Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр тұрғындарды қабылдады. Шараға сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, Nur Otan партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев қатысты.
Қордаланған мәселелерді шешу үшін билік пен бұқара арасына ашық диалог орнату мақсатында өткен кездесуде тұрғындар өзекті мәселелері бойынша тиісті мамандардан жауап алды. Олар көбіне тұрғын үй және жер телімі, үй құжатын рәсімдеу мәселелері төңірегінде өтініш-тілегін білдірді.
Қабылдаудың алғашқы қонағы Индира Бекбатырова мен Өскемен қаласынан келген Елена Белова да тұрғын үй құрылысына қаржы бөлу мәселесі төңірегінде мамандар кеңесіне жүгінді. Ал «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ президенті Еркін Дүйсембаев Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің жүргізген аудит нәтижесімен келіспейтінін жеткізсе, Марина Жапабаева ИЛ-18 ұшағын тіркеуде туындаған мәселелер жөнінде айтты.
Елордалық тұрғын Анар Табыс нормативтік-құқықтық актілердің мерзімін қысқарту, жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту процедураларын жеңілдету, жер учаскелерін бөлу, құрылыс тығыздығы және автотұрақ орындарының саны бойынша мемлекеттік сараптама жүргізу, проблемалық объектілерді салуға және пайдалануға рұқсат беру мәселелері бойынша туындаған сұрақтарына жауап алды.
Екібастұз қаласының тұрғыны Сәндігүл Қожанова өз кезегінде Нұр-Сұлтан – Павлодар мемлекеттік маңызы бар автомобиль жолында инфрақұрылым объектілерінің жетіспеушілігін сөз етті. Ол сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында көпір салудың және оның сапасына қатысты мәселелер бойынша мамандар кеңесіне жүгінді. Ал Гүлбаршын Сәдуақасова тұрғын үйді бұзу және өтемақы төлеу мәселелері бойынша сауал жолдады.
Азаматтар тарапынан айтылған ұсыныстар мен тілектер қабылданып, қарастыруға алынды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр тұрғындарды тыңдай келе, олардың мұқтаждықтарын заң аясында қарап, мәселелерін оңтайлы шешуге ықпал ететінін айтты.