Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі тыңдалды.
Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов төрағалық еткен қабылдауға басқа да уәкілетті органдардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Ақтау қалалық №2 емханасы бас дәрігерінің бірінші орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Лаура Мұхтарова, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік емес корпорациясының облыстық филиалының басшысы Әсет Мұқашев, Ақтау қалалық әлеуметтік қамсыздандыру жөнінде бөлім басшысы Самал Нұрбергенова, облыстық әкімдіктің өкілі Айнұр Абылғазиева, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қазима Ахметжанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Сағымбаев т.б. бар.
Бір күнде 17 адам қабылдауда болды. Олардың басым бөлігі Ақтау қаласы, Мұнайлы және Түпқараған аудандарының тұрғындары. Көтерілген сұрақтардың дені мүгедектік рәсімдеу, квотамен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына барып ем-дом қабылдау, шипажайға жолдама алу болды. Сондай-ақ отырыста операция жасауға қаражат тапшы екені де айтылды.
Қабылдау барысында үй кезегінде тұрғандар тез арада баспаналы болғысы келетінін айтса, заңсыз жұмыстан қуылып, қайта қызметке тұру үшін уәкілетті органдардың араласуын сұрағандар, әлеуметтік көмекшіні қажет еткендер де кездесті. Шара соңында қоғамдық қабылдауға қатысқан азаматтардың арыздары толықтай қаралып, мүмкіндігіне қарай шешімін табатыны айтылды.
Арызданушылардың мәселелері бойынша жауапты органдарға берілген тапсырмалардың орындалуы жөніндегі ақпарат 20 мамырдан кешіктірілмей Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жолданып, арыз иелеріне жауап берілмек.