Әлемде ядролық қалдықтар проблемасын шешкен бірде-бір мемлекет жоқ. АҚШ-тың өзінде радиациясы жоғары қалдықтар 94 алаңда уақытша сақталуда.
Ядролық қалдықтарды қайда, қалай сақтау мәселесі Америкада шешілмеген
Болашақта ядролық қалдықтар бұрынғыдан да көп болады. Фото dmt-group.com сайтынан алынды
489
оқылды

Aikyn.kz кезекті рет күннен-күнге көбейіп келетін АЭС-тердің қалдықтарын сақтау проблемасын gizmodo.com сайтының мақаласына сүйеніп талдайды.

Америкада ядролық қалдықтарды сақтау теорияда шешілгенімен, практикада іске асырылмай келеді. Фото gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Gabe Souza

3742 тұрғыны бар Вискассэт (Мэн штаты) қалашығының қарулы күзет қойылған алаңы бар. Бұнда бетонмен қапталған алаңды қоршап тұрған шынжырлы қоршау ғана бар. Учаскеде 30 жыл бұрын жабылған АЭС-тің қалдықтары сақталады: 60 цемент және болат контейнерлерде 1400 пайдаланылған ядролық отын таяқшалары бар. Контейнерлер ядролық қалдықтарға толы. Жергілікті тұрғындар оларды ұнатпайды, бірақ басқа сақтайтын орын жоқ. 

Американың ядролық қалдықтарымен не істеу керек деген сұрақ теориялық тұрғыда шешілгенімен, оны іске асыру жылдарға созылған саяси қайшылықтарға байланысты кейінге шегеріліп келеді.

Әрине, АҚШ экономикасына мол энергия керек. Google, Microsoft, Meta және Amazon сияқты технологиялық компаниялар биыл ядролық энергетикаға көшу жоспарларын жариялады. Яғни, болашақта ядролық қалдықтар бұрынғыдан да көп болады. Олар қайда сақталады? Бүгінгі жағдай өзгермесе, оларды реакторлардың жанында сақтауға тура келеді.

Қазір ядролық қалдықтар тот баспайтын болаттан жасалған контейнерлерге салынып, құрғақ контейнер деп аталатын бетон конструкцияларда сақталады. Құрғақ контейнерлер қауіпсіз саналады. Егер олардың қауіпсіздігі бұзылмаса, ғасырлар бойы осылай қала береді. Бірақ әлем статикалық емес. Климат өзгеруде. Дала өрттері, жер сілкінісі және теңіз деңгейінің көтерілуі, террористік шабуылдар осы құрғақ бөшкелерге үлкен қауіп төндіреді. 

АҚШ қалдықтарды сақтауда жағымсыз бедел жинаған мемлекет. Фото gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: Don Ramey Logan

Big Tech және ядролық энергия

Американың ядролық қалдықтары жыл өткен сайын өсе береді. Оларды сақтау ғылыми емес, саяси мәселе. Ядролық инфрақұрылымы бар басқа елдер өз қалдықтарын терең геологиялық қоймалар деп аталатын арнайы жасалған жерасты қоймаларына көмеді. Бұндай қоймаларды Америкада жасауға болады. Тіпті, біреуін салу басталды да. Бірақ америкалық қоғам өзінің жерінде ядролық қалдықтарға толы алып үңгірдің болғанын қаламайды.

Тұрғындардың қорқынышын түсіну қиын емес. АҚШ қалдықтарды басқару бойынша жағымсыз бедел жинаған мемлекет. Олар радиоактивті қалдықтарды жылдар бойы бөшкелерде сақтап, теңізге лақтырды. Манхэттен жобасынан қалған қалдықтар бүгінгі күнге дейін адамдарды улап жатыр. Оңтүстік Каролинада радиоактивті аллигаторлар бір кездері ядролық қару бөлшектері шығарылатын Саванна өзенінде өмір сүруде. Вашингтон штатындағы Хэнфорд полигонында 204 мың тонна қалдық бар, олар ешқашан жойылмауы мүмкін.

Енді ЖИ мен ірі технологиялық компаниялардың энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін одан да көп қуат қажет. Технологиялық алпауыттардың дата орталықтары – бұл қуатқа мұқтаж «жыртқыштар». Оларды энергиямен қамтамасыз ету үшін Meta, Google, Microsoft және Amazon ядролық энергияны қолданатындарын болады. Бұл туралы Aikyn.kz бірнеше материал жариялады: «АЭС-тің құны қанша?»

«Google мен Microsoft көміртек шығарындыларын азайтудан бас тартты»

«АҚШ-та АЭС-ті қолдануға неге рұқсат бермеді?»

