«Креатив индустрия» термині әр түрлі салалармен байланысты.
Оңтүстік Корея тәжірибесінің негізінде жаңа креатив экожүйе құрылмақ
2,414
оқылды

Креатив индустрия дегеніміз не?

Ол экономикалық саладан әлеуметтік, мәдени салаларға дейін қолданылады. Экономикада «креатив экономика» терминінің синонимдері ретінде креатив индустрия, білім экономикасы қарастырылады. Себебі бұл – адамның тікелей зияткерлік қызметімен байланысты сала. «Креатив экономика» терминін алғаш рет Businessweek нью-йорктік журналы 2000 жылы қолданған болатын. Сол кезден бастап бұл термин кеңінен қолданылып жатыр. Креатив индустрияның негізгі сипаттамалары шығармашылық қызметтің әр түрлі саласындағы инновациялық технологиялармен байланысты. Мәселен, оған ойындарды әзірлеген кезде, бағдарламалық өнімдердің әр түрінде, виртуал өнімдерде, музыка, өнер, жарнама, сәулет, кинематография, анимация, дизайн және шығармашылық қызметпен тікелей немесе жанама түрде байланысты басқа да салалар жатады. Креатив индустрияның қарапайым сипаттамасына келсек, шығармашылық қызметтің әртүрлі саласында жаңашыл инновациялық технологиялардың алатын орнымен ерекшеленеді.

 

Қазақстанда дамыған ба?

Ал осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан Үкіметі осыған байланысты Креатив индустрияның 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіткенін жазған едік. Жалпы креатив индустрия ірі қалалар арасынан Алматыда көбірек жүзеге асып келеді. Мәселен, 2022 жылғы 1 шілдедегі есеп бойынша қаланың 20,4 мың кәсіпорны креатив индустриялардың белсенді субъектілері санатына кірген. 2017 жылдан бастап ақпараттық жүйелерді жобалау, бағдарламалық қамтамасыз етуді, web-порталдарды әзірлеу, музыка, киноиндустрия, жарнама, маркетинг, білім беру және мәдениет салаларындағы қызмет айтарлықтай өскенін көрсетті. Бұл – әрине, қуантарлық жағдай. Себебі креатив индустриялар мен IT-ді дамыту білім экономикасына көшуге, инновациялық және технологиялық дамуға, шикізаттық емес экспортты кеңейтуге ықпал етеді. Сондай-ақ ШОБ-ты одан әрі дамытуға жаңа серпін береді және Алматы брендін нығайтады.

 

Алматыдағы креатив кеңістіктер

Жалпы елімізде креатив индустрияларды дамыту үшін инфрақұрылымдар қалыптасып келе жатыр. Соған байланысты салаға жауапты мекеме ретінде Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына сұрау салып, Қазақстандағы, соның ішінде мәдени астана саналатын Алматыдағы креатив индустрияның жай-күйі һәм болашағы жайлы білдік. Аталған басқарма басшысы Берік Бекмырзаұлы Солтонбаев бізге Алматыдағы ауқымды креатив кеңістіктер мен алдағы уақытта жүзеге аспақ жобалар хақында толық айтып берді.

 

Алматы қаласындағы креатив кеңістіктер: Несанаторий, Aurora Space, Occupy Steppe, Manufactura, Бәрібаевтағы 36-үй, «Трансформа» мәдени кеңістігі. Ол Алматы азаматтарына түрлі бағдарламалар ұсынады: музыкалық жобалар мен концерттер, пікірталастар мен дәрістер, дөңгелек үстелдер мен баспасөз конференциялары, көркем көрмелер. Аталған креативті кеңістіктер инфрақұрылым мен экожүйені қалыптастыру арқылы креативті индустриялар салаларын дамытуға бағытталған.

Арт-орталықтар, концерттік алаңдар және көп бейінді мәдени орталықтар форматында креатив кеңістіктер құру жоспарлануда, онда креатив индустриялар салаларының өкілдері өздерінің креатив өнімдері мен қызметтерін жасай алады. Идеялармен алмасып, өз шығармашылығының нәтижелерін көрсете алады. Мұндай кеңістіктер креатив идеяларды шығармашылық кәсіпкерлік қызметке айналдыруға бағытталатын болады.

Креатив кеңістіктерден басқа, Алматының басқа аудандарына ауқымды ету жоспарланып отырған Alatau Creative HUB-ын іске асырудың табысты тәжірибесі бар. Мәселен, 2025 жылдың соңына дейін 3 креатив хаб іске асырылатын болады, кейін 2030 жылға қарай 7 креатив хабқа дейін жеткізіледі. Әрбір хабта сауатты тұжырымдама әзірленетін болады: коворкинг және event-алаң, балаларға арналған тегін шығармашылық үйірмелер, шеберлік сабақтар мен презентацияларға арналған алаң, заманауи дәрісханасы бар медиатека.

