Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Байділдә Жылқышиев, Мұхтар Ерман, Шавхат Өтемісов Бәйдібек ауданына іссапармен келді.
Елордадан келген жұмыс тобын ауданға Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов бастап барды. Халық қалаулылары аудандағы жеке кәсіпкерлермен, шаруа қожалықтарының төрағаларымен және студент жастармен кездесті.
Іссапар аясында Мәжіліс депутаттары Н.Сәбилянов, М.Ерман, Ш.Өтемісов және Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов Отырар ауданында болды. Бірнеше күннен бері облыстың аудандарын аралап, тұрғындармен жүздесіп, ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігімен етене танысып жүрген халық қалаулыларын ауданның бас қақпасы саналатын Шілік ауылынан аудан әкімі Ерлан Айтақановтың өзі күтіп алды.
Мәжіліс депутаттары алдымен Шілік, Қарақоңыр және Шәуілдір ауыл округтерінің тұрғындарымен жүздесіп, арнайы жиын өткізді. Жиынды аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы ашып, жүргізіп отырды. Келелі жиында сөз алған Мәжіліс депутаттары Мұхтар Ерман, Нұртай Сәбилянов, Шавхат Өтемісовтер Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстармен, жаңадан қабылданып жатқан заң жобалары жөнінде тұрғындарға жан-жақты түсінік беріп, көпшілікпен ашық-жарқын пікір алмасты. Халық қалаулылары жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірін тыңдап, өзекті деген мәселені өздерінің назарында ұстайтынын айтты. Елбасы Н.Назарбаевтың Nur Otan партиясының ХVIII съезінде айтқан тапсырмалары бойынша тұрғындарды баспанамен қамту, жалақы мен жәрдемақыны ұлғайту, еліміздегі білім, денсаулық салаларын одан ары дамыту, көпбалалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсету, қоғамдағы жұмыссыздықты азайту мәселесіне ерекше тоқталған депутаттар, бірлік бар жерде ғана берекелі тірлік пен толағай табыс болатынын ерекше атап өтті.
Кездесу жиынын қорытындылаған аудан әкімі Ерлан Айтаханов Елбасы берген тапсырмаларының ауданда кезең-кезеңімен орындалып жатқанын нақты мысалдармен келтіріп, арнайы іссапармен келген Мәжіліс депутаттарына мәнді де мағыналы әңгімесі үшін көпшілік атынан алғыс білдірді.
Сапар барысында Отырар археологиялық-қорық мұражайындағы тарихи құнды жәдігерлермен танысқан халық қалаулылары Арыстанбаб кесенесіне барып, зиярат етті. Шара қорытындысына сай, Мәжіліс депутаттарына аудан басшысы киелі өлкенің тарихынан сыр шертетін тарихи еңбектерді табыстады.
Түркістан облысы