Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түсіп, Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылса да түрлі себептерге байланысты тиісті наградасына қол жеткізе алмаған қаһармандар аз емес. Олардың қатарында қазақстандықтардың да бар екені белгілі.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында белгілі ғалым, отаншыл азамат Берік Әбдіғалиұлы біраздан бері арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Өткен жылы осы игі іске Nur Otan партиясы да қолдау көрсетіп, қол ұшын созған болатын. Соның нәтижесінде «Ұмытылған қаһармандар» атты кітап жарық көріп, жаңа туынды бүгін қалың оқырманға жол тартты. Бұл туралы Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында жариялады.
«Жобаның басты мақсаты – ұмыт қалған ардагерлеріміздің есімдерін дәріптеп, олардың ерліктерін кеңінен насихаттау, сол арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу. Бұл – бүгінгі бейбіт күніміздің кепілі болған батырларымыздың алдындағы біздің перзенттік борышымыз.
Кітапқа Батыр атағына ұсынылған 133 қазақстандық майдангер туралы мәліметтер енгізілген. Олардың бәрі марапаттау парақшасы тізімінен табылған ардагерлер. Дегенмен, ерліктері ескерілсе де, дер кезінде еленбей қалған батырларымыздың бұдан да көп екені белгілі. Сол себепті Nur Otan партиясы осы бағытта еңбектеніп жүрген азаматтарға қолдау көрсетуді одан әрі жалғастыра береді.
Бүгін көпшілікке таныстырылған жаңа еңбек біздің ауқымды жұмысымыздың бірінші кезеңі ғана. Келесі кезеңде бастаманың аясын кеңейтіп, батырларымыздың есімдерін мектептерге, көшелерге және ауылдарға беру ісін қолға алсақ деген жоспарымыз бар. Алдағы уақытта сол жоспарларымыздың да жүзеге асатынына сенеміз» делінген жазбада.