Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен #NurOtanPikir еркін пікірталас алаңының кезекті отырысы өтті. Онда қатысушылар «Жаңа әлемдегі жастар келбеті» тақырыбында ой қозғап, еліміздегі бүгінгі жастар саясаты, осы салаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау және бүгінгі жас буынның бағыт-бағдары жайында сөз өрбітті. Отырысты ғалым, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізді.
Қазіргі таңда Nur Otan партиясы өз қызметін жаңғырту жолында бірқатар тың бастамаларды қолға алып, жүйелі жұмыс істеп келеді. Соның нәтижесінде партия тарапынан өзекті мәселелерді талқылап, олардың оң шешілуіне ықпалын тигізетін алаңдар қолға алына бастады. Бүгінде партияның #NurOtanTrends, #NurOtanTalks және #NurOtanPikir пікірталас алаңдары тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Алдыңғы екі алаңда негізінен экономикалық, саяси тақырыптар, стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру жолдары, жаңа бастамалардың тиімділігі сияқты өзекті мәселелер талқыланса, #NurOtanPikir клубында халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту, сол арқылы ұлттың санасын ояту, мемлекеттік тіл мен мәдениетімізді одан ары дамыту, тәуелсіздігімізді нығайту сияқты ұлттық мәселелер жайы сөз болады.
Бүгінгі отырыста алғаш болып сөз алған Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары еліміз үшін жастар мәселесінің маңызы қашанда жоғары екенін атап өтті.
– #NurOtanPikir алаңының кезекті отырысын жастарға арнауымыз кездейсоқ емес. Себебі, кез келген мемлекеттің болашағы оның жастарына байланысты екені белгілі. Сондықтан жастардың қалыптасуына аса мән беруіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол қазіргі таңда еліміздің маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанына назар аударып, осындай сәтте жастар да жауапкершілікті сезінуі керектігін тілге тиек етті. Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары соңғы жылдары елімізде мемлекет тарапынан жастарға айтарлықтай жағдай жасалып жатқанын да айтып өтті.
– Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялап, осы саладағы басымдықтарды айқындап берді. Оларды жүзеге асыруға біздің партия да белсене қатысады. Сондай-ақ біз партиямыздың кезекті XVIII съезінде қабылданған жаңа бағдарламамызда да жастар мәселесіне үлкен көңіл бөлдік. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырамыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, партияның жаңа бағдарламасында алдағы 10 жылда жүзеге асыратын нақты он мақсат анықталған. Олардың бірі жастарға қолдау көрсету ісіне арналып отыр. Осы бағытта партия үш басымдықты анықтады.
– Жаңа құжатта нақты он мақсатты анықтап алдық. Солардың бірі жастарға қолдау көрсету ісіне арналды. Біз Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес жастарға әлеуметтік қолдау көрсету, жас буынның әлеуетін дамытып, олардың арасында патриотизмді күшейту және мемлекеттің жастар саясатының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру сияқты бағыттарды анықтап алдық. Қазіргі таңда осы басымдықтарды жүзеге асыру үшін нақты жұмыстар қолға алынды, – деді Мәулен Әшімбаев.
Кеңінен тарқатып айтар болсақ, бірінші басымдық жастарға әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған. Бұл бойынша тұрғын үй мәселесін шешу, дамыған елдердің деңгейіндегі жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету, жастарды жұмысқа орналастыру, білікті жас мамандардың ауылдық жерлерге барып жұмыс істеуіне ықпал ету, жастарға ұдайы қамқорлық көрсетіп, олармен жүйелі түрде кері байланыс орнату, өмірден өз орнын таба алмай жүрген NEET-жастардың мәселелерін шешу сияқты шаралар қарастырылған.
Екінші басымдық – жастардың әлеуетін дамытып, жас буын арасында патриотизмді арттыру. Бұл жердегі ең басты мақсат жастар арасында дұрыс құндылықтарды дәріптеу, патриот, санасы ашық, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жас буынын тәрбиелеу.
Үшінші басымдық – мемлекеттік жастар саясатының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру. Бұл бағытта партиямыз жастар ісі мен отбасын дамыту саласындағы Жол картасының орындалуын бақылауға алу, жастар қоғамдық ұйымдарын өңірлік деңгейдегі жастар бастамаларын іске асыруға жұмылдыру, «Партияның жас кадрлар резервін» қалыптастыру және Jas Otan Жастар қанатының рөлін арттыруды мақсат етіп отыр.
Жастар жылының ашылуында Елбасы қазіргі таңда бәсекеге қабілетті 100 мамандық бар екенін айтып, жастарды сол мамандықтар бойынша оқытып, сапалы маман даярлау керектігін тапсырды. Бұл мәселемен арнайы министрліктер айналысып жатқанымен Nur Otan партиясы да өз үлесін қосып келеді. Осы мәселеге көңіл бөлген Мәулен Әшімбаев партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Жұмыспен қамту ісінде ең алдымен кәсіпкерлікті дамытуға сол арқылы жастардың кәсіппен айналысуына мүмкіндік беруіміз керек. Осы салада партия нақты жобаларды жүзеге асыруда. Нақты айтқанда, еліміз бойынша ІТ орталықтар ашып, жұмыссыз және мамандығын өзгерткісі келетін жастарымызды қайта оқытып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына қолдау көрсетіп жатырмыз, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сонымен қатар іс-шара барысында қазақстандық жастардың шетелге кету мәселесі де сөз болды. Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев мұндай тәжірибенің әлемде кеңінен тарағанын айтты.
