Ақмола облысының әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаев Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасына барып, жаңадан ашылған компьютерлік томография кабинетін аралады. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылып отыр.
– Бұл Көкшетау қаласы үшін елеулі оқиға. Елбасымыз медициналық қызмет көрсету сапасына үлкен назар аударып келді. Бұл халықтың әлеуметтік көңіл күйінің маңызды құрамдас бөлігі, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Бас дәрігер Банужан Жанғаловтың сөзінше, аталған компьютерлік томография көрсету ашықтылығымен, төрт өлшемді зерттеулерді орындауымен және аз сәуле жүктемесімен ерекшеленеді. Мұнда күніне 20-25 зерттеу жүргізу жоспарлануда. Кабинет күндізгі сағат 8.00-ден бастап кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Жоғары сапалы томографияны қолдану, инсульт, тыныс алу, қан айналымы жүйесінің аурулары, ас қорыту ағзалары тәрізді дерттерге ерте диагностика жүргізуге мүмкіндік береді.
Компьютерлік диагностика жасау, тегін медициналық көмекке кепілдік берілетін көлемнің аясында, сондай-ақ ақылы негізде жүзеге асырылатын болады. Құны қажетті зерттеу жүргізу түріне қарай 10 000 теңгеден 25 000 теңгеге дейін.
Айта кетейік, қалалық көпбейінді аурухананың үш қабатты ғимаратына 2018 жылы 55 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен құны 58,6 миллион теңге тұратын рентген жабдығын жеткізу жоспарлануда. Ақмола облысы бойынша медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда биыл 10 пайызға артқан.
Атап айтқанда, 2019 жылы жергілікті бюджет қаражатының есебінен денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық жабдықталуы үшін 1,5 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Әбілмансұр ЖАСАН