«Канелоның» промоутері үшінші жекпе-жек үшін Головкинге шарт қойды
«Канелоның» промоутері үшінші жекпе-жек үшін Головкинге шарт қойды
352
оқылды

Головкин бір уақыттары өзінің де қателік жіберіп алғанын мойындапты

Сауль «Канело» Альварестің промоутері Оскар де ла Хойя қазақстандық Геннадий Головкин мен Альварестің үшінші жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді. 

«Неге үшінші кездесуді ұйымдастырмасқа. Біз оны істеуге міндеттіміз. Бәрі әртүрлі шаруаларға тәуелді. «Канело» бірнеше нұсқаны қарастырады – 168 немесе 175 фунт бойынша. Алдымен WBO чемпионы Деметриус Андраде Головкинмен төбелеседі. Қай жеңгені «Канеломен» жолығады. Осындай сценарий бар. Бұл әрине көп нұсқаның бірі ғана» дейді Оскар

Головкин болса бір уақыттары өзінің де қателік жіберіп алғанын мойындапты. «Мен – бокстың фанатымын. Әлі де үйреніп, барынша биіктерге жетуге тырысамын. Тоқтамауым керек. Өйткені соңғы бірер жыл тоқтап, алға жылжымай қалдым. Мен жас жігітпін, тәжірибе артықтық етпейді» дейді Головкин.

Еске салсақ, бүгін Лас-Вегаста мексикалық "Канело" Альварес пен америкалық Дэниэл Джейкобс кездесіп, төрешілер шешімі бойынша ұпай санымен Сауль "Канело" Альварес жеңіске жетті. Осылайша, Альварес Джейкобстың IBF белдігін де иеленіп отыр. Бұған дейін ол Геннадий Головкинге тиесілі чемпиондық белдіктерді алған еді. Енді орта салмақта абсолютті чемпион атану үшін Альвареске WBO титулы ғана жетіспей тұр.

Ал Головкин мен Роллс арасындағы жекпе-жек 8 маусым күні Нью-Йоркте Madison Square Garden аренасында болады. Аталған бокс кешінің андеркартында қазақстандық кәсіпқой боксшылар – Әли Ахмедов пен Данияр Елеусінов те жұдырықтаспақ.