Оңтүстік Калифорния университеті (USC) Бейонстің миллиардтаған долларлық бизнес-империясын зерттейтін арнайы курс енгізді. 2027 жылдың қаңтарында басталатын бағдарламаға қызығушылықтың жоғары болғаны соншалық, тіркеу ашылғаннан кейін барлық орын бірден толған.
Әлем жұлдызының бизнес империясы магистратурада оқытылады
«The Business of Beyoncé» атты MBA курсына тіркелу Бейонстің Renaissance World Tour билеттерінің алдын ала сатылымынан да жылдам аяқталған. Фото vanityfair.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / From Kevin Mazur
126
оқылды

Los Angeles Times басылымына сүйенген Aikyn.kz әлемге әйгілі жұлдыздың кәсіпкерлік тәжірибесі бизнес-мектепте қалай оқытылатынын және студенттер одан қандай сабақ алатынын талдайды.

Оңтүстік Калифорния университетінің Marshall бизнес мектебі «The Business of Beyoncé» (Бейонстің бизнесі) атты жаңа пәнді MBA оқу бағдарламасына қосты. Курсты бизнес, білім беру және мемлекеттік саясат салаларының профессоры Шон Харпер әзірлеген. Сабақтар көктемгі семестрде әр дүйсенбі сайын үш сағатқа жуық уақыт өтеді.

Los Angeles Times мәліметінше, курсқа тіркелу Бейонстің Renaissance World Tour билеттерінің алдын ала сатылымынан да жылдам аяқталған. Студенттер Бейонстің Destiny’s Child тобындағы алғашқы қадамынан бастап, жеке шығармашылық карьерасын және халықаралық бизнес желісін қалыптастыруға дейінгі кезеңдерді зерттейді.

Негізгі назар оның музыкалық табысына ғана емес, бизнес шешімдеріне бұрылған. Атап айтқанда, студенттер Parkwood Entertainment продюсерлік компаниясының, Cécred шаш күтімі брендінің, SirDavis виски маркасының және Ivy Park киім желісінің даму тарихын талдайды. Әншінің серіктестік орнату, өз өнімдеріне иелік ету, маркетинг жүргізу және шығармашылық тәуелсіздігін сақтау стратегиялары да қарастырылады.

Профессор Шон Харпердің айтуынша, бұл Бейонстің жанкүйерлеріне арналған клуб емес. Студенттер қаржылық есептерді, нарықтық үрдістерді және нақты бизнес шешімдерін зерттеп, оларды болашақ кәсіби қызметінде қолдануды үйренеді.

Курста дәстүрлі емтихандармен қатар ерекше шығармашылық тапсырмалар қарастырылған. Мәселен, алғашқы жұмыстардың бірі «BeyEssay» деп аталады. Студент өзі туралы ең дәл сипаттама береді деп есептейтін Бейонсе әнін таңдап, себебін түсіндіруі керек. Ал қорытынды тапсырмада студенттер әншінің бизнес кеңесшісі рөлін атқарады. Олар Бейонске тікелей ұсынылатындай етіп, 700-1000 сөзден тұратын стратегиялық кеңес әзірлейді.

Бағдарлама тек Бейонстің тәжірибесімен шектелмейді. Студенттер BTS, NSYNC және басқа музыкалық топтардың даму жолы мен шығармашылық индустриядағы тәуекелдерді де зерттейді.Профессор Харпердің айтуынша, жетекші бизнес-мектептерде оқытылатын кейстердің басым бөлігі дәстүрлі түрде ер кәсіпкерлер мен компания басшыларының тәжірибесіне негізделген. Ғалым әйел кәсіпкерлердің, әсіресе афроамерикалық әйелдердің жетістіктері де іскерлік білім беруде лайықты орын алуы керек деп есептейді.

Бейонстің бизнес стратегиялары бұған дейін де академиялық ортада зерттелген. Оның 2013 жылы жаңа альбомын алдын ала жарнамасыз шығаруы 2014 жылы Гарвард бизнес мектебінің арнайы кейсіне айналған.

Оңтүстік Калифорния университетінің Ноулз отбасымен байланысы бұнымен шектелмейді. Бейонстің сіңлісі Соланж Ноулз 2025 жылы USC Thornton музыка мектебіне шақырылған профессор атанды. Ол 2027 жылдың күзінде музыкалық және мәдени кураторлық бойынша сабақ беруді жоспарлап отыр.

Бейонске арналған MBA курсы қазіргі бизнес білімінің өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бүгінде кәсіпкерлік тәжірибені тек ірі корпорациялардың басшыларынан емес, шығармашылық қабілетін табысты брендке айналдыра алған өнер адамдарының қызметінен де үйренуге болады.