Ауылда мәдениет үйінің болуы тұрғындардың концертке, театрға немесе музыкалық білімге толық қол жеткізе алатынын білдіре ме? Қазақстандағы мәдени инфрақұрылымның жағдайы, ауыл тұрғындарының пікірлері мен мемлекеттік жобаларға шолу.
Өнерге қолжетімділік: мәдениет тек қала тұрғындарына арналған ба?
179
оқылды

Ауылда жаңа мәдениет үйі ашылса, бұл – сол елді мекеннің тұрғындары үшін жақсы жаңалық. Балаларға арналған үйірмелер, концерттер, шығармашылық кездесулер өтетін орынның болуы ауылдың қоғамдық өміріне әсер етеді. Бірақ жаңа ғимараттың ашылуы мәдени қызметтің қолжетімді болғанын білдіре ме? Оның ішінде балаларға домбыра үйрететін, ән айтуды немесе би билеуді меңгертетін мамандар бар ма? Ал ауыл тұрғындары кәсіби өнер ұжымдарының концертін қаншалықты жиі көре алады?

Қазақстанда соңғы жылдары ауылдық жерлердегі мәдени инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Мәдениет үйлері салынып, кітапханалар жөнделуде. Дегенмен ауылдағы мәдени өмірдің сапасын тек ғимараттардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Өйткені мәдениет ошағының жұмыс істеуі үшін ғимаратпен қатар, кәсіби маман, қажетті құрал-жабдық және тұрақты шығармашылық жұмыс керек.

Он бес жылда не өзгерді? Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 3 912 қоғамдық кітапхана, 3 054 мәдени-демалыс ұйымы, 286 музей, 85 театр және 67 концерттік ұйым жұмыс істеген. 2025 жылы мәдени-демалыс ұйымдары 232,3 мың іс-шара өткізген. Театрлардағы қойылымдар саны 17,7 мыңға жетсе, концерттік ұйымдар 7,8 мың іс-шара ұйымдастырған.

Бұл көрсеткіштерді он бес жыл бұрынғы деректермен салыстырсақ, мәдени инфрақұрылымның кейбір бағыттарында өсім бар екенін байқаймыз. Мәселен, 2011 жылы елде 64 театр мен 216 музей болған. 2025 жылдың қорытындысында театрлар саны 85-ке, музейлер саны 286-ға жетті. Ал кітапханалар саны 2011 жылы 4 171 болса, 2025 жылы 3 912 қоғамдық кітапхана тіркелген.  Бұл сандар мәдениет саласындағы өзгерістердің бір бөлігін ғана көрсетеді. Театрлар мен музейлердің көбеюі мәдени инфрақұрылымның кеңейгенін білдіргенімен, олардың барлығы ауыл тұрғындарына бірдей қолжетімді деген сөз емес. Мәселен, театрлардың басым бөлігі ірі қалалар мен облыс орталықтарында орналасқан. Ауыл тұрғыны үшін театрға бару кейде арнайы жол жүруді, қосымша қаражат пен уақытты қажет етеді.

Әрине, құр сандармен толық картинаны көру мүмкін емес қой. Мысалы, мәдениет үйі есепте бар болғанымен, онда тұрақты үйірмелер жұмыс істемеуі мүмкін. Кітапхана ашық тұрғанымен, оның қоры мен қызмет көрсету мүмкіндігі шектеулі болуы ықтимал. Сондықтан нақты деректерді де сарапал көрейін.

Мәдениет үйі жоқ ауылдар. Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылының тұрғындары мәдениет үйін қайтару мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Qonaev TV телеарнасының 2026 жылғы 13 қарашадағы материалында ауылдағы мәдениет үйінің 1999 жылы жекеменшікке өтіп кеткені айтылады. Қазір ғимарат басқа мақсатта пайдаланылып отыр. Тұрғындардың сөзінше, балалардың музыкалық сабақтары жертөледе өтеді, ал өнер ұжымдары дайындық жасауға тұрақты орын таба алмай жүр. Жергілікті әкімдік өкілінің айтуынша, ғимарат иесі оны 160 миллион теңгеге сатуды ұсынған, алайда бюджетте мұндай қаражат болмаған.

Осындай мәселе Алматы облысындағы Ақши ауылында да көтерілген. 31 телеарнасының 2023 жылғы 24 қазандағы Informburo сюжетінде ауылдың бұрынғы мәдениет үйі тоқсаныншы жылдардың соңында жекеменшікке өткені, кейін жұмысын тоқтатқаны баяндалады. Тұрғын Тұмар Алтайованың айтуынша, ауыл адамдары концерт көру үшін Маловодное немесе Есік жаққа баруға мәжбүр. Бірақ көлігі жоқ адамдардың бәріне бірдей мұндай мүмкіндік бұйыра бермейді. Ал балаларды үйірмеге қатыстыру үшін ата-аналар оларды көрші ауылдарға апарып, кеш қайтатындарына алаңдайды.

Ғимараттан кейінгі мәселе – маман. Ауылдық мәдениет мекемелеріне қатысты тағы бір өзекті мәселе – кәсіби кадрлардың тапшылығы. Біз Абай облысындағы ауылдардың бірінде тұратын Ерлан Маратұлымен әлеуметтік желі арқылы сөйлестік. Оның айтуынша, соңғы жылдары ауылдарда жаңа мәдениет үйлері салынып, бұрынғы ғимараттар жөнделіп жатыр. Алайда негізгі мәселе ғимараттың бар-жоғында емес, сол жерде жұмыс істейтін мамандардың тапшылығында.

