Nur Otan партиясының Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың XVIII съездегі тапсырмасына сәйкес ел бойынша «Бақытты отбасы» жобасы қолға алынған болатын. Ілкімді бастама аясында көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі Қостанай облысы Қарабалық ауданында жергілікті партия филиалының ұйымдастыруымен өтті. Шараға 15-ке жуық отбасы қатысты.
Бұл жолғы бастама жас отбасыларға арналды. Семинар-тренингке қатысушылар мамандардан мәлімет алу мүмкіндігіне ие болды.
Аудандық еңбекпен қамту бөлімінің басшысы Жанат Ескендірова жұмысқа орналастыру, еңбекке тарту мәселелері жөнінде айта келе, тұрғындарды жұмысқа орналастыруда жұмыс орындарын үлестеудің тәртібі қалай іске асатынын түсіндірді. Әңгіме барысында кәсіпкерлікті қаржылай қолдау қорлары арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашудың жолдары айтылды. Ол сондай-ақ, еңбек етемін деген жандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Көпбалалы, аз қамтылған отбасы мүшелері мен жастардың бизнес идеяларын қолдау үшін биыл республикалық бюджеттен 384 грант бөлінді. Оның игілігін өңірдің 500 тұрғыны көруі тиіс. Бұл орайда Қостанай облысы 2019 жылы 970 көшіп келуші мен 605 оралманды орналастыруға дайын. Осы жылдың алғашқы үш айында екі жүзге тарта қоныс аударушы мен 470 қандасымызға квота берілді, – дейді Қарабалық ауданы «Еңбекпен қамту орталығының» директоры Жанат Ескендірова.
Кездесу барысында әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алу туралы айтылды. Ақ халатты мамандар денсаулық сақтау бойынша тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берсе, заңгерлер шараға қатысушыларға заңгерлік кеңес беріп, консультациялық көмек көрсетті.
Басқосу соңында шара ұйымдастырушылары жоба аясында қолға алынып жатқан іс-шаралардың, кездесулер мен семинар жұмыстарының халық үшін маңыздылығы жоғары екенін атап өтті.