– Жастардың шетелге кетуі – әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жүрген өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселенің бірнеше деңгейі бар. Егер жас азамат шетелге білімін жетілдіріп, білікті маман болып қалыптасу үшін, жаңа кәсіп бастау үшін барып, ол ойын жүзеге асырып жатса, өзі үшін де, еліміз үшін де пайдалы. Біз бір шеңбермен шектелмеуіміз керек. Әсіресе, қасымызда Қытай сияқты, ар жағында Үндістан сияқты алпауыт нарықтар тұрған кезде соларды игеруге талпынуымыз керек. Біз осылай өз ісімізді жаңа белеске көтеруді мақсат тұтуымыз қажет. Сол себепті, шетелге кетіп жатқандардың бәріне тосқауыл қою керек деген біржақты пікірлер дұрыс емес. Ал егер жастарымыз еліміздегі жағдайларға көңілі толмай, басқа себептермен кетіп жатса ол басқа әңгіме. Ондай кезде біз зерттеп, зерделеп, себептерін анықтап, оны болдырмаудың жолдарын қарастыруымыз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан басқа отырыста ауыл жастарына қатысты мәселе де көтерілді. Аталған мәселе жайында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары ауыл жастарының бәсекеге қабілетті болуы үшін ауыл мектептерінің беделін өсіріп, олардың білім деңгейін көтеру керегін айтты.
Ал жастарды дұрыс тәрбиелеу ісіне қатысты Мәулен Әшімбаев, ең алдымен, өскелең ұрпақ арасында дұрыс құндылықтар қалыптастыру керегін тілге тиек етті.
– Жастарды тәрбиелеу, жаңа заман тұлғаларын қалыптастыру туралы айтқанда, жас буын арасында дұрыс құндылықтарды қалыптастыруды ескеруіміз керек. Соның ішінде адамгершілік, қарапайымдылық, еңбекқорлық, табандылық сияқты қасиеттерге басымдық берген жөн. Мұның барлығы көздеген мақсатқа жетелейтін қадамдар. Елбасының «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламасының да басты мақсаты осындай құндылықтарды жастардың бойына сіңіру екені белгілі. Бұл істе, аға буынға, яғни бізге, сондай-ақ зиялы қауымға жүктелер жауапкершіліктің жүгі ауыр. Сондықтан осы істе бәріміз күш біріктіріп жұмыс істеуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, іс-шара барысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Shalqar радиосының директоры Қалқаман Сарин, кәсіпкер, ІТ технологиялар саласында қызмет көрсететін STEM академиясының негізін қалаушы Әбутәліп Мүтәлі, Qazaqstan ұлттық телеарнасының жүргізушісі Әйгерім Есенәлі, Nur Otan партиясы Баспасөз қызметінің басшысы Максим Споткай және Jas Otan Жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек көтерілген тақырыпқа қатысты өз ойларын айтып, пікірлерін білдірді.
Пікірлер
Жұлдыз Омарбекова,
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі
– Соңғы жылдары жастар саясатына, олардың оқып, білім алуына көп көңіл бөлініп жатыр. Бірақ бағдарлама, жобалар қала жастарына ғана қолжетімді. Біз ауыл жастарының да қаладағы замандастарымен бірдей жетістіктерге жеткенін қалаймыз. Олардың оқуы, тіл меңгеруі, жаңа заманның сұранысына сай мамандық таңдауына жол көрсете алсақ, еңбегіміз нәтижелі болады.
Елбасы «Жастар жылын мерекелік іс-шара, форумдармен өте шықпасын» деп нақты тапсырмаларды іске асыру керектігін айтты. Жастарды қолдауға арналған Жол картасы 86-бөліммен тұрады. Оның ішінде, биыл 5 форум өткізу қарастырылған. Жастарды жинап форум өткізгенде, оларға жаңашылдықты үйрету өте пайдалы. Әр аймақтан жиналған жастар бір-бірімен тәжірибе алмасады. Біз жастарға жағдай жасасақ, олар жаңа қоғамды қалыптастырады. Жаңашылдыққа бастайды. Біз жастардың баспаналы болуына жағдай жасайын деп жатырмыз.
Қалқаман Сарин,
ақын, Shalqar радиосының директоры:
– Оқу-білім іздеумен қатар, шет тілін жетік меңгермесе де шетелге қара жұмыс істеуге кететін жастардың қарасы көп. Ауыл жастарына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді. Үлкен қалаларға жұмыс іздеп шалғайдан келетін жастардың мүмкіндігін, күш-жігерін дұрыс пайдаланып отырған жоқпыз. Мегаполистерге жұмыс іздеп келеді. Жалақы жетіспеушілігі, баспана жоқтығы қылмысқа итермелейді. Үлкен қалаларда 3 қылмыстың 2-уін ауылдан келген жастар істейді екен.