Ядролық энергетика – күрделі бизнес. Онда қолданылатын ядролық отын қымбат, қауіпті және қатаң заңдармен реттеледі. Ол жұмыс істеген кезде миллиондаған адамдарды таза, тиімді отынмен қамтамасыз етеді. Ал сәтсіздікке ұшыраса, миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіреді.

АЭС-тар миллиардтаған инвестицияны қажет етеді, олардың құрылысы ондаған жылдарға созылады. Үлкен проблемалар олардың жұмысы тоқтатылғаннан кейін басталады. АЭС-тің жұмысын тоқтатуға, радиоактивті жабдықтарды консервациялауға, қауіпсіз сақтауға тағы миллиардтаған доллар қаржы керек. Өзінің тұратын үйінің жанында ешкім ядролық қалдықтарды сақтау полигонын ашуға рұқсат бермейді. Қатерлі ісік, радиоактивті жануарлар және қоршаған ортаның жарамсыз болу қаупін ешкім жоққа шығара алмайды. Халық оны жақсы біледі.

Невада штатының тұрғындары қалдықтарды сақтауға қарсы шықты. Фото X әлеуметтік желісінен алынды. Авторлығы: @isabelleboemeke аккаунты

АҚШ федералды үкімет 1980 жылдары ядролық қалдықтар мәселесін өз мойнына алып, Невада штатындағы Юкка тауында терең геологиялық қойма жобасын іске асырмақшы болды. Тіпті  оның құрылысын да бастады. Жылдар бойы атом қаруы сыналған Неваданың тұрғындары бұған түбегейлі қарсы шықты.

Бүгінде АҚШ-та атом қалдықтарын сақтауға байланысты қоғамдық келісім жоқ. Сондықтан ядролық қалдықтар мәселесі бір орнында тұрып қалды. 1980 жылдары қабылданған заң бойынша қалдықтар полигоны Юкка тауында болуы керек еді. Полигон салынбады. Ал осы жылдар ішінде Юкка тауында жоспарланған полигонды  үш рет толтыруға жететін ядролық қалдықтар жиналып қалды. Оның көлемі жыл сайын өсуде.

Полигонға қарсы тұрғындар бұл заңды «Невада заңын сайтан алсын» деп атайды. Бұл жерде ең басты мәселе мынада. Федералдық заңдарда ядролық қалдықтарды штаттың территориясында сақтау үшін онда тұратын адамдардың келісімі қажет. Ал бұндай келісімді болашағын ойлайтын тұрғындар бермейтіні анық. Сондықтан қазіргі АЭС қалдықтары сол стансалардың аумағында сақталуда. Бірақ олардың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Мысалы, Лос-Анджелестің оңтүстігінде орналасқан Сан Онофре атом электр стансасы жер қыртысының үлкен жарығында орналасқан. Бұл АЭС-тің территориясында 1,6 млн кг ядролық қалдық сақталады.

Мамандар ядролық қалдықтарды құрғақ контейнерлерде 100 жыл бойы қауіпсіз сақтауға болады дейді. Бірақ жақында АҚШ-тың Есеп беру палатасының 2024 жылға арналған баяндамасында елді елең еткізетін жайт ашылды. Ядролық реттеу комиссиясының құрғақ бөшкелер мен атом электр стансаларына климаттың өзгеруінің әсерін зерттемегені анықталған.

АҚШ-тың атом электр стансаларының 20%-ы жоғары немесе өте жоғары өрт қаупі бар аймақтарда орналасқан. Фото themomentum.com сайтынан алынды

Климаттың өзгеруін комиссия мүлдем есепке алып, әсерін бағаламаған. Баяндамада атом электр стансаларының қауіп-қатері егжей-тегжейлі сипатталады. АҚШ-тың атом электр стансаларының 20%-ы (75-тің 16-сы) жоғары немесе өте жоғары өрт қаупі бар аймақтарда орналасқан. АЭС-тердің 60%-дан астамы (75-тің 47-сі) 4 және 5 санаттағы дауылдар соғатын және теңіз деңгейі көтерілу ықтималдығы жоғары аймақтарда салынған екен.

Ядролық энергия таза болғанымен, экономикалық тұрғыдан өте тиімсіз. Өйткені АЭС-ті жақтаушылар атом реакторларын салуға кететін шығындарды ғана санап, станса жұмысы тоқтатылғанда оның радиация сіңіп қалған жабдықтарын утилизациялау мен консервацияға қанша миллиард доллар қажет екенін айтпайды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, АЭС-ті қауіпсіз тоқтату үшін оның салыну құнынан 3-3,5 есе көп қаржы керек болады. Сондықтан «Қазақстанның алғашқы АЭС салу құны мен оны 30-40 жылдан кейін тоқтатуға 60-70 млрд доллар жұмсалуы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап әлі жоқ.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.