Креатив класты қалыптастырудың, жастарды тарту орындарын ұйымдастырудың, жаңа идеялар мен жаңалықтардың айқындаушы факторларының бірі креатив кластерлер екені анық. «Almaty Museum of Arts» қазіргі заманғы өнер мұражайының құрылысы қала мен елдің әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялануына ықпал ететін болады. Мұражай тарихи-мәдени құндылықтардың сақталуы мен экспозициясын үйлестіретін ғылыми-ағартушылық мекеме ғана емес, сонымен қатар бірқатар әлеуметтік маңызды міндеттерді шешеді. Олардың ішінде бос уақытты көркемдік ұйымдастыру, танымдық, ойын-сауық және көркемдік шығармашылық функцияларды біріктіру маңызды позициялардың бірі. Қазіргі заманғы өнер мұражайы, саябақ аймағы және Almaty Theatre кіретін осы шығармашылық кластер Алматы тұрғындары мен қонақтарын тартатын жаңа орынға айналады.

2025 жылдың соңына дейін бұрынғы трамвай депосының базасында «Depo-2022» креатив кластері бойынша жұмыстар аяқталады. Креатив индустриялар бизнесін жүргізудің өзіндік құнын қысқартуға бағдарланған және офистік-зертханалық инфрақұрылымды да, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық сала объектілерін де (апартаменттер мен қонақ үйлер) қамтитын инфрақұрылымдық объектілердің (конференц-залдар мен қазіргі заманғы дәрісханалар) теңгерімді жиынтығынан қалыптастырылатын жұмыс пен бос уақыт үшін жайлы орта құрылатын болады. «Depo-22» креативті индустриялар мен IT, эко және әлеуметтік бастамалар, заманауи өнер және инновациялық- технологиялық бизнес синергиясының орталығына айналады, сондай-ақ мамандандырылған көрме кеңістігі ұйымдастырылады,-дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтонбаев.

 

Қай нарықтың тәжірибесіне сүйенеміз?

Сонымен қатар өңірлік бірегейлікті, креатив сектор субъектілерінің көбірек шоғырлануын ескере отырып, бұған дейін Алматыда «Almaty Creative» интеграторын құрылған. Басқарманың сөзінше, мұндай құрылымның болуы креатив жобаларды қаржылық жағынан ынталандырып, консультациялық және заңгерлік көмек көрсетуге, шығармашылық әлеуетті дамыту бойынша кәсіби тренингтер өткізуге, кәсіптік бағдар беруге, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, гранттар төлеуге мүмкіндік береді. Оған қоса қосымша контент-маркетинг агенттігінің функциялары және шығармашылық индустриялар саласында аналитикалық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ объектілерді ұзақ мерзімді сенімгерлік басқаруға беру арқылы креативті хабтар мен кеңістіктерді басқару жоғарыда көрсетілген құрылымның басым функциялары болуы мүмкін.

Бұдан бөлек Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы 2025 жылдың соңына дейін бастапқы капиталы 20 миллиард теңгені болатын қалалық венчурлық қор құрылатынын айтты. Оның алдағы уақыттағы негізгі функциясы да сол, қаланың креатив индустрияларының экожүйесін дамытудың маңызды қатысушысы болады. Қордың инвестицияларына ие болатын креатив стартаптар әлемдік нарықта сұранысқа ие қазақстандық креатив өнімді жасап, әлемдік қоғамдастықта еліміздің танымал мәдени «брендін» қалыптастырады деп күтіледі. Сол себепті қордың инвестициял экспортының өсу әлеуеті барынша жоғары креатив өнімдер – кино, сахна өнері, музыка, цифрлық ойын-сауық, дизайн және сән секілді бес бағытқа шоғырланған.

Оңтүстік Кореяның 2025 жылға дейінгі табысты тәжірибесінің негізінде Алматыда «Креативті қала» атты жаңа онлайн краудфандинг платформасы енгізілетін болады, онда креативті экожүйе құрылады. Бұл платформа креатив қоғамдастықтардың болуы, жеке консультациялар, жалпықалалық және жеке жоспарларды талқылауға шығару мүмкіндігі және т.б. арқылы пікірі бір адамдардың күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. 2025 жылдың соңына дейін креатив тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортын ынталандыру және көрме іс-шараларына жұмсалатын шығындарды өтеу шараларын ұсыну мәселесі пысықталады. Бұл Қазақстан брендін халықаралық аренада тануға ықпал ететін болады. 2030 жылға дейін экспортты ынталандыру құралдарының желісі қажет болған жағдайда кеңейтіледі,-дейді басқарма басшысының орынбасары Қ. Нұрқасымов.

Жалпы креатив индустрияға жататын экономикалық қызметтің 43 түрі Үкіметтің 2023 жылдың 6 маусымындағы қаулысымен бекітілген болатын. Құжат бойынша, зергерлік бұйымдардан бастап компьютерлік ойындар жасауға дейінгі қызметтің барлығы дерлік креатив экономикаға жататын қызметті қамтып отыр.

 

Президент не деді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде бұл жөнінде негізгі бағыт-бағдарды айқындап: «Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау керек»,-деп атап көрсетті.

Жоғарыда атап өткеніміздей, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бір ғана Алматы қаласында 20,4 мың кәсіпорын креатив индустриялардың белсенді субъектілері саналған. 2017 жылдан бастап ақпараттық жүйелерді жобалау, бағдарламалық қамтамасыз етуді, веб-порталдарды әзірлеу, музыка, киноиндустрия, жарнама, маркетинг, білім беру және мәдениет салаларындағы қызмет те айтарлықтай өскенін көрсетті.

 

Қандай мәселелер бар?

Сонымен қатар газеттер, журналдар шығару және аударма қызметі сияқты дәстүрлі баспа салалары осы салалардың цифрлану трендіне байланысты төмендеді. Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, Алматыда 932 креатив кәсіпкерден алынған сауалнама креатив индустриялардың тиімді дамуына кедергі келтіретін бірқатар мәселенің бар екенін көрсетті.

1.  Дамыған инфрақұрылымның жетіспеуі. Кәсіпкерлердің 85%-ына жұмыс істеу үшін үй-жай қажет. Қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктерінің дамуына қарамастан, креатив кәсіпкерлер үшін бірлескен үйлесімді жұмыс маңызды.

2.  Бизнесті жүргізуде құзыреттілік деңгейінің төмендігі. 56%-ы креатив кәсіпкерлікті жүргізу дағдысын оқытуды, атап айтқанда бизнес-жоспар құруды және бизнесті дамыту стратегиясын айқындауды, бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізуді қажет етеді.

3.  Қаржыландыру тапшылығы. Қажеттіліктердің 31%-ы қаржыландыру тапшылығына тиесілі. Себебі қаржыландыруды қажет ететіндердің 35%-ы мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралдары туралы білмеген. Креатив индустриялардың ЭҚЖЖ басым салалар тізіміне кіретін қолдау бағдарламаларының (Almaty Business – 2025, «Даму КДҚ» АҚ кредит өнімдері) болуына қарамастан, осы жобаларды қаржыландыру барлық бөлінетін соманың кемінде 1%-ын құрайды.

4.  Білікті кадрлардың жетіспеуі. 10%-ы білікті кадрлардың тапшы екені көрсетті. Көптеген сарапшы Қазақстандағы білім беру саласының жаңа технологиялардың ену жылдамдығына ілеспейтінімен келіседі. Жасанды интеллект, бұлтты есептеулер және т.б. сияқты салаларда IT-кадрлардың тапшылығы байқалады. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап шілде айына дейін IT саласындағы бос орындар туралы хабарландырулар саны үштен бірге өскен.

5.  Креатив индустриялар өнімдерінің экспортын қолдау бағдарламасының болмауы. Креатив саланың кәсіпкерлеріне ауқымын кеңейту және халықаралық нарықтарға шығу үшін қорлар мен жеке инвесторлардың қолдауы, ритейлерлер үшін сату агенттерін іздеуге жәрдемдескен жөн. Әрі басқа елдердегі креатив кәсіпкерлік өкілдерімен байланыстарды дамыту қажет. Қолдау бағдарламасының болмауына қарамастан, IT-қызметтер экспортының өсуі де байқалады.

 

Түйін: Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының берген мәліметінше, қазір креатив индустрияның негізгі ошағы саналатын Алматыда креатив саланы дамытуға мүмкіндік көп. Тіпті алдағы уақытта жүзеге аспақ жоспарлар да қыруар. Бірақ саладағы білікті кадрлардың аздығы және қаржыландырудың тапшылығы аяққа тұсау болып отырғаны жасырын емес. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, дамыған елдердің креатив индустриядағы саясатынан үлгі алсақ, көп ұзамай, қазақстандық креатив кеңістіктің де елдегі экономиканың негізгі бөлігін құрауы әбден мүмкін. Қайткен күнде де креатив индустрияның экономикалық әлеуетін нығайту дамыған және дамушы елдердің алдында тұрған үлкен мақсат.

 

Фото: ortcom.kz