Одан бөлек, шетелге сол елдің тілін білмесе де, қара жұмыс істеуге топ-тобымен кетіп жатқан жастардың проблемасын зерттеу қажет. Қазіргі таңда әлеуметтік әлімжеттік өршіп тұр. Оның әртүрлі себептері болуы мүмкін. Бірақ бала тәрбиесі, отбасы құндылықтарын қай қоғамда да бір сәтте естен шығармауымыз керек. Әсіресе, мектеп оқушылары, студент жастар арасындағы әлеуметтік теңсіздіктердің түбінде тұрмыстық ахуал жатыр. Сондықтан жастар, жас отбасыларды қолдауды жүйелі жүргізу керек деп санаймын.
кәсіпкер, STEM академиясының негізін қалаушы:
- Оқимын, білім аламын, кәсіп ашамын деген жастарға мемлекет тарапынан жете көңіл бөлінуде. Шетелге барып оқу, шет тілін меңгеруге шектеу жоқ. Сол игіліктерді пайдаланып, туған елдің дамуына үлес қосуымыз қажет. Соңғы жылдары кәсіп ашамын деген азаматтарға құжат рәсімдеу мәселесі оңтайландырылып жатыр. Бірақ оның ішінде, жас кәсіпкерлерге әлі де айрықша қолдау қажет. Салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылса, құба-құп болар еді.
Жастардың идеясы, табысты жобасы елдің дамуына үлес қосады. Кәсіп ашамын деген жастар көбінесе, қағазбастылыққа уақыт жоғалтады. Құжат тапсыру мәселесін бюрократияға жол бермеу керек. Әрбір жастың идеясының жүзеге асқаны қоғамға пайдалы.
Дәулет Кәрібек,
Jas Otan Жастар қанатының атқарушы хатшысы:
– Жастармен жұмыс жүргізудің сан түрлі бағыты бар. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған. Білімді, бірнеше тіл білетін жастардың әлеуетін дұрыс пайдалана алуымыз қажет. Бүгінде Jas Otan Жастар қанатының 164 мың мүшесі бар. Күш-жігері тасып тұрған жастарға дұрыс жол көрсете алсақ, ұтарымыз көп. Оларға дұрыс бағыт-бағдар, жол көрсету – біздің міндетіміз. Күні бүгінге дейін 54 мың жас «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында еңбек етіп жүр. Бес мыңдай жас маман еліміздің 17 аймағында шет тілін үйретуге атсалысып жатыр. Қоғам дамыған сайын жаңа дүниелерге сұраныстың артуы – қалыпты жағдай. Сондықтан партия зияткерлік жобаларға айрықша көңіл бөліп келеді. Мәселен, бір ғана «Нуринтех» жобасы аясында көптеген идеялар қоғамның кәдесіне жарады. Осындай жобалар жастардың идеясын жүзеге асыруға жол салады. Мүмкіндік жасайды. Жаңа идеялар қоғамның дамуына оң ықпал етеді.
Әйгерім Есенәлі,
Qazaqstan ұлттық телеарнасының жүргізушісі:
– Қазір жастарға жол көрсететін тренингтің түрі көп. Соның бәрі бірдей пайдалы деп айта алмаймын. Қазіргі жастар еліктейтін тұлғалардың көп болғаны жақсы, әрине. Тренингтерге сүзгі керек. Жастар арасында «Жүз жаңа есім» сияқты үлгі боларлық азаматтарды насихаттап жүрміз. Олардың жетістігі, еңбекқорлығы өзінен кейінгі жастарға үлгі. Қазіргі жастардың пікірінің қалыптасуына әлеуметтік желі әсер етіп жатыр. Жаппай танымалдылыққа ұмтылу үрдісі байқалады.
Танымал болсам, тұрмысым жақсарады деген мақсат алға шығып кеткен. Тез баю, теледидар, әлеуметтік желі арқылы жиі ел алдына шығу сәнге айналды. Біз осындай үгіт-насихаттың мүмкіндігін дұрыс бағытқа пайдалана алуымыз керек.
Максим Споткай,
Nur Otan партиясы баспасөз қызметінің басшысы:
– Партия тарапынан жастар саясатын дамытуға арналған көптеген жоба нәтижесін беруде. Жастардың жетістігін, қоғамға енгізген жаңалығын дәстүрлі БАҚ-пен қатар әлеуметтік желі арқылы да жан-жақты жарнамалауымыз керек. Жастар үлгі тұтатын қаһармандар ел арасында көп.
Бейбіт күннің батырларын насихаттаудың жастар тәрбиесінде алатын орны ерекше. Қоғамдағы жастар мәселесін шешуге партия тарапынан жасалып жатқан жобалардың тиімділігі, әлі де болса жетілдіретін тұстары бар. Олардың еңбегін дұрыс пайдалану, оларды қолдау, ұсыныс-пікірлерін ұдайы елеп-ескереміз. Партия тарапынан ғылымды дамытуға ерекше атсалысып жүрген жастарға үздіксіз қолдау көрсетіледі.