Ұзақ жылдардан бері жалғасып келетін санкциялардан шаршаған Тегеран «тиімді сауда» саясатына көшетін сияқты. АҚШ пен Иран өкілдері ертең (17 ақпан) Женевада кездеседі.
Иранның мұнайын кім сатып алады?
АҚШ пен Израиль Иранның уранды байыту бағдарламасын ядролық қару жасауға апаратын жол деп қарайды. Фото Reuters сайтынан алынды
114
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Иранмен шиеленісте сауда мен экономикалық пайданың орнын бағалайды.

Ресей мен Украина соғысын тоқтатуға жұмылдырылған Дональд Трамптың екі сенімді өкілі енді Иранмен де келіссөздерді жүргізетінге ұқсайды. Жұма күні бір дереккөз Reuters-ке құрамында Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер бар АҚШ делегациясы сейсенбі күні (17 ақпан) Женевада ирандық ресми тұлғалармен кездесетінін айтқан. Жексенбі күні бұл кездесуді жоғары лауазымды ирандық шенеунік те растаған.

«Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер сапарда болады. Меніңше, қазір олар жолда. Маңызды кездесулер бар, оның немен аяқталатынын көреміз», – деген еді Марко Рубио да.

2015 жылғы ядролық келісімге апарған келіссөздер көпжақты форматта болса, қазіргі келіссөздер Иран мен АҚШ арасында ғана жүріп жатыр. Ал Оман арағайын ретінде қатысуда. Иран Сыртқы істер министрлігі мәлімдегендей, сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Женеваға АҚШ-пен ядролық келіссөздерге және МАГАТЭ басшысымен әрі өзге де ресми тұлғалармен кездесуге ұшып кеткен.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Маджид Тахт-Раванчи жексенбі күні BBC-ге берген сұхбатында Иран санкциялар алынса, өзінің ядролық бағдарламасы бойынша ымыраға келуге дайын екенін білдірді. Оның айтуынша, «енді доп Американың жағында, мәміле жасағысы келетінін олар дәлелдеуі керек».

АҚШ пен Израиль Иранның уранды байыту бағдарламасын ядролық қару жасауға апаратын жол деп қарайды. Иран болса, бұндай қару жасауға ұмтылмайтынын айтуда. АҚШ Иранға экономикалық қысымды да күшейтіп жатыр. Өткен аптаның басында Ақ үйдегі кездесуде Трамп пен Израиль премьер-министрімен кездесуде АҚШ Иран мұнайының Қытайға экспортын қысқарту бағытында жұмыс істейтіні келіскен.

Қытай Иран мұнайы экспортының 80%-дан астамын сатып алады, сондықтан бұл сауда көлемі қысқарса, Иранның мұнайдан түсетін кірісі айтарлықтай төмендейді. Бұл елдің ішкі саяси тұрақтылығына тікелей әсер ететін болады.