Жұмыс сапарымен мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Глеб Щегельский, Александр Суслов және Ольга Шишигина, Светлана Бычкова, Аманжан Жамалов Павлодар облысына барды. Сол күні Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Николай Дычконың қатысуымен Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының медицина қызметкерлерімен кездесу өтті.
Іс-шара барысында Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының директоры Әділ Дюржанов халық қалаулыларын жетекші мамандандырылған орталықтың қызметімен таныстырды. Оның мәліметінше, ұйым құрылғалы бері орталықта жалпы саны
20 мыңнан астам ота жасалған.
– Орталық осыдан алты жыл бұрын ашылды. Қазіргі таңда жылына төрт мыңнан астам күрделі және қарапайым операция жасауға мүмкіндігіміз бар. Отандық жүрек дәрігерлері шетелдік әріптестерімен иық тірестіріп, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуде. Дәрігерлер жоғары технологиялы операциялардың жаңа түрін енгізуде. Кластер шеңберінде жедел медициналық көмек, санавиация, емханалық және кардиохирургиялық қызметті біріктірдік. Нәтижесінде, аймақта жүрек ауруларынан келетін өлім-жітім 30 пайызға, ал жүрек ақауларын ерте кезде анықтау көрсеткіші 100 пайызға жетті, – дейді Әділ Дюржанов.
Орталықтың жұмысымен танысу кезінде депутаттар көптеген ауруды зерттеу және анықтау тәсілдерін, жүрек-қантамыр жүйесінің түрлі ауруларын жылдам және сапалы диагностикалауға мүмкіндік беретін диагностикалық ем-шаралардың сан түрін тамашалауға мүмкіндік алды.
– Павлодар кардиоорталығы соңғы үлгідегі жоғары технологиялық медициналық техникалармен жабдықталған. Бүгінде кардиоорталық заманауи кардиохирургия мен интервенциялық кардиологияның барлық бағыттарын біріктіреді және ересектерге де, балаларға да көмек көрсетеді. Бұл халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыруға және сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Мәжіліс депутаты Ольга Шишигина.
А.Жасанұлы