Насихат жұмыстары басталады
Насихат жұмыстары басталады
446
оқылды

Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалының мәжіліс залында съез шешімімен Қазақстан президенттігіне ұсынылған кандидатты қолдау бойынша облыстық қоғамдық штабтың құрыл­ғаны туралы брифинг өтті.

Жергілікті ақпарат құралда­рының өкілдеріне арнайы мәлі­мет берген штаб төрағасы Шәб­ден Тілеумұрат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі об­лыс­тық штаб құрылғанын жет­кізді. Облыс деңгейінде жұмыс жасайтын штаб төрағасының үш орынбасары бар. Олар – партия Саяси кеңесінің мүшесі, Қа­зақ­стан­ның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров, партияның Тараз қалалық Саяси кеңесінің мүшесі, М.Дулати атындағы ТарМУ-дың проректоры Асқар Абдуалы, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов. Штабтың негізгі міндеті – пре­зиденттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсету, оның сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру бойынша жан-жақты насихат жұмыстарын жүргізу.

– Қоғамдық штаб құрамында Жамбыл облыстық мәслиха­ты­ның депутаттары, қоғам қайрат­керлері, партия облыстық фи­лиалы Саяси кеңесінің мүшелері мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ пар­тия облыстық филиалы қыз­меткерлерінен құралған 73 адам бар, олардың 31-і – облыстық қоғамдық штаб құрамындағы сенімді өкілдер, 32-і – қоғамдық штаб аппараты және 10 жасо­тан­дық жастардан жасақталғандар. Сайлау науқанына жан-жақты әзірлік жасау, үміткердің сай­лауалды тұғырнамасын түсіндіру жөніндегі үгіт шараларын жүргізу, сенімді өкілдер мен белсен­ділердің жұмысын үйлестіру – штабтың негізгі міндеті. Барлық штабта қамтылған адам саны – 458. Оның ішінде облыстық штабта 73 адам, оның 32-сі – штабтың аппараты. Бүгінгі күнге облыстық штаб жұмыс жоспары жасалып, бекітілді. Біздің облыстық партия ұйымында 337 бастауыш партия ұйымына біріккен 70 мың партия мүшесі бар. Бірінші кезекте сайлау ту­ралы Конституциялық заңның талабына сәйкес, облыс бойынша 968 сенім білдірілген өкілдер бекітілді. Барлық 968 сенімді өкіл тіркеуден өтіп, куәлік алды. Біз сайлау кезінде ресурстардың бәрін іске қосып, науқанға тиімді пайдалана білуіміз керек. Бұл рет­те бұқаралық ақпарат құралда­рымен бірге қазіргі таңдағы ең жедел де ауқымды сала болып отырған әлеуметтік желілер мүм­кіндігін барынша тиімді пайда­лануға күш саламыз. Nur Otan партиясы алда өтетін Президент сайлауына дайын. Бұл науқанда өзіміздің алға қойған мақсаты­мызды толық орындап шығаты­нымызға сенімдіміз, – деді штаб төрағасы Шәбден Тоқтасынұлы.

Сондай-ақ төраға прези­денттік­ке үміткер Қ.Тоқаевты қолдауға ар­налған штабтар Тараз қала­сын­да және облыстың барлық ауда­нында құрылғаны, облыстық қо­ғам­дық штаб өз тарапынан сайлау науқанын қолданыстағы заңнама аясында жоғары дең­гейде өтуіне бар күшін салатынын жеткізді.

 

Жамбыл облысы