Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада «Жас Отан» Жастар қанатының жетекшілігімен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының ұйымдастыруымен өткен «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты, жас жазушы Арай Ертарғыновамен кездесу кеші өтті.
Жастар жылы аясында ұйымдастырылған аталған кештің негізгі мақсаты – дарынды да талантты жастарды көпшілікке танытып, олардың шығармашылығын насихаттау.
Кездесуге Өскемен қаласындағы Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушылары және қалалық «Шабыт» жас ақындар мектебінің мүшелері, сонымен қатар кітапхана оқырмандары қатысты.
Жас жазушы Арай Ертарғынова оқырмандардың сауалдарына жауап беріп, әдебиетке қалай келгенін, сондай-ақ жазушылықтың қыр-сыры туралы да айтып өтті. Кеште «Алтын тобылғы» әдеби байқауында жүлде алған шығармасы төңірегінде де түйінді ойлар айтылды. Автор әңгіме барысында байқауда жүлде алған туындысының шығу тарихына қысқаша тоқталып, оны жазу барысында болған қызықты оқиғаларымен де бөлісті.
– Ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды сақтап, жаһандану үдерісінде бет-бейнемізді жоғалтпай келешек ұрпаққа асыл құндылықтарымызды жеткізу –басты борышымыз. Бұл борышты орындауда қаламын қару еткен жазушыларымыздың алар орны айрықша. Өйткені кез келген жазушы туындыларында бірде қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктерді әшкере етсе, бірде келелі оқиғаларды дүйім жұртқа үлгі ретінде ұсынады, – деді А.Ертарғынова.
Қаламгердің өнегесін көңілдеріне тоқып, ұлағатын сіңірген студенттер ұлт мүддесіне қызмет етуге шабыттанды, әдебиеттің қоғам өміріндегі орны мен қару ретіндегі құдыретін таныды. Шығарманы талдауда, сұрақ қою кезінде ерекше көзге түскен студенттерге, автор қолтаңбасы қойылған кітаптарын табыс етті. Кездесу соңында оқырмандар қаламгерден қолтаңба алып, естелікке суретке түсіп, рухани қуат алып тарқасты.