Хорватия астанасы Загребте 13-15 қараша аралығында дзюдодан Гран-при турнирі өтті. Алты құрлықтан 66 елдің 462 спортшысы қатысқан жарыс биылғы халықаралық күнтізбедегі ауқымды додалардың біріне айналды. Ерлер мен әйелдер жеті-жеті салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Қатысушылар саны мен құрамының алуан түрлілігі әр салмақтағы бәсекенің деңгейін айқындай түсті.
Загреб татамиіндегі бәсеке
128
оқылды

Жарысқа 276 ер және 186 әйел спортшы қатысты. Осылайша, жалпы қатысушылардың шамамен 60 пайызы – ерлер, 40 пайызға жуығы – әйелдерден тұрды. 

Екі санаттағы спортшылар санының айырмасы – 90. Әйелдер де жеті салмақ дәрежесінде сынға түскенін ескерсек, бұл көрсеткіш дзюдодағы қатысу ауқымын бағалауға мүмкіндік береді. Загребтегі жарыс Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды. Ұлттық құрама бір алтын және екі күміс медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. 66 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Серікбай чемпион атанса, Ғалия Тынбаева мен Аман Бақытжан финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер болды.

Қазақстандық дзюдошылардың жеңісі жас спортшыларға да үлкен мақсаттарға ұмтылуға жол ашады. Отандық дзюдоның дамуын бағамдағанда, халықаралық турнирлердегі әрбір нәтиженің маңызы бар. Гран-при жарыстары спортшыларға әлемдік рейтингте ұпай жинап, тәжірибелі қарсыластармен белдесуге мүмкіндік береді. Мұндай бәсекеде жүлдеге қол жеткізу үшін сәтті мүмкіндікті мүлт жібермей, жарыс бойы бабын сақтап, әр қарсыласқа сай тактика құру қажет. Загребтегі турнир қазақстандық дзюдошылардың осы талаптарға дайын екенін көрсетті: ұлттық құрама бір алтын және екі күміс медальмен елге оралды.

Финалдық кезеңдегі тартысты белдесулер

Әйелдер арасындағы 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Қазақстан өкілі Ғалия Тынбаева Италия спортшысы Ассунта Скуттомен кездесті. Тынбаева белдесудің алғашқы сәтінен шабуылға шықты. Екі спортшы да жеңіске ұмтылғанымен, алғашқы ұпай Скуттоның еншісіне кетті. Белдесу қайта жалғасқан сәтте Тынбаева италиялық қарсыласын әдіске түсіріп, юко ұпайын еншіледі. Осылайша есеп теңесті. Алайда соңғы минутқа қарай Скутто өзіне тән сэой-отоси әдісін қолданып, тағы бір юко ұпайын алды да, алға шықты. Тынбаева қарқынын үдете түскенімен, италиялық спортшы қарсы шабуылға мүмкіндік тапты. Ол әдісті сәтті орындап, ваза-ари ұпайына қол жеткізді. Осы ұпайдан кейін Скутто басымдығын бекітіп, соңғы қоңырау соғылғанда алтын медальға ие болды. Ғалия Тынбаева күміс жүлдені қанағат тұтты.

Бірнеше жыл бұрын Ян Юн Вэй Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған. Содан бері ол шапшаңдығы мен қауіпті шабуылдарын сақтап, ірі жарыстарда жүлде алуға қабілетті екенін бірнеше рет дәлелдеді. Қарсыластары оның кез келген сәтте ұпай еншілей алатынын жақсы біледі. Загребте оған қарсы Қазақстан өкілі Аман Бақытжан белдесті. Финалдың басында-ақ Бақытжан тәжірибелі қарсыласына қысым көрсетіп, зейіні мен сенімділігін байқатты. Ол қуатты сэой-отоси әдісін орындап, Янға ваза-ари ұпайын бергізді. Алайда Ян саспады. Ол аса дәл орындалған ко-учи әдісімен жауап қайтарып, есепті теңестірді. Келесі кезеңде Ян ұстасу кезінде басымдықты өз қолына ала бастады. Ол Бақытжанның шабуылдарын сәтті бейтарап­тандырды. Қосымша уақыт басталғанға дейін әр спортшы екі ескертуден алған еді. Жеңімпазды анықтау үшін белдесу тағы жеті минутқа созылды. Ақыры үшінші ескерту Аман Бақытжанға беріліп, жеңіс Ян Юн Вэйге бұйырды. Қытайлық Тайбэй өкілі жүлделер қоржынына тағы бір медаль қосты, ал қазақстандық дзюдошы турнирді күміс жүлдемен аяқтады.

