Nur Otan партиясы Орталық аппаратының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Әділет министрі Марат Бекетаев тұрғындарды қабылдады. Іс-шараға Nur Otan партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев және әділет құрылымдарының басшылары, заңгерлер палатасының мамандары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Азаматтарды қабылдау барысында заң үстемдігі мәселелері бойынша туындаған мәселелерді және адвокаттық қызмет саласындағы іс-шараларды жүзеге асырудың тәртібі мен алғышарттары түсіндірілді.
Министрдің қабылдауында болған тұрғындар сот шешімдерінің орындалмауы, адвокаттарға көмек көрсету, сот-медициналық сараптама объективтігінің дәрежесін анықтау, сот органдарының, жеке сот орындаушыларының және т.б. әрекеттері бойынша өтініштерін айтып, аталған мәселелер төңірегінде мамандарға сауалдарын жолдады. Кездесу кезінде алимент бойынша берешекті өтеу туралы өтінішпен келгендердің де қатары көп болды.
Қабылдаудың алғашқы қонағы Динара Нұрланова алиментті қалпына келтіру туралы сот актілері орындамағанын айтып шағымданды. Серік Жарасбаев пен Ольга Жарасбаева елордалық заңгерлердің іс-әрекеттеріне наразылығын білдірді.
Шымкент қаласының тұрғыны Гүлсін Өскенбайқызы жеке сот орындаушысының әрекеттерін айтып шағымданды. Министр өз кезегінде Шымкент қалалық құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты істі қайта қарауды және сот актісін орындау жөнінде шара қабылдауды тапсырды. Ал елордалық Раиса Баймұқашева нотариат Гүлнар Масатованың әрекетіне шағым жасады.
Зарина Өтепбергенова Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке сот орындаушысының әрекеті туралы шағымын жеткізсе, Динара Нұрланова мен Гүлбану Андырбаева жылжымайтын мүлікті тіркеу, алимент алу мәселелері бойынша маманар кеңесіне жүгініп, сауалдарына жеткілікті деңгейде жауап алды.
Шара соңында қоғамдық қабылдауға қатысқан азаматтардың арыздары толықтай қаралып, мүмкіндігіне қарай шешімін табатыны айтылды. Арызданушылардың мәселелері бойынша жауапты органдарға берілген тапсырмалардың орындалуы жіті қадағаланбақ.
Әбілмансұр ЖАСАН