Орталық жұмысымен танысты
Орталық жұмысымен танысты
515
оқылды
Сыр өңірінде жұмыс сапарымен болған Мәжіліс депутаттары Абзал Ералиев, Наталья Жұмаділдаева, Балайым Кесебаева және Нұржан Әлтаев Талсуат ауылдық округінде орналасқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының жұмысымен танысты. Орталық Қызылорда облыстық халық депутаттары кеңесі атқарушы комитетінің 1990 жылғы 19 қыркүйектегі «Қызылорда қаласында балаларға арналған психоневро­логиялық интернат үйін ашу» туралы ше­шімімен құрылған. Халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық және жартылай стационарлық 7 бағыт бойынша арнаулы әлеу­меттік көмек көрсетіледі. Мекемеде 100 ста­ционарлық, 50 жартылай стационарлық қыз­мет көрсету мүмкіндігі қарастырылған, – дейді мекеме басшысы Айгүл Шамшатова. – Мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға медициналық, әлеуметтік жағдай жасауда ғимараттың қызмет көрсетуге арналған әрбір бөлмесі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда, негізінен, ДЦП, РОПЦНС, эпилепсия, дауна, гидроцефалия ауру­лары, сондай-ақ ақыл-есінің ауытқушы­лығы бар науқас балалар емделеді. Қазір ста­ционарда – 64, ал жартылай стационарда – 46 мүмкіндігі шектеулі балғындар тәрбиеленіп, ем алып жатыр. Мекеме басшысы кездесу кезінде балаларға көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлері жайын­да да айтып өтті. Оның айтуынша, орталықта ба­лалардың жеке қажеттіліктеріне қарай, олар­дың тұрмыстағы тыныс-тіршілігін қол­дауға бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық, денсау­лығын жақсартуға бағытталған әлеу­меттік-медициналық, психологиялық жай-күйін түзеуді көздейтін әлеуметтік-психо­логиялық, физиологиялық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілетін дамытуға әлеуметтік-педагогикалық, бос уақытын ұйымдастыруға әлеуметтік-мә­дени, өмір сүру деңгейін жақ­сарту мақса­тында әлеуметтік-экономикалық, заңды құ­қығы мен мүддесін қорғауға бағыт­талған әлеу­­­меттік-құқықтық қызмет түрлері көрсетіледі. Мәжіліс депутаттары орталық қызметімен танысып қана қоймай, нәтижелі жұмыс ат­қарып отырған сала қызметкерлерімен де кездесті. Онда Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тарға, соның ішінде балғындарға, аз қам­тыл­­ған және көпбалалы отбасыларды қолдауға ба­ғыт­талған әлеуметтік бастамаларын жүзеге асы­ру жөніндегі мәселелер сөз болды. Осы орай­­­да орталықтың қызметіне де оң баға бе­рілді. – Бірнеше күннен бері облыстағы бірқатар аумақта болып, шалғай елдімекендердің жағдайымен таныстық. Түрлі әлеуметтік нысанның пайдалануға берілгенін көзбен көрдік. Балалар орталығы – мүмкіндігі шектеулі балғындарымыз үшін қажет дүние. Мұнда барлық жағдай жасалған екен. Ұжым қызметкерлерімен тілдескенімізде мұндағы жағдайдың қалыпты екенін аңғардық. Сон­дықтан орталық жұмысына тек сәттілік ті­лей­міз. Ал облыс бойынша жергілікті тұр­ғын­дар­мен кездесу барысында байқағаным, ол ар­нау­лы әлеуметтік көмектің есептелуіндегі мә­се­ле. Бұл мәселелерді үкіметке ұсынамыз, – деді Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев.

Әбілмансұр ЖАСАН