Аймақта «Адал жол – әділ жол» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны басталды. Басты мақсат – қоғам дертіне айналған жемқорлықтан жирену.
Еске салайық, 1 наурызда басталған Ақмола облысындағы марафон желтоқсан айына дейін созылады. Биыл марафон бесінші жыл қатарынан өткізіліп, дәстүр бойынша Көкшетау қаласында басталды.
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бөлім меңгерушісі Берген Беспалиновтың айтуынша, марафон бүкіл ел бойынша өткізіліп келеді, бірақ 2015 жылы Ақмола облысында кафедраның бастамасы бойынша басталған.
– Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және жаһандық жағдайда елімізді дамыта түсу үшін жастардың жігер, қуатын біріктіру мақсатында ұйымдастырылған марафонға келген жастардың қарасы қалың. Бұл – қуанарлық жағдай. Біз өскелең ұрпақты жастайынан жемқорлыққа жирене қарауға үйретсек, қоғам дертіне айналған кеселді түбімен жоюға қадам жасаймыз, – деді Б.Беспалинов.
Шара барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жастар парақорлыққа деген өз көзқарасын білдірді. «Адал жол» кітабы әр аудан өкілдеріне табысталып, жалғасын тапты.
Марафон шеңберінде облыста лекциялар, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, конференциялар, автошерулер және өзге де шаралар өтпеді. Әр аудан жемқорлыққа қарсы әрекеттер жасап, халықты жемқорлыққа қарсы тұруда күш біріктіруге шақырады деп күтілуде. Эстафета алауы ретінде оның туы мен өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат пен тілектер жазылған кітап беріледі.