Мәжіліс депутаттары – Атырауда
Мәжіліс депутаттары – Атырауда
410
оқылды

Мәжіліс депутаттарының Атырау аймағына іссапарлары Азғыр өңірінен соң Махамбет ауданында жалғасты.

Парламент депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасбулатов, Тарас Хитуов, Сергей Симоновтар Махамбет ауданына барды. 
Аудан активімен және аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлік саласындағы шаруашылық басшыларымен жүздескен Мәжіліс депутаттары Сарайшық елдіме­кеніндегі «Атырау АгроӨнімдері» ЖШС-да болды. Облыстың ауылшаруашылық сала­сында салмақты үлесі бар «Атырау Агро­Өнімдері» ЖШС – егін, алма бағы, лимон кешені, ешкі фермасы, төрт түлік мал, ара, құс, балық өнімдерін өндіріп отырған сан салалы шаруашылық. Бүгінде мемлекеттен алған қаражатын уақытылы төлеп, өз пай­даларына жұмыс істей бастаған шаруашылықта аудан тұрғындары тұрақты жұмыс істеуде.
– Бізге халық тарапынан әлеуметтік салаларға қатысты  сауалдар жиі келеді. Елдімекендерге барып, халықтың тұрмысымен танысып, өңірдегі жағдайды көруге келдік. Елбасының халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы әлеуметтік мәселелерді шешу туралы, көпбалалы және аз қамтылған отба­сыларды қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарылатынын халыққа түсіндірудеміз. Парламентте көпбалалы аналар мен аз қам­тылған отбасыларға, жастарды қолдау үшін оларды тұрғын үймен қамту жөнінегі заң жобасы қаралып, сарапталуда. Атырауда Елбасы бастамаларының нәтижесінде жүзеге асып отырған мемлекеттік бағдарламалар бүгінде жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетуде. «Атырау Агро Өнімдері» шаруа қожалығы сан салалығымен ерекшеленеді. Елдегі жұмыссыздықты азайту басты назарда болса, сол бағытта жақсы көрсеткіш көрсетіп отырған осы шаруашылық деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде В.Розметов басқаратын ша­руашылықтарда 800-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Бір ғана алма бағының 32 түрінен өткен жылы 400 тонна өнім алған. Ешкі фермасының өнімі өз алдына, бүгінде бұл шаруашылықта лимон өсіру жолға қойылған. Атырау өңірінің жері құнарлы емесін өздеріңіз білесіздер, алайда маңдай терді төге білсе, біздің жерімізде лимон да өсетінін осы шаруашылық дәлелдеп отыр. Еліміз бойынша ең арзан жұмыртқа Атырау облысында. Бұдан басқа, бөдене жұмыртқасы да жергілікті халықтың сұранысын өтеп отыр, – деген Бақтықожа Ізмұхамбетов алдағы Президент сайлауына халықтың белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға жауапкер­ші­лікпен қарауы маңызды екенін айтты. 

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы