Осыдан екі жыл бұрын Атырау облысында болған су тасқыны кезінде облыс орталығындағы «Жұлдыз», «Мирас», «Химзавод» және басқа да аумақтарда жерасты суының көтерілуі, аулаларды су басу, тұрғын үйлердің іргетасына зақым келу, үйдің құлауы сияқты мәселелерді көзбен көрген болатынбыз. Жерасты суларының көтерілуі, оған көктемгі тасқынның қосылуы салдарынан зардап шеккен тұрғындар аз болмады. Енді жаңа бағдарлама осы проблеманы болдырмауға атсалыса ала ма?
Шаһардың басым бөлігінде жүйе жоқ
Қаладағы кәріз инфрақұрылымының жағдайы көптен бері тұрғындарды алаңдатып келеді. Бұған дейінгі ресми мәліметке сәйкес, Атырау қаласының 80 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған. Олардың көпшілігі қала маңындағы шағын ауылдар. Орталық кәріз желісінің болмауы тек тұрмыстық қолайсыздық туғызып отырған жоқ. Жаңбыр жауып, қар еріген кезде жерасты суының деңгейі көтеріліп, кей жерлерде жер бетіне шығады. Салдарынан аулалар суға толып, үйлердің іргетасы отырады, қабырғаларда жарық пайда болады. Бұл бір маусымда ғана байқалатын құбылыс емес. Кейбір тұрғындар мұндай жағдаймен бірнеше жылдан бері күресіп келеді.
Жерасты суы мен су бұру инфрақұрылымына қатысты мәселе «Химзавод» аумағы үшін де маңызды. Көктемгі жауын-шашын мен су тасқыны кезеңінде бұл аумақта да тұрғындар су жиналуына байланысты қиындықтарға тап болып келеді. Сондықтан «Химзавод» шағынауданының 2028 жылға жоспарланған кәріз құрылысы тізіміне енгізілуі – жергілікті халық үшін маңызды жаңалық. Дегенмен мұнда бір жайтты ескеру қажет, кәріз жүйесі мен дренаждың атқаратын қызметі екі бөлек. Кәріз құбырлары тұрмыстық ағын суды әкетсе, дренаж жүйесі жерасты суының деңгейін реттеуге арналған. Ал нөсерлік су бұру желілері жауын-шашыннан кейін жиналған суды әкетеді. Демек, «Химпоселокте» тек кәріз құбырларын тарту тұрғындарды су басу қаупінен толық қорғайды деуге болмайды.
Облыс әкімдігі Атырау қаласының су бұру жүйесін дамытуға арналған жол картасын бекітті. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл мәселе облыс әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды.
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК басшысы Мейірім Қалауидің мәліметінше, бағдарламаның алғашқы кезеңінде 2027 жылы жеті жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
– Жаңа кәріз желілері «Мирас», «Геолог», «Жұлдыз» және «Береке» шағынаудандарында, сондай-ақ Еркінқала ауылдық округі бағытында салынады. 2028 жылы құрылыс жұмыстары «Балауса», «Нұрсая», «Лесхоз» шағынаудандарын, «Ет комбинаты», «Құрсай», «Химзавод» және «Көкарна» аумақтарын қамтиды. Кейінгі кезеңдерде «Мұнайшы», СМП-136, СМП-163 шағынаудандары, Талғайран ауылының бағыты және «Ерік Мостовой» арнасының бойында су бұру инфрақұрылымын дамыту көзделген. Бұдан бөлек, қолданыстағы кәріз-сорғы станcаларын жаңғырту жоспарланып отыр, – деді Мейірім Қалауи.
Жоспарға қосымша қаржы керек
Жол картасында дренаж жүйесін дамытуға және жерасты суының деңгейін реттеуге де басымдық берілген. Облыс әкімі Болат Ақшолақов мамандарға гидрогеологтармен бірлесіп, архивтік мәліметтерді зерделеуді және Астананың дренаж жүйесін салу мен пайдалану тәжірибесін зерттеуді тапсырды. Мұндағы мақсат – тиімді техникалық шешімдерді Атыраудың табиғи және геологиялық ерекшеліктеріне бейімдеу.
Бұрын белгілі гидрогеолог Едіге Сабуров тасқын кезінде берген сұхбаттарының бірінде Атырау қаласы мен оған жақын елді мекендердегі жерасты суының тұздылығы жоғары екенін айтқан еді. Сондықтан маман суды жай ғана сорып шығару мәселені түбегейлі шешпейтінін, жерасты суының көтерілу себептері анықталып, оның деңгейін реттеудің ғылыми негізделген тәсілі таңдалуы қажет екенін айтып кеткен еді.
Облыс басшылығы кәріз жүйесін дамытуға арналған бесжылдық мерзімнің тым ұзаққа созылуы мүмкін екенін де ескеріп отыр. Сондықтан жобаларды жеделдету үшін қосымша қаржы көздерін қарастыруда. Атап айтқанда, Болат Ақшолақов жұмысшы топқа мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке инвесторларды тарту және халықаралық даму институттарынан ұзақмерзімді қаржыландыру мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды. Сонымен бірге қаладағы кәріз желілері мен құдықтарды толық түгендеу көзделіп отыр. Мамандар олардың орналасқан жерін, техникалық параметрлері мен қазіргі жағдайын анықтап, бірыңғай дерекқор қалыптастырмақ. Облыс әкімі Болат Ақшолақов орталықтандырылған су бұру жүйесін дамытуға қатысты қажетті шешімдер қабылданғанын айтып, жобалық құжаттаманы әзірлеуді жеделдетуді және жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді тапсырды.
Қалай алғанда да, Атырау үшін кәріз жүйесін дамыту – жай ғана коммуналдық жобаның бірі емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне, баспанасының сақталуына және қаланың болашақ дамуына тікелей әсер ететін мәселе. Ендігі кезекте бесжылдық жоспардың қағаз жүзінде қалмай, тұрғындар күткен нақты нәтижеге айналуы маңызды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы
