдерінің көлемін ұлғайту.

Абай облысы үшін бұл бастаманың орны бөлек. Себебі өңірдің экономикалық мүмкіндігін кеңейту, өндіріс құрылымын әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да маңызды міндеті.

Семейдің өндірістік дәстүрі мен адами капиталы, жаңа инвестициялық жобалар және заманауи технологиялар бір арнаға тоғысса, аймақтың экономикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге негіз қаланады.

Әйтсе де жобаның шынайы нәтижесі қағаздағы инвестициялық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Оның табысы іске қосылған кәсіпорындардың санымен, өндірілген өнім көлемімен, экспорттық мүмкіндіктерімен, ашылған тұрақты жұмыс орындарымен және жергілікті халық­тың тұрмыс сапасына тигізген әсерімен бағалануға тиіс.

600 гектар аумаққа орналасатын жаңа өндірістік кешеннің алдында үлкен міндет тұр. Ол – Семейдің экономикалық тынысын кеңейтіп қана қоймай, Абай облысын Қазақстанның жаңа индустриялық даму кеңістігінің маңызды бөлігіне айналдыру. Демек, «Семей» АЭА – бүгінгі инвести­циялық бастама ғана емес, ертеңгі өңір эко­­но­микасының жаңа келбетін қалып­тастыруға бағытталған ауқымды қадам.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы