The Telegraph жариялаған PF Global зерттеуіне сүйенген Aikyn.kz британ жоғары білімінің шетелдік студенттерге тәуелділігі неге қаржылық тәуекелге айналғанын түсіндіреді.
Ұлыбритания университеттері ұзақ жылдар бойы шетелдік студенттерден түсетін табысқа сүйеніп келді. Олар жергілікті студенттермен салыстырғанда оқу ақысына жеті есеге дейін көп төлейді. Бірақ соңғы жылдары шетелден келетін білім алушылар саны күрт төмендеген.
Жоғары білім статистикасы агенттігінің мәліметінше, британ университеттеріндегі шетелдік студенттер саны 2022-2023 оқу жылындағы 758 мыңнан 2024-2025 жылдары 685 мыңға дейін азайған.
Бұл құлдырауға 2024 жылы енгізілген визалық шектеулер де әсер етті. Сол жылы шетелдік студенттердің көпшілігіне отбасы мүшелерін Ұлыбританияға бірге әкелуге тыйым салынды. Сонымен қатар АҚШ, Канада, Австралия және Жаңа Зеландия университеттерімен бәсеке күшейген.
PF Global сараптамасына сәйкес, соңғы онжылдықта негізгі студент көзі болған Қытай мен Үндістан нарығы «шегіне жеткен». Қытайда университет жасындағы жастар саны азаяды деп күтілсе, Үндістаннан келетін студенттер саны елдің демографиялық және табыстық әлеуетімен салыстырғанда қазірдің өзінде өте жоғары деңгейге жеткен.
Зерттеу әлемдік нарықтарды екі көрсеткіш бойынша бағалаған. Бірінші, студент ағынының тұрақтылығы және екінші, әрі қарай өсу мүмкіндігі. Осы екі талапқа бірдей сай келетін «өміршең аймаққа» небәрі тоғыз мемлекет кірген. Олардың арасында АҚШ, Ирландия және Италия бар. Бірақ бұл елдер университеттер жоспарлап отырған шетелдік студенттер санын 22,5%-ға арттыру мақсатының небәрі 7,3%-ын қамтамасыз ете алады.Сондықтан жоғары өсу әлеуеті бар, бірақ студент ағыны тұрақсыз нарықтарға назар аударуға тура келуде. Олардың қатарында Өзбекстан, Непал, Вьетнам, Зимбабве, Перу, Бразилия, Кот-д’Ивуар, Марокко, Сомали, Колумбия және Филиппин бар. PF Global директоры Джесс Листердің айтуынша, бұндай модель университеттердің қаржылық тұрақсыздығын одан әрі күшейтуі мүмкін.
«Жоғары білім шетелдік студенттердің ақшасына қатты тәуелді болған жағдайда, бұл сектордағы тұрақсыздық одан әрі артады», – дейді ол.
Мәселе қазірдің өзінде қиындаған. Ұлыбританияның Студенттер жөніндегі басқармасының болжамы бойынша, шетелдік студенттер саны өспесе, 2028-2029 жылдарға қарай жоғары оқу орындарының 58%-ы бюджет тапшылығына тап болуы мүмкін.
Universities UK ұйымы да биыл күзде оқуын бастаған жаңа шетелдік студенттер саны үш жыл бұрынғымен салыстырғанда шамамен 30%-ға азайғанын мәлімдеді.
Ұлыбритания үкіметі шетелдік студенттердің экономикаға қосатын үлесін мойындағанымен, университеттердің оларға шамадан тыс тәуелді болуын тұрақсыз бизнес-модель деп санайды. Осылайша британ жоғары білімі үшін басты мәселе енді студент санын көбейту ғана емес, күнде құбылып отырған халықаралық нарық жағдайда қаржылық тұрақтылықты сақтай алатын жаңа модель жасау болып отыр.
