Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы» және «Халыққа көмек» жобалары арқылы қазақстандық аз қамтылған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың әл-ауқатын арттыру – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. Бүгінде бұл екі бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілуде. Жобаларды жүзеге асыру аясында партия билікпен, үкіметтік емес ұйымдармен, бизнес қауымдастығымен тығыз жұмыс істеу қажетін алға тартады.
Биылдан бастап Алматы облысында 600-ден астам табысы аз және көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың жетекшілігімен өткен облыстық мәслихаттың XXXXVII сессиясында айтылды.
Сессияның күн тәртібінде 2018 жылғы 13 желтоқсандағы «Алматы облысының 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» №38-211 облыстық мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Сондай-ақ жиында облыстың бірқатар комиссияның құрамы бекітіліп, облыстық мәслихаттың кезекті отырысының төрағасы сайланды.
Басқосуда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасады. Өз кезегінде ол 2019 жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу туралы шешімнің жобасын ұсынды.
Өңірлік қаржы басқармасының басшысы Данияр Әлімбаевтың 2018 жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуы туралы жылдық есебі тыңдалып, бюджетті пайдалану деңгейі талданды. Аталған тақырып бойынша облыстық Ішкі аудит комиссиясының төрағасы Мейрам Мұсаев пен Алматы облысының мәслихат депутаты Қанатхан Нүсіпов баяндама жасады.
Кездесуде партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізінде Nur Otan партиясының XVIII съезінде қабылданған «Әлеуметтік қамсыздандыру: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасы әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін сапалы арттыру екені айтылды. Сондай-ақ жыл басынан бері облыста 60 отбасыға тұрғын үй мәселесі бойынша көмек көрсетілгені сөз болды.
Айта кетейік, қосымша нысаналы трансферттер республикалық бюджеттен бөлінбек. Облыстағы 7 аудан орталығы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жобаларына енгізіліп, Талдықорғанда қосымша тұрғын үй құрылысы басталды. Алдағы уақытта аудан орталықтарында спорт, білім, денсаулық сақтау нысандары салынып, су және жылумен жабдықтау жүйелері құрылмақ.
А.ЖАСАНҰЛЫ