Паралимпиада чемпионымен кездесті
Паралимпиада чемпионымен кездесті
510
оқылды

Nur Otan партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының ­ұйым­дастыруымен Алматыда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы­ның жеңім­пазы, волей­болдан пара­лим­пиада ойындарының чемпионы Серік Есматов­пен кездесу кеші өтті.

Кездесу кезінде қиындыққа мойымай, өзіне және өзгеге рухының мықтылығын дәлелдей білген кеш кейіпкері өмір жолындағы түрлі қиыншылық­тармен күресі жайында айта келе, ауыр сынақта сағы сынбай, тезірек аяққа қалай тұрғаны туралы баяндап берді.

– Ең күрделі операциядан аман қалған адаммын. Психологиялық тұрғыдан бұл орын алған жантүршігерлік оқиғаны маған берілген сынақ деп қабылда­дым. Соның арқасында аяққа тұр­дым. Қазіргі кезде, шүкір, жеке бизнесім, автокөлігім бар, жақын арада үйлі боламын. Өзімнің мүмкіндіктеріме сенемін. Бұл принциптер маған өмір жолын жал­ғастыруға және қиындық­тарға қарамастан табысқа жетуге кө­мектеседі. Басқа өмір үшін жа­ңа жолдар ашылатынын ешқашан ұмытпаған жөн, – дейді волейболдан Қазақстан жастар құрамасының капитаны.

Бала кезінде қос аяғынан айрылған бозбала бүгінде қоғам белсендісі, паралимпиада ойындарының жеңімпазы. Спорт­қа, өмірге деген махаббатының арқасында екі аяғы жоқ болғанына қарамастан, 12 мүшесі сау адамдар жете алмаған жетістіктерге жетіп жүр. Бала кезінен спортқа жақын болған Серік алға қарай ұмтылып, спортпен айналысуын жалғастырған. Қазіргі таңда ол бір емес бірнеше ­спортпен қатар шұғылданады. 2013 жылдың қазан айында алғаш рет Малайзияда өткен жарысқа қатысып, команда­ның ең жас ойыншысы атанды. Өміріндегі өзгеріс оның спикер-мотиватор тіпті психолог болуына жол ашқан.

– Әр адамның өз биігі бар. Оған екінің бірі жете алмайды. Белгілі бір жетістікке жету үшін сіз мақсатыңыздан танбай, өмір жолында кездескен түрлі кедергілер мен қиындықтарға қарамай алға нық қадам басуыңыз керек, – дейді адам мүмкіндігінің шектеулі емес екенін дәлелдеген қайсар жігіт.

Кеште паралимпиада чем­пионына жастар тарапынан сұрақтар қойылып, түрлі тақырыпта әңгімелер айтылды. Кездесу соңында Серіктің жігерлілігіне, тапқырлығына, қайсарлығына тәнті болған жастар орындарынан тұрып замандасына құрмет көрсетті.


Әбілмансұр ЖАСАН