Футболдан Қазақстан құрамасының ойыншысы жансақтау бөлімінде жатыр
Футболдан Қазақстан құрамасының ойыншысы жансақтау бөлімінде жатыр
380
оқылды

Клубтың бас дәрігері жұмысынан босатылған

Футболдан Қазақстан құрамасының және қостанайлық «Тобылдың» ойыншысы Дмитрий Мирошниченко жансақтау бөліміне түсті.

«Тобыл» бас бапкері Владимир Газзаев «Ордабасымен» болған ойыннан кейін өткізген баспасөз мәслихатында Дмитрийдің ұшынып ауруханаға түскенін хабарлады. Бұған дейін дәл осындай диагнозбен «Тобыл» ойыншысы Сенин Себаи да ауруханаға жеткізілген еді. Газзаевтың айтуынша, Мирошниченконың жағдайы әлі ауыр күйінде қалып отыр.

«Біз бүкіл команда болып оның жағдайына алаңдап отырмыз. Оның тезірек сауығып кетуін тілейміз. «Астанамен» матчқа дейін біздің команда ауыр жағдайда қалған. Команданың бас бапкері ретінде кәсіби көзқарасым тұрғысынан клуб бас дәрігерінің жағдайына көңілім толмайтынын жариялағым келеді. Ол бүгіннен бастап жұмысынан босатылды. Бұл туралы клуб директорымен сөйлесіп, деңгейі жоғары жаңа дәрігер табу туралы өтініш білдірдім» дейді Газзаев.

Сондай-ақ команданың негізгі ойыншыларының бірі, Грузия құрамасының ойыншысы Джаба Канкава да бүгінгі ойынға қатысқан жоқ. Хавбек сол жақ тізесінен жарақат алған. Ол жарақатынан алдағы 10-12 күн шамасында айығуы мүмкін.

Дмитрий ұлттық құрама сапында осы уақытқа дейін 8 матчқа қатысқан. Ал "Тобыл" құрамында 2016 жылдан бері 88 матчқа қатысып, 1 мәрте гол соққан.