Жылы аялдамалар қысы қатты өңірлерге керек-ақ. Соңғы жылдары елордамызда жылы да жайлы аялдамалар ел игілігіне пайдалануға беріліп жатыр. Бұл аялдамаларды ұстап тұрудың шығыны аз емес. Ол үшін бюджеттен қаржы жұмсайтынымыз белгілі. Осы шығынның орнын толтырудың тетіктерін қазірден ойластырған жөн бе дейміз. Мәселен, қыста суықтан қорғар, жазғы ыстықта пана болар аялдамалардың бір бұрышын жалға беру арқылы табыс тапсақ ше? Бұл амал кісі аяғы басылғанда аялдамаларды қиратып кетушілерден де сақтар еді.
Ресейде кәсібін дөңгелеткендер жылы аялдамадан пайда табады. Мысалы, күту залының ішкі жағында үш қатарлы орындықтар, кофе мен снек-автоматтары қойылған. Бұдан бөлек, мүгедектер үшін арнайы тегін әжетхана да жасалған. Ресей астанасында осы тектес 28 аялдама бар көрінеді. Жалпы, әлемде мұндай аялдамалар салу жағынан Ресейдің алдына түсетін ел жоқ. Бұл елдің теріскейіндегі ірі қалалардың барлығында осындай жабық жылы аялдамалар бар. Жылы павильондардың негізгі екі түрі салынуда. Біріншісінің алдыңғы жағы ашық келеді де, табаны мен төбесінен жылу ұрып тұрады. Екіншісі, түгел қымтаулы, яғни жан-жағынан жабылған шыны қабырғалы болады.
Ал суықта тоңбасын деген оймен Хельсинки, Стокгольм, Осло, Рейкьявик сияқты қалаларда аялдамалардағы орындықтың өзі жылытылады екен. Айта кету керек, жылы аялдамалар ашық және жабық залдардан және сауда үшін бөлінген сектордан тұрады. Ашық залдан автобус бағыттары кестелері мен көліктің тоқтағанын көріп тұруға болады.
Қазақстанда жылы аялдамалар салына бастағанына көп уақыт болған жоқ. Алға жылжу барын да айта кету керек. «Астанада жылы аялдамалар саны көбейе түседі» деп қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды. Бұл енді қысы қатты өңірге керек жаңалық. Сонымен бірге ол: «Қаладағы жылы аялдамалардың бірқатарына бардым. Жылуы жоқ аялдамалар анықталды. Соның бірі – Республика даңғылымен қиылысатын Сейфуллин көшесіндегі «Жастар сарайы» аялдамасы. Қала бойынша осындай аялдамаларды тексеріп шығу аудан әкімдеріне тапсырылды» деп жазды. Сондай-ақ жылуы істемей тұрған аялдамалардың нақты орналасқан жерін айтуды халықтан сұрады.
Әкім аралағаннан кейін аялдамаларда жылу пайда болды. Бізде жауапкершілік солай тексеріс жүргенде ғана еске түседі.
«Қанша миллионды желге ұшырып, мұндай аялдама неге салды, сол керек пе еді?» деп даурыққан тұрғындар қазір сол жылы павильондардың қызығын көріп жатыр. Жақсы емес пе?!
Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің Жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Руслан Әбдуалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда жылы павильондардың 76-сы – қаланың оң жағалауында, 27-сі сол жағалауда орналасқан. «Басқарма арқылы 2015 жылы – 27, 2018 жылы – 57 аялдама, сондай-ақ қаланың аудан әкімдіктері арқылы – 4, «Астана» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы инвесторлар тарта отырып, 14 аялдама пайдалануға берілді. Жабық аялдамалық павильондар қаланың аялдама бекеттеріндегі жолаушылар ағынына талдау жүргізу негізінде жабдықталған. Ол жерде әлеуметтік маңызы бар нысандардың (білім беру, денсаулық сақтау және т.б.) болуы да ескеріледі. Қазіргі уақытта басқарманың жабық павильондарды құру жоспары қарастырылмаған, өйткені бұл бағдарлама инвесторлар есебінен мемлекеттік-жеке серіктесті тарту арқылы жүзеге асырылатын болады. Ағымдағы жылдың соңына дейін «Астана» ӘКК инвестициялық жобасы аясында инвесторлар есебінен аялдамалардың жабық күту павильондарын бөлшек сауда орындарымен (12 бірлік) жабдықтау жоспарлануда. Интервалды қысқарту кезінде аялдамалардың жолаушылар сұранысына толық жауап беретіні ескерілді, егер қажеттілік туындаса, онда қосымша аялдамалар орналастырылады», – дейді Руслан Әбдуалиев.
Ал суықта тоңбасын деген оймен Хельсинки, Стокгольм, Осло, Рейкьявик сияқты қалаларда аялдамалардағы орындықтың өзі жылытылады екен. Айта кету керек, жылы аялдамалар ашық және жабық залдардан және сауда үшін бөлінген сектордан тұрады. Ашық залдан автобус бағыттары кестелері мен көліктің тоқтағанын көріп тұруға болады.
Ал Ақтөбе жаңа үлгідегі аялдаманы сала алмай әлек. «Қазір шаһардағы барлық аялдаманы жаппай ауыстырып жатыр, әкім ауысқан сайын қаладағы аялдама да қоса өзгеретін үрдіс пайда болды» деп жазды ktk.kz сайты. Енді қаланың жаңа әкімі оны түгелдей өзгертуге тапсырма берген. Шенеуніктердің сөзінше, жаңа аялдамада жайланып демалуға болады. Ол үшін қазынадан «бір тиын да кетпейді» деп отыр. Себебі аялдамаларды кәсіпкерлерге жалға беріп, сол жерден сауда орнын ашуға рұқсат еткен. Ислам Ізбасқанов, Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары: «Қыста жылы болады. Жаз уақытында кондиционер, су – бәрі тұрады. Осындай жабық павильон. Теледидар да бар», – дейді. Біреу барын жылыта алмай жатса, екіншісі салынып қойған аялдаманы бұзып әлек.
Иә, жылы аялдама қыста жылы, жазда салқын болып тұрғаны жақсы. Бірақ халық игілігі үшін жасалған аялдамалардың шынысын шағатын жағдайлар орын алып тұратыны тағы бар. Жыл басында екі мас адам елордадағы Момышұлы мен Сәтбаев көшелеріндегі аялдамаларды әдейі қиратқан болатын, олар ұсталып айыппұл төледі. Сонымен бірге Талдықорған қаласында жаңадан салынған смарт автобус аялдамасын қиратқан бұзақы ұсталды. Осындайда қатты суықта жылынар жер іздеген халықтың паналар жерін қиратып, ойына келгенін істегендерге ашынбағанда қайтесің?! «Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіреді» деген осы ма дерсің.
Әрине, жылы заманауи аялдамалар әр қалада болғаны жақсы. Оған әрине қаражат пен ниет керек.