Конституцияға енетін әрбір түзету адамдардың игілігі үшін – Индира Әубәкірова
Конституцияға енетін әрбір түзету адамдардың игілігі үшін – Индира Әубәкірова
658
оқылды
5 маусымға жоспарланған референдум бойынша үгіт-насихат жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр.  Референдумға халықтың басым бөлігі қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Конституциясын өзгерту жөніндегі жұмыс тобының және КазГЮУ университеті Ғылым комитетінің мүшесі Индира Әубәкірова сұхбат барысында айтты. - Жақында ҚЗСИ (КИСИ) референдумге қатысты сауалнама өткізіп,  халықтың 66,4%-і референдумге қатысуы мүмкін деген болжам айтты. Шынымен де халықтың көп бөлігі референдумге қатысуға құлықты ма? Жұмыс тобының мүшесі ретінде өз ойыңызбен бөліссеңіз. - Қазақстандықтардың 66%-тен астамы референдумға қатысуға ниетті екенін көрсеткен сауалнама нәтижелері шынайы екеніне сенімдімін.  Бұған қазіргі таңда біздің қоғамда азаматтардың саяси белсенділігінің өсуі дәлел бола алады. Көпшіліктің санасында әрбірінің азаматтық ұстанымына оның жеке басының әл-ауқаты мен болашақ ұрпақтың тағдыры тәуелді деген түсінік пісіп-жетілді. Еліміздің әрбір тұрғынының дауысы екінші республиканың қандай идеялар мен құндылықтарға құрылатынына, қандай басымдықтарға ие болатынына, жаңа Қазақстанда қарапайым адамның, қарапайым отбасының қаншалықты жайлы өмір сүретінін шешуі мүмкін. Мен жұмыс тобының мүшесі ретінде, жұмысымыздың нәтижесіне деген қоғамның әртүрлі топтарының реакциясын бақылап отырамын. Қазір басында күмәнмен қарағандардың сыни көзқарастары айтарлықтай төмендегенін байқаймын. Негізінен, көптеген сын Конституцияға енгізілген өзгерістердің мағынасына емес, алдыңғы кезеңнің, бірінші Республика кезеңіне қатысты болды. Әрине, мойындау керек, бастапқыда сын тудыруы мүмкін әлсіз жақтары болды. Бірақ енді бұл сыни көзқарастар Конституцияға енгізілетін маңызды идеялардан алшақтамауы керек. Сондықтан әр адам өткенге назар аудара бермей, ел болашағы үшін жаңа өзгерістердің мәнін түсінуге тырысуы керек. - Жұмыс тобының қызметі қаншалықты нәтижелі болып жатыр? Үгіт-насихат жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр ма? - Жұмыс тобының мүшелері Конституцияға енгізілетін түзетулердің мәні мен маңызын түсіндіру үшін барлық зияткерлік және ұйымдастырушылық күш-жігерін жұмсауда. Осы мақсатта барлық дерлік диалог алаңдары қолданылып жатыр: теледидар, әлеуметтік желілер, қоғамдағы әртүрлі топ өкілдерімен кездесулер. Бізге жаңа Конституция қандай өзгерістерге алып келетінін түсіндіре отырып, адамдардың саналы түрде дауыс беруін ұйымдастыру маңызды. Сондықтан да Конституцияға енетін өзгерістер формальды түрде бекітіліп қана қоймай, қоғамдық қатынастарға оң ықпал ететін құжатқа айналатынын жеткізуге тырысамыз. Қазақстандықтарды еліміздің Ата заңына енгізілетін өзгерістермен танысып, таңдау жасауға шақырамын. Конституцияға енетін әрбір түзету тек адамдардың игілігі үшін, яғни, олардың құқықтары мен бостандықтары, таңдау құқығы, билік пен қоғам арасындағы әділ қарым-қатынастар, саяси бәсекелестік сынды маңызды міндеттерге бағытталған. Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстанның іргетасын бірге қалаймыз» деген сөзі өте орынды. Сондықтан референдумға қатысқан әрбір қазақстандық Әділетті Қазақстанның құрылысына өз кірпішін қалайды деуге болады. Қазір дауыс беру құқығын қолдана отырып, билік құрылымына және оның халықпен қарым-қатынасына тікелей әсер ету мүмкіндігі бар. Мемлекет пен қоғамның даму тарихында адамзат баласы дауыс беру құқығы үшін ғасырлар бойы күрескен. Қазір осы құқықты тиімді пайдалану керек. Өз пікіріңізді, болашағыңызды және Қазақстанның болашағын құрметтеңіздер! - Халық Конституцияда нақты ненің өзгеретіні жайлы хабардар ма? - Менің ойымша, келешегін ойлайтын саналы азаматтар Конституцияға енетін өзгерістермен таныс және ол өзгерістер бізге не беретінін біледі. Халықты хабардар ету үшін қажетті жағдайлар жасалды, әлі де жұмыс істеп жатырмыз. Бізде халықтың басым бөлігі сауатты, өз елінің нағыз патриоттары және референдумда Конституцияға түзетулер енгізу үшін дауыс беру – бұл өзіне және отбасына жаңа мүмкіндіктер сыйлайтынын түсінеді. Жаңа Конституцияның мақсаты – баршаға тең мүмкіндіктерді бекіту. Мұндай мүмкіндік бізде бұрын болған жоқ. Себебі, елімізде 1995 жылдан бері референдум өтпеді. Ал енді әрбір қазақстандық 5 маусымда барып, өз пікірін білдіре алады. Қазақстанның әрбір азаматында осындай мүмкіндік бар. Менің ойымша, немқұрайлы, пассивті адамдардың болашағы жоқ. Сондықтан әрекет етіп, дауыс беру қажет. Әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейі сіз бен біздің дауысымызға байланысты. Сондықтан жаңа конституциялық идеялардың мағынасын әлі түсінбегендер болса, олармен міндетті түрде танысуға шақырамын. Конституцияға енгізілетін түзетулер барлық БАҚ-та жарияланды. - Халық жаңа реформалардың жемісін көруі үшін қанша уақыт керек деп ойлайсыз? - Қоғам реформалардың оң нәтижесін ұзақ күтпейтініне сенімдімін. Жаңартылған Конституция жаңа идеялар мен құндылықтарды жүзеге асыруға нақты серпін береді. Конституциялық реформа процесінің негізгі тетігі демократияландыруға, жеке адамның құқығының қорғалуын күшейтуге және халықтың қажеттіліктеріне бағдарланған тұрақты мемлекеттік институттар құруға бағытталған. Мемлекет басшысының әрекетке қабілетті, халық үнін еститін мемлекеттік институттарды демократияландыру және құру туралы идеялары іс жүзінде іске асырылатын болады.  Бұл жерде нақты нығайтулар тек биліктің күш-жігеріне ғана емес, сонымен бірге қоғамның күш-жігеріне де байланысты екенін түсіну керек. Әрине, ең алдымен, биліктің өзі оң құндылықтар мен көзқарастардың үлгілерін белгілеуі керек. Бірақ билік қоғамның бір бөлігі, ал оның өкілдері қоғамдық санада басым болатын құндылықтардың тасымалдаушысы. Сондықтан бәріміз ең алдымен патерналистік сияқты көзқарастардан арылып, өзіміздің саяси және құқықтық санамызды өзгертуіміз керек. Біз әрқайсымыз дұрыс бағытта жылдам қозғалсақ, жаңа реформалардың нәтижелерін тезірек көреміз.