Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы Дала жорығы» марафонына қатысушыларға сәттілік тіледі
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы  Дала  жорығы» марафонына қатысушыларға сәттілік тіледі
1,010
оқылды

Бүгін елордадағы «Қазанат» ипподромында бәйге-марафонға қатысушы командалар таныстырылды. Іс-шараға Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, елорда әкімі Алтай Көлгінов, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты. Марафонның ашылу салтанатында Мәжіліс Спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың марафон-бәйге қатысушыларына жіберген құттықтау хатын оқып берді. Президент доданың елімізге рухани серпіліс беріп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба екенін атап өтті.

«Сіздерді «Ұлы Дала  жорығы» марафон-бәйгесінің басталуымен құттықтаймын! Ұлттық спортты дамытуға және дәстүрімізді дәріптеуге арналған аламан жарыс елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты – осы», - деп көрсеткен Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ  Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Ұлы Дала жорығы» жай ғана марафон емес, бұл – намыстың додасы, төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түсетін аламан екенін айтты.
«Бүгін баршамыз Ұлы Даламызды дүбірге бөлейтін айтулы аламанның куәсі болайын деп тұрмыз. 1 200 шақырымға төзіп беретін тақым, төтеп беретін тұлпар жоқ деген пікірлер де айтылды. Бірақ батыр бабаларымыз Алтайдан Анадолыға дейінгі аралықты ат үстінде жүріп жаулады. Осынау ауқымды іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, ал қатысушыларға мықты денсаулық тілейміз! Азаматтардың айбары, қазанаттардың қайраты қайтпасын. Арғымақтар алқынбай, шын мықтылар жеңіс тұғырынан көрінсін», - деді министр.
Марафонға қатысушылар ертең сағат 7.00-де елордаға жақын Қаражар ауылынан жорыққа аттанады. Күн сайын олар 100 шақырымнан асып, 12 күнде 1 200 шақырым жол жүреді. Марафонға еліміздің әр өңірінен бір команда қатысады. Жеңімпаз - 30 млн теңге, 2 орын - 20 млн теңге, 3 орын  15 млн теңге алады.