Қазақстандық Эсмигүл Куюлова қола жүлде үшін Хорватия өкілі Ива Оберанмен кездесті. Оберан осото-гари әдісін қолданып, қарсыласын татамиге алып ұрды. Нәтижесінде, хорватиялық жанкүйерлердің қуанышы еселеді.

Алғашқы Гран-при, тарихи алтын

Ерлер арасындағы 66 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Серікбай үшін финалға жету де, қарсыласы Роналд Лимамен белдесу де үлкен сынақ болды. Бразилиялық дзюдошы сол күні Загребте жоғары деңгейде күресіп, әдістерін дәл әрі қолайлы сәтте орындаған еді. Ол оң жақтан да, сол жақтан да шабуылдай алатын, жақыннан да, алыстан да белдесуге бейім спортшы ретінде танылды. Ендігі мәселе – Лиманың осы қарқынын финалда да сақтай алуы еді. Серікбай болса қарсыласын қысымға алып, бүкіл денені қатыстыратын шабуылдарымен тоқтатуға дайын болды.

Белдесудің басында Лима басымдық танытқандай көрінді. Алайда Серікбай сабыр сақтап, табандылықпен күресті. Қарсыласының әдіс қоры мол болғаны қазақстандыққа қиындық тудыруы мүмкін еді. Соған қарамастан, ол алғашқы екі минутта қорғанысын сауатты құрып, өзі де шабуыл қарқынын бәсеңдетпеді.

Белдесудің орта тұсында Серікбай Лимаға жақындап, қолтық тұсынан ұстай алды. Осы сәтті тиімді пайдаланған қазақстандық дзюдошы қуатты сумі-гаэси әдісін қолданып, соңғы сәтке дейін қарсыласын бақылауда ұстады. Төреші иппон берді. Осылайша, Серікбай финалда жеңіске жетіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.

«Бұл – менің алғашқы Гран-при турнирім. Бүгін алтын медаль алғаныма өте қуаныштымын. Роналд Лимаға қарсы қолданған әдісімізді бапкерлер тобымен бірге алдын ала жоспарладық. Бұған дейін онымен кездесіп, мұндай белдесуде күресіп көрмеген едік. Жеңістің сәтті аяқталғанына қуаныштымын», – деді Нұрқанат Серікбай.

Загребтегі жарыстың жарқын жеңісі 66 келіге дейінгі салмақта белдескен Нұрқанат Серікбайдың еншісіне тиді. Финалда ол бразилиялық Роналд Лимамен кездесіп, шешуші сәтте сумі-гаэси әдісін сәтті орындады. Қарсыласын татамиге алып ұрғаны үшін төрешілер иппон беріп, жеңісті қазақстандық спортшыға тіркеді. Бұл алтын медаль Серікбай үшін Гран-при турниріндегі алғашқы жүлде болды. Ол халықаралық жарыстағы алғашқы финалын чемпиондықпен аяқтады. Халықаралық дзюдо федерациясының ресми сайтына берген сұхбатында Серікбай финалдағы әдіс бапкерлерімен алдын ала ойластырылған тактиканың бір бөлігі болғанын айтты. Қарсыласымен бұрын белдеспегеніне қарамастан, қазақстандық спортшы татамиде байсалдылық танытып, өзіне қолайлы сәтті күтті. Мұндай жеңісте әдістің шебер орындалуы ғана емес, белдесудің барысын дұрыс бағамдай білу де шешуші рөл атқарады.

Қазақстан қоржынына тағы екі күміс жүлдені Ғалия Тынбаева мен Аман Бақытжан салды. 48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Тынбаева мен 60 келіге дейінгі салмақта белдескен Бақытжан финалға дейін жетіп, турнирді екінші орынмен аяқтады. Осылайша, үш жүлде ұлттық құраманың Загребтегі ортақ табысына айналды.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