Айтулы додаға Бауыржанов пен Ғалымбековтар, Кливенко мен Жалеловтер, Әбішев пен Тергемесовтер отбасы қатысып, өз өнерін ортаға салды.
«Шуақты шаңырақ» жас отбасылар байқауы сахналық сайыстар: таныстыру, өнер көрсету, отбасы құндылықтарына арналған сұрақ-жауап, нәзік жандылар кулинарлық сайысы бойынша өтті. Әр отбасының байқауға үлкен дайындықпен келгені жарыс кезінде анық байқалды. Көрермендер командаларына қызу қолдау көрсетіп, жанкүйерлік танытты.
Салауатты өмір салтын ұстану және отбасының командалық рухын көтеру мақсатында өткен спорттық шарада әр отбасы жеңіс үшін аянып қалмады. Алдымен сыртқы сайыс бойынша – «Тату отбасы» спорттық сайысы ұйымдастырылды. Ерлер арасында өткен қол күресі де тартысқа толы болды. Көрермендер бейнебаян арқылы LED экраннан қол күресін үлкен қызығушылықпен тамашалады. Әр кезең байқау ережелеріне сай өткізілді.
«Шуақты шаңырақ» жас отбасылар байқауының қорытындысы бойынша Семей қаласының Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің атынан шыққан Ғалымбековтар отбасы «Шуақты шаңырақ – 2019» байқауының бас жүлдесін иеленіп, турнир жеңімпазы атанды. Нәтижесінде үздік деп танылған команда Семей қаласы атынан облыстық сайысқа қатысуға жолдама алды.
Жайдарман көңілді тапқырлар клубы атынан шыққан Жалеловтер отбасы «Өнерлі отбасы» аталымын жеңіп алды. Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінен келген Бауыржановтар отбасы «Өнегелі отбасы» аталымын иеленді. Бауыржановтар отбасының анасы Айдана Бауыржанова «Үлгілі келін – 2019» аталымына ие болды. Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар, дипломдар, арнайы демеушілердің атынан сертификаттар табысталды.