Ashyq қайта орала ма?
Ashyq қайта орала ма?
© inform.kz
490
оқылды
Қазақстанға коронавирус пандемиясының екінші толқыны келді. Күннен күнге COVID-2019 жұқтырғандар қатары артып келеді. Үлкен қалаларда тұрғындардың баяғыдай жүріп-тұруына шектеу қойылып, маска тағу міндеттеліп, тойларға тыйым салынып, тіпті Ashyq қосымшасы қайта орала ма деген сұрақтар туа бастады. Бұл сұрақтарға кеше ДСМ-нің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жауап берді. Олардың айтуынша, жағдай әзір тұрақты. Бірақ дайындық жұмыс­тары күшейтілуде. Бұған дейін сары аймақта болған кезінде Алматы қа­ла­сында маска тағу ұсыным ретінде хабарланған болса, ендігі кезек 21 шілдеден бастап сары аймаққа енген Нұр-Сұлтан қала­сына келіп отыр. Сондықтан да мұн­да да маска тағу ұсынылып отыр. Науқаспен байла­ныста болған абсолютті қарсы көрсе­тілімдері бар адамдарды, жүкті әйел­дерді қашық­тан жұмыс формасына ауыстыру міндетті түрде ұсынылады және мектепке дейінгі ұйымдарда топ­тарды біріктіріп, түрлі шаралар өткізуге тыйым салынады. Бірақ бұл шараларды топ ішінде өткізуге рұқсат етіледі. Ал коронавирустың таралуы бойынша «қызыл» аймаққа өткен өңірлерде Ashyq қол­данылатын болады. «Қатаң карантин енгізу мәселесі қандай да бір өзгеріс жағдайында қаралады. Бірақ бүгінде тек Нұр-Сұлтан ғана «сары» аймақта орна­лас­­қан. Өңір «сары» аймақта тұрған кезеңде бизнеске жүктемесі бар қандай да бір қатаң шектеу іс-шара­ларын енгізу көзделмеген. Бірақ «қызыл» аймаққа өткен жағдайда Ashyq жүйесі енгізілуі мүмкін. Бұл іс-шараларды ұлттық кәсіпкерлер палатасы талқы­лап жатыр. Шешім ВАК-та қарау нәтижелері бойынша қабылданады. Шектеу іс-шараларын екі кезеңде енгізу көз­деліп отыр», – деді Санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау коми­тетінің жұқпалы ауруларды эпидеми­ология­лық қада­ғалау бас­қар­ма­сының басшысы Роза Қожа­пова. Оның айтуынша, той-томалақ сынды одан да өзге көпшілікті шара­ларды өткізуге осы «қызыл» аймаққа енген елді мекендерде тыйым салынатын болады.