«Мүмкін, қателесетін шығармын, бірақ шағын ауылға білікті мамандар бара ма? Кейде бір ауылдағы мәдениет үйінің басшысы да, үйірме жетекшісі де, тіпті күзетшісі де бір адам болып шығады. Үлкен қалаларда бірнеше үйірме жұмыс істейтінін естиміз. Ал кейбір ауылдарда домбыра үйірмесін домбыраны өзі де жақында үйренген адам жүргізіп жүреді. Мұндай жағдайда білім беру сапасы қандай болмақ? Жастар облыс орталығынан ауданға барғысы келмейді, аудан орталықтарының өзінде маман жетіспейді. Шағын ауылдардағы жағдайды осыдан-ақ түсінуге болады. Дегенмен алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табады деп сенеміз», – дейді ол.

Ерлан Маратұлының пікірі ауылдағы мәдениет мекемелерінің жұмысын бағалауда кадр мәселесін де ескеру қажеттігін көрсетеді. Мәселен, домбыра үйірмесінің ашылуы – өз алдына жақсы бастама. Бірақ оны жүргізетін маманның кәсіби дайындығы, орындаушылық деңгейі мен балаларға білім беру тәжірибесі де маңызды. Өйткені үйірмеге қатысқан баланың алған білімі мен өнерге деген қызығушылығы тікелей жетекшінің жұмысына байланысты.

Мәдениетке қолжетімділік мәселесінде балалардың жағдайына ерекше назар аудару керек. Қалада тұратын бала музыкалық мектепке, өнер студиясына немесе шығармашылық орталыққа бірнеше бағыттың ішінен таңдау жасап бара алады. Ал шағын ауылда мұндай мүмкіндік әрдайым бола бермейді. Ауылдық жерлерде домбыра, вокал, би немесе қолөнер үйірмелері ашылған күннің өзінде олардың тұрақты жұмыс істеуі жетекші маманның болуына байланысты. Кейде бір маман бірнеше бағыттағы жұмысты қатар атқарады. Мұндай жағдайда үйірмелердің саны қағаз жүзінде көрсетілгенімен, олардың жұмыс кестесі мен сабақ сапасы әртүрлі болуы мүмкін.

Баланың өнерге қызығушылығы ерте қалыптасады. Егер ауылда домбыра үйрететін маман болмаса, ата-ана баласын аудан орталығына апаруға мәжбүр. Бұл жол шығыны мен уақытты қажет етеді. Әсіресе солтүстік, орталық, шығыс облыстарда ауыл мен аудан орталығының арасы алыс болса, баланың үйірмеге тұрақты қатысуы қиындайды. Осылайша өнерге қолжетімділік баланың қабілетіне ғана емес, отбасының әлеуметтік және материалдық жағдайына да тәуелді болуы мүмкін.

Мемлекеттік қолдау және жаңа жобалар.Соңғы бес жылда ауылдық мәдениет инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған жұмыстар бірнеше өңірде жүзеге асты. Жаңа мәдениет үйлері салынып, бұрынғы ғимараттар күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымына қомақты қаржы бөлінді. Ал «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы мәдениет саласының мамандарын ауылдарға тартуға мүмкіндік берді. Бұл жұмыстардың ауқымы мен нәтижесін төмендегі көрсеткіштерден көруге болады.

Келтірілген деректер ауылдық мәдениет нысандарын салу және жаңарту бағытында нақты жұмыстар жүргізілгенін көрсетеді. Дегенмен ғимараттың пайдалануға берілуі ондағы мәдени қызметтің сапалы әрі тұрақты болуына кепілдік бермейді. Ауылға барған маманның сол жерде қанша уақыт жұмыс істейтіні, мәдениет үйінде қандай үйірмелер ашылғаны және олардың қаншалықты жүйелі жұмыс істейтіні де маңызды. Сондықтан ауыл мәдениетін дамытудағы келесі міндет – салынған нысандарды білікті мамандармен қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін тұрақты шығармашылық орта қалыптастыру.

Қазақстанда мәдениет нысандарының саны артып, ауылдық жерлерде жаңа ғимараттар салынып жатыр. Бұл – маңызды жұмыс. Бірақ ауыл тұрғындары үшін мәдениетке қолжетімділік жаңа ғимараттың ашылуымен ғана өлшенбейді. Оның ішінде балаларға арналған үйірмелер жұмыс істеп, кәсіби мамандар сабақ беріп, тұрғындарға концерттер мен шығармашылық кездесулер тұрақты ұсынылуы қажет. Әрине, қала мен ауыл тұрғындарының мәдени өмірге араласу мүмкіндігі бірдей болуы тиіс. Ауыл баласы да домбыраны кәсіби маманнан үйреніп, сахнаға шығып, театр қойылымын көріп, өнер жолын таңдауға мүмкіндік алуы керек. Ол үшін ауылдағы мәдениет үйі тек ғимарат ретінде емес, күн сайын жұмыс істейтін, мамандары бар, шығармашылық орта қалыптастыратын мекеме болуы қажет деп есептейміз.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына  белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.