Облыс әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Архимед Мұхамбетов Қостанайдағы «Агромашхолдинг KZ» АҚ базасында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Өткен жылдан бастап Lovol маркалы тракторлар шығара бастаған компания бүгінге дейін 100-ге тарта трактор құрастырыпты. 2019 жылдың алғашқы тоқсанында конвейерден шыққан 28 трактор да аз уақыттың ішінде өз иесін тауып үлгерді.
Ауыл шаруашылығына қажетті техника «Агромашхолдинг KZ» АҚ мен қытайлық Shandong Lovol Heavy Industry International Trading CO.LTD-ның бірлескен жобасы. Жобаның құны – 3,6 млрд теңге.
Lovol – дүниежүзіндегі ауыл шаруашылығы техникаларын шығарумен айналысатын жетекші компаниялардың бірі. Ол жыл сайын 70 мың трактор, 50 мың комбайн, басқа да техникаларды құрастырады. Компания өнімдерін Қытайда ғана емес, әлемнің 50 еліне экспорттайды.
Алдағы уақытта «Агромашхолдинг KZ» АҚ базасында 4,5 мың шаршы метрлік цех іске қосылмақ. Онда жылына 3 000 тракторға дейін шығарылатын болады. Жаңа жоба 180 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
– Бұл – облыс үшін маңызды оқиға. Біз өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру саласын дамыту шеңберінде қытайлық әріптестерімізбен бірлесіп, жаңа өндіріс ошағын ашып отырмыз. 130 аттың күшіне тең тракторлар облыста ғана емес, елімізде үлкен сұранысқа ие. Алдағы уақытта кәсіпорын өз өнімдерін ішкі нарықпен қоса, көрші мемлекеттерге де экспорттауды жоспарлап отыр, – деді облыс әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Архимед Мұхамбетов жаңа жобаның ашылу салтанатында.
Келешекте трактордың кейбір бөлшектерін зауыт өз ішінде жасайтын болады. Бұл – машина құрастыруда үлкен жетістік. Өндірістің керме жібі қиылған соң Shandong Lovol Heavy Industry International Trading CO. LTD басқарма төрағасы Ван Гуй Минге сөз алды.
– Бірлескен жобаны ашу құрметіне ие болғаныма қуаныштымын. Біз «КазАгроФинанс» АҚ, «БРК-Лизинг» АҚ, Қазақстан Үкіметі мен Қостанай облысының басшыларына сенімді серіктестігі үшін алғыс білдіреміз. Алда кәсіпорынмен көптеген жұмыстарды бірлесе атқаратын боламыз, – деді ол.
Кездесу соңында «Аллюр» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Андрей Лаврентьев Қазақстандағы ауылшаруашылық техникасын құрастыратын кәсіпорындар отандық аграрлық сала жұмысының ерекшеліктерін ескеретінін айтты.
Айта кетейік, «Агромашхолдинг KZ» АҚ ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруші, Қазақстандағы «Гомсельмаш» ААҚ (Белорусь) дистрибьюторы. Астық жинау комбайндарын шығару бойынша «Агромашхолдинг KZ-ның» өндірістік қуаты жылына 1 000 комбайнды құрайды. Өнім желісі LOVOL – 354, 604, 904, 1304 үлгілерінен тұрады.