Елбасы – Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басымдықты анықтап, сол бойынша жүйелі жұмыс істеуге тапсырма берген болатын. Бүгінде еліміздің әр аймағында көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетіліп, оларды қолдау бағытындағы кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Жуырда Маңғыстау облысында аймақ басшысы, Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжанов пен жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен жүзеге асырылған «Бизнес үш күнде» пилоттық жобасы бастау алды. Аталған жоба бойынша Маңғыстау облысында 100-ден астам аз қамтылған және көпбалалы отбасы жеке кәсібін ашты. Қысқа уақыт ішінде облыс тұрғындары нан өнімдерін өндіру цехы, киім-кешек пен тоқыма бұйымдарын тігу, жылыжай сияқты жобаларын бастауға кірісті.
Маңғыстауда бастау алған тұрмысы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан азаматтарға бизнестің негізгі дағдыларын үйрету мақсатында құрылған бірегей жобаға қызығушылық танытқандар көп. Аз ғана уақытта Жаңаөзенде AliTort, Xanbibi, Ozen nan, «Райымбек», «Аян», «Теңге самсасы», «Әлинұр», «Арай» секілді 126 жаңа бренд пайда болды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға үй жағдайында өз бизнесін ашуға, оны сауатты жүргізуге қаржы – жеке кәсіпкерлер мен мецанаттардың қолдауымен жүзеге асып жатыр.
Бүгінгі дейін «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» атауымен көпшілікке танылған аймақтық жоба атауы өткен айда «Бизнес үш күнде» бағдарламасы болып өзгерді. Оның аясында жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасалып қана қоймай, олардың жеке кәсіппен шұғылдануына жол ашылып отыр. Яғни, бұл бастаманың аталымынан бөлек, мазмұны да түбегейлі өзгерді. «Бизнес үш күнде» жобасына тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп жатқан отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар қатыса алады. Бағдарламаның барлық қатысушыларына өнімнің сатылуына көмек көрсетіледі. Өз ісін жаңа ашқан кәсіпкерлерге өнімдерді өткізу немесе қызметтерді сатудан бастап, толық оқу және жобалық қолдау көрсетіледі.
– Жобаның атауына сай біздің облыстағы тұрмысы төмен азаматтар үшін үш күннің ішінде өз ісін ашуға мүмкіндік алып отыр. Біздің жобаға қатысушыларға несие алудың керегі жоқ. Ең алдымен, біз нақты көмек қажет ететін отбасыларды анықтап, олардың қандай кәсіпке бейімі барын қараймыз. Бірінші күні анықтаған жұмысымыз бойынша қайтарымсыз, несиесіз сол бизнесті жүзеге асыру үшін қажет тауарды апарып береміз, – дейді «Бизнес үш күнде» жобасының үйлестірушісі, дизайнер Айжан Нұрланова.
Оның айтуынша, қазір бұл жобаны Қазақстанның астанасында жүзеге асыруға дайындық жұмыстары басталған. Үкіметтік комиссия «Бизнес үш күнде» жобасымен танысқан. Жобаның алғашқы нәтижелерін көргеннен кейін, оны елдің барлық өңірлерінде қолдау ұсынылды.
– Әкімдік қызметкерлерімен бірге тұрмысы төмен елордалық отбасылармен кездестік. Біз олармен әңгімелестік, олар біздің жобамызға қызығушылық танытты. Жуырда қаланың барлық аудандарында «Бизнес үш күнде» жобасының штабтары жұмыс істей бастайды. Арнайы әкімшілер жобаның шарттарына сәйкес мүдделі қатысушылардың тізімін жасайды. Қатысу туралы өтініштер арнайы байланыс орталығының нөмірі арқылы қабылданады. Арнайы комиссия әр өтінімге аудит жүргізеді. Егер қатысуға ниет білдіргендер жоба шарттарына сай болса, онда олар бизнесті жүргізудің барлық қажетті құралдарымен қамтамасыз етіледі, – дейді Айжан Нұрланова.
Бір ескеретін жайт, аталған жобаға қатысушы қандай да бір себептермен өз кәсібін жүргізуге шарасыздық танытса, мамандар бұл бизнесті басқа адамға тапсыруға құқылы.
Жеке кәсіп ашуға баулитын басқа да әлеуметтік бағдарламалардан тағы бір ерекшелігіне тоқтала кетейік, «Бизнес үш күнде» кәсіпкерлік жобасына желілік маркетинг тәсілдері қолданысқа енгізілген. Мәселен, үй жағдайында бизнес бастап кәсібі тұрақтанған азамат бес тұрғынның кәсіп ашуына қол ұшын созған жағдайда оған әр адам үшін арнайы сыйақы беріледі.
Осылайша, кедейлікті жою әрі бизнеске баулудың тың тәсілін қолға алған маңғыстаулықтардан көрші мемлекеттер үлгі алып, өз тәжірибесіне қолдануға ниетті екендерін білдіріп отыр.