Түркістан облысындағы көпбалалы отбасыларға 500 мың теңге төленетін болды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр облыстық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
– Nur Otan партиясы съезінде Елбасы Н.Назарбаев аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек беру қажеттігін атап айтқан еді. Бүгінде облыста арнайы штаб құрылып, әрбір отбасы үшін әлеуметтік карта жасалды. Облыстағы 86,6 мың көпбалалы отбасынан 19 мың адам аз қамтылғандар қатарына енді. Қазіргі кезде атаулы әлеуметтік көмек 24 748 отбасына берілген. Бұдан басқа, бірінші тоқсандағы көмек сомасы қайта қаралып, нәтижесінде, 15 422 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді, – дейді ол.
Баяндамашының сөзінше, аймақта бір отбасына ай сайынғы атаулы әлеуметтік көмек мөлшері орташа есеппен 100-150 мың теңгені құрайды екен. Қазіргі уақытта облыс өз қаражатын тиімді пайдалану үшін табысы төмен азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында жұмыс істеп жатыр.
– Өткен жылғы тәжірибеге сүйене отырып, атаулы әлеуметтік көмекке біржолғы төлемдер бөлінеді. Осы қаражат есебінен өңірде 15 шағын бизнес-жоба іске асырылуда, – дейді Ербол Әбілқайырұлы.
Аймақта 2019 жылдың бірінші тоқсанында 400-ге жуық отбасы бизнесін ашқан. Бұдан басқа, «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, «Еңбек» бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін көпбалалы отбасыларға 500 мың теңгеге тегін мемлекеттік гранттар бөлінетіні белгілі болды.
Басшылық сондай-ақ көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқармақ. Биылғы жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 1 248 отбасына баспана беру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, 44 тұрғын үйді (2 309 пәтер) салу үшін облыстық бюджеттен 7,3 млрд теңге бөлінген. Сонымен бірге, демеушілер де алдағы уақытта көмекке мұқтаж адамдарға тұрғын үй сатып алуға көмектесетінін айтты.
Жыл басынан бері 18 көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Ал демеушілер есебінен 34 мыңнан астам көпбалалы отбасыға 285 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.
А.ЖАСАНҰЛЫ