Қостанай облысында жастардың қоғамдағы рөлін, олардың белсенділігін арттыру мақсатында Қазақстан-Ресей жастарының форумы өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған ауқымды шараға көрші елден және Қазақстанның барлық облысынан мыңнан астам делегат жиналды.
Халықаралық деңгейдегі іс-шара «Ел ертеңі – болашақ жастардың қолында!» атты аймақтық бағдарламаны жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Маңызды форумға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Ресейдің Жастар ісі жөніндегі агенттігі басшысының орынбасары Андрей Платонов, «Ұлттық еріктілер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк және өзге де қонақтар келді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында жастарға ерекше көңіл бөліп, тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Иә, еліміздегі жастар ұйымдары дегенде, ең алдымен, Nur Otan партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты ойға оралатыны сөзсіз. Өйткені бұл ұйым жастардың жобаларын іске асырудың алаңы десек болады. Жастар жылына орай ұйымдастырлып отырған форум – Қазақстан мен Ресей достығының айқын көрінісі. Екі елдің көпжылдық ынтымақтастығы мен әріптестігі арқасында маңызды іс-шараны өткізуді қолға алдық. Қазіргі уақытта жастарымыз дәстүр мен ұлт сабақтастығын сақтауда айрықша жұмыс атқаруда. Статистикалық мәліметтер бойынша, Қостанай облысындағы жастардың саны 170 мыңнан асып жығылады. Өз кезегінде облыста олардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Өңірдегі ЖОО-лар мен арнайы орта оқу ордаларында 40 мыңнан астам студент білім алуда. Биыл облыс әкімдігі гуманитарлық, техникалық мамандықтарға екі жүзден артық грант бөлді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы басталғалы 400-ден астам жас мемлекет қолдауына ие болды, – деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов форумның ашылуында.
Форум тақырыбы жастардың ерікті жобаларға қатысуына арналды. Ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екі елдің қоғамдық ұйымдарының өкілдері форумда өз жобаларын таныстырып, халықаралық дәрежедегі бастамалар туралы айтып, еріктілік саласындағы үздік тәжірибе алмасты.
Шара кезінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жастар сарайының көрме павильонының жұмысымен танысты.
Форумда қос елдің баяндамашылары еріктілер қозғалысы тарихындағы үздік нәтижелер, жетістіктер туралы ой бөлісіп, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ көңілді тапқырлар сайысы, жастарға арналған концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып жатыр.
Әбілмансұр ЖАСАН