Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш Еуропалық одақтың 2028–2034 жылдарға арналған бюджеті аясында Украинаға 100 миллиард еуро бөлу жоспарына қарсы екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, Киевке қаржылай көмек ЕО-ның ортақ бюджетінен тыс қарастырылуы керек. Бұл туралы UNIAN мәліметіне сілтеме жасап Aikyn.kz хабарлайды.
Бабиш Еуропалық одақтың жаңа бюджет жобасын Чехия үшін «мүлдем қолайсыз» деп атады. Ол құжатта Украинаға бөлінетін қаражатқа қоса, Еуропалық парламент пен Еуропалық комиссияны ұстауға жұмсалатын шығындарды да сынға алды.
Чехия үкімет басшысының айтуынша, ЕО-ның жаңа ұсынысы елге бөлінетін қаржыны 7,5 миллиард чех кронына қысқартуы мүмкін. Сонымен қатар ол Украинаға көмекті Еуропалық одақтың ортақ бюджетінен бөлек қаржыландыру қажет екенін айтты.
Бұған дейін Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта 2028–2034 жылдарға арналған көпжылдық бюджет бойынша жаңартылған ұсынысты таныстырған болатын. ЕО елдері құжаттың көлемі мен басым бағыттарын әлі талқылап жатыр. Кошта жыл соңына дейін ортақ келісімге келуді көздейді.
